Атырау облысындағы уақытша қамалған әр азаматқа күніне 1629 теңгенің тамағы беріледі

1835
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысындағы уақытша қамалған әр азаматқа күніне 1629 теңгенің тамағы беріледі,  деп хабарлайды «Адырна» тілшісі goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты "Атырау облысының Полиция департаменті" мемлекеттік мекемесі аудандық полиция бөлімдерінде уақытша қамалған күдіктілер мен айыпталушыларға бюджеттің ақшасына ыстық тамақ әперу үшін жыл басынан бері бірнеше тендер өткізген.

1. Қызылқоға аудандық полиция бөлімі үшін арнайы дайын ыстық тамақ сатып алу, техникалық сипаттамаға сәйкес - 548 989.85 теңгеге - 337 адам (тендер жеңімпазы 12 қыркүйек күні анықталады)

2. Құрманғазы аудандық полиция бөлімі үшін арнайы дайын ыстық тамақ сатып алу, техникалық сипаттамаға сәйкес - 936 703.75 теңгеге - 575 адам (Жеке кәсіпкер "Шайхана" ұтып алған)

3. Исатай аудандық полиция бөлімі үшін дайын ыстық тамақ сатып алу, техникалық сипаттамаға сәйкес - 726 556.30 теңгеге - 446 адам (Жеке кәсіпкер "Ж.Уайсова" ұтып алған)

4. Жылой аудандық полиция бөлімі үшін дайын ыстық тамақ сатып алу, техникалық сипаттамаға сәйкес - 397 488.20 теңгеге - 244 адам (Жеке кәсіпкер "Сексембаева К.Е" ұтып алған)

5. Индер аудандық полиция бөлімі үшін дайын ыстық тамақ сатып алу, техникалық сипаттамаға сәйкес - 1 032 817.70 теңгеге - 634 адам (Жеке кәсіпкер "Бердигалиева Г" ұтып алған)

6. Мақат аудандық полиция бөлімі үшін дайын ыстық тамақ сатып алу, техникалық сипаттамаға сәйкес - 542 473.65 теңге - 333 адам (Жеке кәсіпкер "Адай" ұтып алған).

Техникалық сипаттама "Жеткізілетін ыстық тамақ сәйкестік сертификаты бар азық-түліктерден дайындалуы тиіс екені, тоқсан сайын дайын өнімге бактериологиялық зерттеулер жүргізілетіні жазылған.

Уақытша қамалған азаматтар қандай тамақ ішеді? Тендердің ақшасына нанның екі түрі, макарон, күріш, жүгері, қарақұмық, сұлы, арпа, тары, аршылған бұршақ жармалары, картоп, жаңа піскен қырыққабат, пияз, сәбіз, қияр, қызанақ, қызылша, томат пастасы, жеміс-жидек шырыны, жаңа піскен жемістер, цитрус жемістері, кептірілген жеміс-жидектер, қант, 1 санатты ет, жаңа піскен жемістер (алма), цитрус жемістері (лимондар), кептірілген жеміс жидектер (кептірілген алма), қант (құмшекер), 1- санаттағы ет, 1 санатты тауық (ішек-қарны жартылай тазартылған, 1 санатты субпродуктілер (буыр, өкпе), бассыз жас балық (мұздатылған), тұздалған балық (май шабақ), пастерленген сүт (майлылығы 2,5 %), сиыр майы (майлылығы 72 % және одан жоғары), 1- санаттағы тауық жұмыртқасы, т.б тамақтар сатылып алынатыны көрсетілген.

Сондай-ақ, уақытша қамаудағы азаматтарға күніне үш рет (таңғы сағат 08-30 мин. 9-30-ге дейін; түскі ас сағат 14-00 мин. 15-00 мин дейін; кешкі ас 19.00-мин. 20-00-ге мин. дейін) тамақ беріледі. Яғни, біздің есептеуіміз бойынша жоғарыда көрсетілген талаптарға сай бір рет тамақтанудың құны - 543 теңгені құрайды деген сөз.

Енді бізді мына сұрақ мазалайды... "Атырау облысының Полиция департаменті" мемлекеттік мекемесі жыл соңына дейін Қызылқоға ауданында - 337, Құрманғазы ауданында - 575, Исатай ауданында - 446, Жылой ауданында 244, Индер ауданында 634, Мақат ауданында - 333 азаматтың уақытша қамауда болатынын қайдан біледі? Бұл сандардан күдікті, я айыпталушылардың саны асып кетсе, олар тамақсыз аш қала ма? Иә, жоспарланған межеге адам саны жетпей қалса, оның қаржысы бюджетке қайтарыла ма?

Қанат Бірлікұлы
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер