“Одақтастық деңгейіндегі ынтымақтастық”. Тоқаев Рахмонды құттықтады

1467
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президентіне құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Эмомали Рахмонды және тәжік халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Ақордаға" сілтеме көрсете отырып. 

 – Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ынтымақтастық жаңа мән-мазмұнға ие болды және байланыстарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне толық сай келеді, – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты қарым-қатынасы алдағы уақытта екі елдің игілігі мен мүддесі үшін нығая беретініне сенім білдірді. Эмомали Рахмонның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Тәжікстан халқына бақ-береке тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2023 жылы 25-26 тамызда Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға жұмыс сапарымен арнайы келді. Тоқаев Астана әуежайында Рахмонды қарсы алды. Эмомали Рахмон Қазақстан Президентіне қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдірді. Қос елдің президенттері алдымен шағын құрамда, одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

26 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон 2022 жылы салынған Астананың Бас мешітіне бас сұқты. Сонымен қатар, қазақстандықтардың ерекше "ықыласы ауған" тауарлар көрмесін ашып, Тәжікстан өнімдерін тамашалаған еді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер