"Тегін туды сатты". Футбол ойынында "ауадан ақша жасаған" көрермендер болған

1828
Adyrna.kz Telegram

Барша қазақстандықтарды күттірген футбол ойыны 7 қыркүйекте елордада өткен болатын. Матчта тартысты бәсекені айлап күткен футбол сүйер қауыммен бірге, ойынды пайдаланып, "қосымша ақша" жасаған азаматтар болған, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

7 қыркүйекте "Астана Арена" стадионында Финляндия құрамасына қарсы Қазақстан құрамасының футбол матчы өтті. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық құрама финдердің пайдасына 0:1 есебімен жеңілді. Алайда, жанкүйерлер жеңіліске ғана ашулы емес. Футбол көруге келген көрермендер іс-шарада қосымша ақша тауып үлгерген азаматтарға да ашуланып, көңілі қалғандарын айтуда.

Қазақстандық құрама үшін Еуро-2024 іріктеу матчының барлық билеттері тамыз айында толық сатылып кеткен. Алайда іс-шараға келуші әрі туризм саласының маманы Нұрика Ошақбаева Facebook парақшасында билеттердің бір бөлігін матч алдында сатуды шешкен дилерлер өте қымбат бағамен сатқан. Нұриканың айтуынша, құны бір жарым-екі мың теңге болатын билетті шынайы жанкүйерлер ондаған есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болған.

Футбол ойынын тамашалауға келгендердің арасында тегін дүниеден ақша жасағандар да анықталды. Кей жанкүйерлер әзілкеш, тележурналист Нұрлан Қоянбаев таратқан тегін туды сатумен айналысқан. Ойынды пайдаланып, көк байрақты 3-4 мың теңгеге сатқаны белгілі болды. Бұл туралы Нұрика Ошақбаева өзінің әлем желідегі парақшасында бөлісті.

"Екінші, стадион алдында мемлекеттік туды 3-4 мың теңгеге сатып жатқандарды көрдім. Бұл жалаушаны Нұрлан Қоянбаев футбол федерациясымен бірлесе отырып, стадионға ілу үшін тегін таратқан. Алайда ерте келген көрермендер жалауларды жинап алып, матч басталар алдында оны да сатты. Айтарға сөзім жоқ!" - деді.

Ал Нұрлан Қоянбаев таратылған көк туды арнайы Түркиядан, Қытайдан тіктіртіп, стадионның әдемі болуы үшін ойластырылған іс екенін айтады.

"3 ай бұрын дайындалдым. Қазақстан құрама командасы ойындары күзде болатынын білемін. Көк туларды сатып алып таратайын дегенмін. Қарасам, Қазақстанда ондай жоқ екен. Бір дүкенде 100-і бар, екінші дүкенде 70-і бар. 30 мың, 20 мың жоқ екен. Шетелден тапсырыс беріп тіктірттік. Жан-жақтан тіктірттік. Алматыдан да, Түркиядан да, Қытайдан да тіктірттік. Кеше алып келдік. Зорға үлгердік. 20 мың ту тараттық. Жолымен 50-60 мың доллар кеткен шығар. Қазақстанның стадионы әдемі болсын деген арманым болды", – дейді Нұрлан Қоянбаев.

Пікірлер