Донбассқа барып, соғысты қолдаған. Қазақстандықтар ресейлік әзілкештердің кешінің өтпеуін талап етуде

3249
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Ресей әзілкештері Азамат Мұсағалиев пен Денис Дорохов Донецк облысындағы (ДХР) Саур-Могила мемориалдық кешенінде Донбассты азат етудің 80 жылдығына арналған концертке қатысты. Бұл туралы NEXTA Live телеграм арнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Желіде «Камызяки» КВН командасының мүшелері концерттен кейін жергілікті тұрғындарға амандық тілеп, сөз сөйлеген видеосы пайда болды.

Кейін әзілкештердің жазылушылары олардың ДХР аумағына сапарын әртүрлі қабылдады. Азамат Мұсағалиев пікірлерді жауып тастағандықтан, жазылушылар Денис Дороховтың жазбасының астына осы сапарға қатысты өз пікірлерін қалдырады. Қазірдің өзінде мыңнан астам пікір бар.

Біреулер әртістерді қолдайды, енді біреулер оларды «сатылушылар» деп атайды.

Қазақстандық көптеген жазылушылар Камызяков командасы қазан айының басында жоспарлаған Астана мен Алматыдағы концерттердің тоқтатылуын талап етуде.

«Қазақстанға келмеңдер», «Қазақстанда сізге және Азаматқа жол жабық!!!», «Алға Қазақстан! !! Өз басым сенің еліме келуіңе қарсы боламын!», «Азаматтан күткен жоқпыз», деген пікірлер көп.

Сондай-ақ, белгілі тележүргізуші Алмас Алтай Facebook парақшасына Донбассқа барып, ресейдің басқыншылық соғысын әділ майдан ретінде дәріптеп жүрген әзілкештердің концерті өтпеуін талап етті.

"Иә, қаным қазақ. Алайда, мен Ресейде тудым, менің Отаным - Ресей. Мені "этникалық қазақ" деп қазаққа тартудың еш мағынасы жоқ, мен орыспын.

Қазақстанда жанкүйерлеріміз көп, мен бұған қуанам. Алайда, Қазақстанға деген сезімім сол Белорусьқа деген сезімнен артық емес..." депті Азамат Мусагалиев деген сайқымазақ "қазақ".

Жетінші қазан күні осы жігіттер Астанада концерт бермек көрінеді. Билеттер 22 000 - 45 000₸ аралығында. Донбассқа барып, ресейдің басқыншылық соғысын әділ майдан ретінде дәріптеп жүрген бұндайларға Астана сахнасында орын болмауы керек! Жеңіс Қасымбек, бар болсаңыз, дереу тоқтатыңыз!”, деп жазды ол.

Пікірлер