Баланың миы шайқалған. Рудныйда мас ер адам жасөспірімдерге тиіскен

1750
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Қостанай облысы Рудный қаласында мас ер адам спорт алаңында жасөспірімдерге шабуыл жасады. Бұл туралы Қостанай облысының Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мәлімет бойынша, 10 қыркүйек күні 13 жастағы жасөспірімдер футбол ойнап жүргенде, ойын алаңына мас ер адам кіріп кеткен. Шығып кетпек болған балаларды мас қала тұрғыны қуып жетіп, тізесі мен жақ тұсынан соққы берген. Баланың миы шайқалып, ауруханаға жеткізілді. Қазір бала дәрігер бақылауында.

Рудный қаласының полициясында ҚР ҚК 293-бабы "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың максималды санкциясы екі жылға бас бостандығынан айыруды көздейді. Кәмелетке толмаған баланы ұрған ер адам медициналық айықтырғышқа орнатылып, қамауға алынды. Жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Тергеу шеңберінде сараптамалар тағайындалды және қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазіргі уақытта баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, делінген хабарламада.

Пікірлер