Қазақстанда үй алу мен пәтер жалдау бағасы артты

1539
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, бір жыл көлемінде жаңа тұрғын үйлер бағасы 4,4% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағасы 2,9% төмендеді. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды.

Тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы тамызда 17% артқан.

Жыл көлемінде үйлер Ақтауда – 18%, Семейде – 16%, Павлодарда -  15,5% қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары тұр. Ал тұрғын үйді жалға беру нарығында – Көкшетау (37,9%), Қонаев (36,1%), Ақтөбе (34,7%) қалалары алдыңғы орынға шықты.

Тамызда шілдеге қарағанда жаңа тұрғын үй бағасы өзгеріссіз қалды, пәтерлерді қайта сату 1,8% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі шілдемен салыстырғанда тамызда 2,3% өсті.

Статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері қазақстандықтар 38 810 үй сатып алған. Бұл жыл басынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш есептеледі. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 10 141 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 669 мәміле жасалды. 2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда (34 225) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 13,4%-ға өсті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер