Ким Чен Ын Путинмен кездесу үшін «Восточный» ғарыш айлағына келді

1638
Adyrna.kz Telegram
Фото: KCNA/KNS/AP Photo
Фото: KCNA/KNS/AP Photo

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу үшін Амур облысындағы «Восточный» ғарыш айлағына барды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

БАҚ беттеріндегі ақпаратқа сүйенсек, Солтүстік Корея басшысы Ресей басшысының шақыруымен барған.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлағандай, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Путин мен Ким Чен Ын арасындағы келіссөздерге қатысады.

Интерфакс агенттігі Путин мен Кимнің ғарыш айлағындағы бірнеше нысанды тексеріп, одан кейін келіссөз жүргізетінін жазды. 

Кездесу барысында екі мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени алмасуларды талқылайды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі жағдай туралы пікір алмаспақ. 

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко КХДР басшысының Ресейге сапары барысында Хасан станциясынан (Ресей) Кореяның Раджин портына дейінгі теміржолды жаңғырту жобасын жүзеге асыру тақырыбы көтерілуі мүмкін екенін мойындады.

Бір күн бұрын Ким Чен Ын Ресейге төрт жылдағы алғашқы сапарын Солтүстік Корея мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық қарым-қатынастардың маңыздылығын көрсету деп атады.

Бұған дейін КХДР Оңтүстік Кореяға ядролық соққы беруді имитациялайтын жаттығулар өткізген.

Пікірлер