Қарағандыда бас есепші науқас қызын емдету үшін мемлекет қаржысын жымқырған

1564
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды ​​облысындағы балабақшалардың бірінде бас есепшісі жеке шотына 24 миллион теңгеден астам ақша аударғаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Бюджет қаражатының ұрлану фактісін ҚР ІІМ Экономикалық тергеу департаментінің мамандары анықтаған. Тергеу барысында олар Қарқаралыдағы «Еркетай» балабақшасының бас есепшісінің 2021-2022 жылдар аралығында екі жылға жуық бюджет қаражатын жымқырғаны белгілі болғаны айтылды. Балабақшаның бас есепшісі негізсіз жоғары жалақы мен демалыс ақысын жеке шотына аударып отырған. Осылайша, бүкіл кезең ішінде ол өзінің жеке шотына 24 196 411 теңге жинап үлгергені анықталып отыр.

Бас есепшінің туғаннан аутизмнің ауыр түріне шалдыққан, яғни I топтағы мүгедек қызы бар екені белгілі болды. Әйел кінәсін мойындап, жымқырылған ақшаны баласының емі мен бұрын алынған қарыз, несиелерін жабуға жұмсағанын айтқан.

Облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша жедел уәкілі:

"Тергеу барысында бас есепті 2021-2022 жылдар аралығында бюджет қаржысын жалақы және еңбек демалысының ақысы ретінде негізсіз өзінің карталары мен есепшоттарына аударып отырған. Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық сотының шешімімен бас есепші кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталды. Жазасын ол ҚК-тің 74-інші бабына сәйкес 5 жылдан кейін өтейді.",- деді Зарина Құсманова.

Күдікті 6 жылға сотталды. Жазасын баласы 11 жасқа толған соң өтейді. Мұнымен қоса ол 24 млн теңгені мемлекетке қайтаруы тиіс.

Пікірлер