Қарқаралы ауданының әкімі халқын Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығымен құттықтады

1741
Adyrna.kz Telegram

Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдық мерейтойында сөз сөйлеп, халқына алғыс білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Аудан әкімі мерейтой аясында сөз сөйлеп, мәдени-рухани бағыттағы іс-шараның мән-маңызына тоқталды:

- Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдық мерейтойы өзіміз жоспарлағандай, мәдени-рухани бағытта, мәні мен сәні жарасып, мазмұны мен маңызы үйлесіп, ұйымшылдықпен өтті. Ел мен жер тарихын қаузап, Қарқаралыны ән мен жырға бөлеген мерейтойға атсалысқан барша қауымға алғыс айтқым келеді.

Иә, басында “Той - қазақтың қазынасы” деген таптаурын жол, үйреншікті әдетпен ақшаңқан үй тігіп, аламан бәйге жасап, боз кілемде балуан күрестіріп ұлан-асыр той өткізсек деген ұсыныс болды. Қарастырдық, ойландық-толғандық. Соңында одан бас тарттық. Артық шығынсыз, дабыра-даңғазасыз да мәнді шара, мазмұнды той өткізуге болатындығын көрсетсек дедік. Ең басты мақсатымыз - тарлан тарихымызды түгендеу, тұлғаларымызды ұлықтау, саф таза ұлттық өнеріміз бен мәуелі мәдениетімізді насихаттау, кейінгі жастарға үлгі-өнеге ету бола-тұғын.
Оған қол жеткіздік пе, әлде жоқ па ол жағын тойға келген қарасы қалың қауым мен патша көңілді көрермен айта жатар…
Ал, мен қазір алғысымды айтқым келеді. Бөле-жармай барлығыңызға, досқа да, басқасына да…

Алдымен, Қоянды жәрмеңкесі мерейтойының дұрыс ұйымдастырылуына айрықша қолдау көрсеткен облыс әкімі Ермағамбет Қабдулаұлына зор алғысымызды білдіреміз. Өңір басшысы басынан аяғына дейін мерекелік шараны дайындау, оны өткізу барысын өзінің жеке бақылауында ұстап отырды.

Сондай-ақ осы шара өтеді деп естіген сәттен ағалық ақылын, үлкен қолдауын көрсеткен Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлына інілік ілтипатымды білдіргім келеді. Белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, меценат Бақтыбай Жолжақсыұлына, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының, ауданымыздың Құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызына, ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері, адуынды ақын Серік Ақсұңқарұлы ағамызға, аймағымыздың патриот азаматы, белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Нұрлан Қалтаев досымызға әр уақытта туған жер тағдырына алаңдап, жанашырлық танытып жүретін өзге де тілеулес азаматтарға ақ пейіл, адал ниеттері үшін алғысымыз шексіз.

Бөкетов университеті ұжымына, тарих факультетіне алғыс айтамыз. Астанадан ат арытып жеткен Сатай Сыздықов ағамыз, аса қадір тұтатын Нұрсахан Ахметқызы, Рымбек Жұмашев, Гүлнар Смағұлова, Жамбыл Жұмабеков, Әділет Жағыпар және басқа да тарихшылар қауымына зор алғыс.

Сонымен бірге “Қыр баласы” қоғамдық қорының басшысы, белгілі алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайға, Әлихан Бөкейхан атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұшқын Сейдірахманға, E-History порталының бас редакторы, белгілі журналист Алтынбек Құмырзақұлына ерекше ілтипатымды білдіргім келеді.

Мерейтойдың көркін қыздырған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының басшысы Құрман Қалымовқа, талантты режиссер Айдын Салбан бауырымызға, облыстық “Арқа сазы” фольклорлық ансамбліне, “Аққу” фольклорлық-хореографиялық би ансамбліне, “Ақниет” ардагерлер ансамбліне, “Арай” квартетіне ризашылығымды айтамын.

Бүгінгінің айтулы ақындары мен әйдік әншілерінің басын қосып, жәрмеңке алаңын ән думанға бөлеген Жанат Жаңқашұлы мен Асхат Қажытай мырзаларға, тарихи-этнографиялық көрме әзірлеген облыстық, аудандық тарихи-өлкетану мұражайларына алғысымыз зор.

Халықты әсем әнмен баураған Құрмаш Ыбышев, Гүлмира Тапай, Арайлым Жукенова, Ришад Шабденов, Медет Осатаев, Дәулет Сағатов, Нұрлытаң Саятқызы, Қуандық Төкенов, Нұрболат Еренғайыповтарға ыстық ықыласымды жеткіземін.

Мерейтойдың басы-қасында жүрген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмекенов әріптесіме, облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов мырзаға, облыстық бейнелеу өнері мұражайының, аудан өнерпаздарына, көрмеге қатысқан барлық ауылдарға үлкен алғысымызды білдіреміз.

Ерекше алғысымды облыстық “Saryarqa“ теларнасының басшысы Берік Дүйсетаевқа, белгілі журналист Әшімхан Жампейісовке, телеарна ұжымына айтқым келеді. Қоянды жәрмеңкесінің тарихына арналған мазмұнды деректі фильм жасап, көрерменге тарту етті. Шын мәнісінде, мерейтой аясында атқарылған айтулы жұмыстың бірі осы фильм болды.
Сондай-ақ өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум туралы ұсынысымызды бірден қабыл алып, қолдау көрсеткен Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мырзаға алғысымызды айтамыз. Амандық болса, осы меморандум негізінде ер түріктің бесігі, екі дүние есігі, рухани астанамыз Түркістан қаласымен тығыз байланыс орнатамыз.

Ал, белгілі қылқалам шебері, теңдессіз суретші, ғажап тұлға Кәріпбек Күйіков ағамызға тіпті құрметім ерекше. Арнайы келіп, көрмесін ұйымдастырып, халқының қуанышына ортақтасты. Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы атағын салтанатты түрде табыстадық. Аяулы ағамызға Алла ұзақ ғұмыр берсін.

Осы Қоянды жәрмеңкесі мерейтойының логотипін әзірлеген Ерсін Темірғалиев бауырымның еңбегі өте зор. Өздеріңізбен әлеужелі арқылы пікір алмастық. Көкейге қонатын ойларыңызды ескердік. Соның нәтижесінде баршаға танылған, таралған лого дүниеге келді. Осы жұмысқа атсалысып, өз нұсқасын ұсынған бұқаржыраулық ақжүрек бауырым Амантай Акишевке де алғысым шексіз.

Осы жәрмеңкенің жақсы өтуіне ерекше үлес қосқан тағы бір аяулы жан бар. Ол - мерекенің екінші күнінің көрігін қыздырып, елді әсем әнімен баурап, салтанат, сәнімен жаулаған Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері жезтаңдай әнші Мақпал Мұхамедиярқызы. Мақпал апамыз туған жеріне келіп, қуанышымызға ортақтасып, әуелетіп ән айтты, өнерімен тәнті етті. Өзімен бірге белгілі сазгер Ержан Белғозиев, Бауыржан Рахымбеков, Аман Ахметжанов сынды әншілер өнер көрсетті. Жасай беріңіз, шырқай беріңіз, қазақтың ерке қызы!

Қымбатты достар! Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Осындай бірлескен еңбек, ұжымдық жұмыс арқасында Қоянды жәрмеңкесінің мерейтойын өз деңгейінде атап өттік деп ойлаймын.
Басы-қасында жүрген барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін.
Мерейлі де мерекелі күндерде қауыша берейік, ардақты ағайын! - деді аудан әкімі.

Фото авторлары: Тишбек Хамитов

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер