Рингте бір-бірін жығуға дайын екі адамды көру маған қатты ауыр - Нұртас Адамбай

1843
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық актер, сценарист, продюсер Нұртас Адамбай әлеуметтік желіде жекпе-жекке қызығатындарға қатысты өз ойын білдірді. Ол ұрып-соғу тәсілі бар спорт түрлерін мұсылманға жат деп санайтынын да жасырмады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Бірнеше танымал фильмдердің авторы, продюсер Нұртас Адамбай дін аясында бірнеше тақырыптарды кеңінен қозғап келеді. Ол өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында бокс, mma сынды бірқатар спортпен айналысатындарды сынаған.

Әлеуметтік желіде адамдардың бір-бірін ұрып-соққан видеоларын жиі байқайтынын айтқан актер рингте бір-бірін жығып жатқан спортшыларды көру “ауыр” дейді.

“Соңғы кездері интернеттен адамдардың бірін-бірі ұрып-соғатын видеоларды жиі көремін. Мен қазір бокс, mma, ufc және «жауынгерлік спорт» деп аталатын басқа шоулар мен оқиғалар туралы жазып отырмын. Хадисте: «Шынайы мұсылман – тілі мен қолынан басқа адамдар зардап шекпейтін адам делінген. Бұл сөздерді мұсылман бауырларымыз ұмытып кеткені қалай?
Мен балаларын осылай ұрысқа апаратын адамдарды түсінбеймін. Оларға не үйретеді? Агрессия, зорлық-зомбылық?”,-деп жазады Нұртас Адамбай.

Сондай-ақ ол мұндай әрекеттерге ақша, атақ-даңқ не өзге үшін баратындарды құптамайтынын жеткізді. Нұртас Адамбай:

“«Ел намысын қорғаймын!» деген сөзге алданып қалмаңыздар. Біріншіден, елімізге ешкім шабуыл жасап жатқан жоқ, Аллаға шүкір. Екіншіден, егер сізде Отанға пайда әкелу ниетіңіз болса, мұны рұқсат етілген жолмен жасаудың көптеген басқа жолдары бар”,-деп сөзін қорытындылады.

Пікірлер