"Тағы да дәрігермен төбелес". Шымкентте науқас ақ халаттыларға жұдырық ала жүгірген

1591
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде соңғы кезде ақ халаттыларға жұдырық ала жүгіргендің видеосы көптеп тарап кетті. Бұл жолы жағдай Шымкент қаласында болған. Ауруханаға ем іздеп келген науқас дәрігер мен санитариялық қызметкерді ұрып- соққан, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жаға ұстатарлық жағдай туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай:

" ТАҒЫ ДА ДӘРІГЕРМЕН ТӨБЕЛЕС😱 Адамдардың бәріне не болған? Бұл жолы дәрігер мен мейірбикеге қарсы ұмтылған пациентті қосымша топ келіп, жабылып тыныштандырды. Күйеуіне араша түскен балалы әйелге не жорық? Оқиға бүгін Шымкенттегі таксикология орталығының бірінде болды дейді",-деп жазба қалдырған.

Кадрларда ер дәрігерлердің науқасты тыныштандыруға тырысқаны көрінеді. Оқиғаға қатысты Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. 20 қыркүйек күні сағат 19.50-де 1995 жылы туған ер адамның жедел жәрдем көлігімен гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілгенін түсіндірді.

"Туыстарының айтуынша, науқас улы сұйықтық ішкен. Дәрігерлерге қаралды. Психикалық қозу жағдайына байланысты, тыныштандыру және емдеу шараларын жүргізу мақсатында жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда науқас медициналық көмекке қарсылық танытып, медицина қызметкерлеріне физикалық күш қолданған. Оқиғаға байланысты 102 қызметіне ақпарат берілді", - делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы облысы Талғар орталық аудандық ауруханасында дәрігер мен мейіргердің соққыға жығылуы қоғамда наразылық тудырғанын еске саламыз.

Пікірлер