Қазақ тілін білмейтін депутаттар әр түрлі сылтау айтты

2407
Adyrna.kz Telegram

Еліміз 2017 жылға дейін 22 қыркүйек күнін Қазақстан халқының тілдер күні ретінде атап өтті. Алайда соңғы 5 жылдан бері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай бұл мерекені 5 қыркүйек күні атап өтіп жүр. Тіл саясаты комитеті келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білуін міндеттеуі мүмкін. Ал «халық қалаулылары» деген атағы бар Мәжіліс депутаттарының қазақ тілін білуі керек пе?

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖАТЫРМЫН – СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ

Мәжілістегі 98 депуттаттың ішінде әр түрлі диаспора өкілдері бар. Солардың ішінде Максим Рожин секілді бірлі-жарым азамат болмаса, өзгелері қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Мысалы белгілі тележурналист Сергей Пономарев «Қазақ тілінде қаншалықты білесіз, жалпы түсінесіз бе?» деген сұраққа «Төрт ұлымның бірі қазақ тілін жақсы біледі» деп ақталғандай болды.

Алайда журналистің «Сіз өзіңіз қазақ тілін қаншалықты білесіз?» деген сауалға «Қазақ тілін үйреніп жатырмын. Бірақ оңай емес. Қазіргі таңда Мәжілістің жанынан ашылған қазақ тілін үйрену курсына қатысып жүрмін. Бір жылдан кейін сіздің сұрағыңызға қазақ тілінде жауап беремін. Менің ойымша, әр Қазақстан азаматы қазақ тілін білу керек. Менің төрт баламның бірі қазақ тілін жақсы біледі. Қалғаны үйреніп жатыр», – деп жауап берді.

Сергей Пономарев Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы 30 жаста болыпты. Қылшылдаған жас кезінде қазақ тілін үйренуді қажет деп таппаған депутат 60 жастан асқанда мемлекеттік тілді меңгере ала ма? Үміттен күдік басым.

6 АЙ НЕМЕСЕ 1 ЖЫЛДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНЕМІН – НИКИТА ШАТАЛОВ

Тәуелсіздіктен кейін туған Никита Шаталовтың қазақ тілін білмегеніне қарасақ  Сергей Пономаревқа өкпе жоқ екен.  31 жастағы Мәжіліс депутаты қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады.

"Мәжіліс депутаты етіп халық сайлағаннан кейін мен үшін бұл сұрақ – басты мәселе. Бірақ біздің елде қазақ ілді және орыстілді өңірлер бар. Мысалы, әріптестерім Максим Рожин, Генадий Шиповский қазақтілді ортада өскен соң олар қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мен орыс тілді өңірде өскен соң қазір маған қазақ тілін үйрену өте маңызды", - деп ағынан жарылды ол.

Депутат ортасында орыс тілінде сөйлейтіндер көп болғанын, ал мектеп бағдарламасы қазақ тілінде сөйлейтін оқушыларға лайықталып жасалғанын жеткізді.

"Мектеп бағдарламасы дұрыс емес болды. Мектеп бағдарламасы отбасында қазақ тілінде сөйлейтін оқушыларға арнап жазылған. Балалар шет тілін үйренгені секілді қазақ тілін де солай үйренуіміз керек еді. Содан кейін ең маңызды дүние өзің өскен ортаға байланысты. Егер сенің ортаңда қазақ тілінде сөйлейтін адам болмаса, онда сенің қазақ тілін үйренуің қиын. Себебі айналаңдағы адамдардың бәрі орыс тілінде сөйлейді. Мен сізге мына уақытта нақты үйренемін деп айта алмаймын. Бірақ алты ай немесе бір жылдың көлемінде жақсы сөйлей аламын. Мұны мен нақты айта аламын", - деді депутат.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер