«Домбыра – шайтан» деді». Экс-имам дінге көзқарасының өзгеруіне не себеп болғанын айтты

2546
Adyrna.kz Telegram

Бұрын медреседе оқып, имам болған әнші,  саятшы Серәлі Құсман дінге көзқарасының өзгеруіне не себеп болғанын айтты. Бұл туралы ол «Қуат Ахметжанов» YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды.

Айтуынша, ұстаздары домбыраға қарсы болған екен.

«Құнанбай қажы медресесін бітірген соң Асубұлақ деген жерде имам, кейіннен Өскеменде наиб-имам болдым. Одан кейін Семейдегі Орталық мешітте азаншы болдым. Бізді, 4 музыкантты азаншы болуға дайындады. Ол жерде маған басты ұнамаған тақырып домбыраға қатысты еді. «Домбыра – шайтан» деді бізге бір күні ұстаздарымыз. Ал біз домбырамен ән айтамыз. Содан мен оларға: «біздің салт-дәстүрімізде харам деген дүниенің бәрі – арам» дедім. Дау туындады. Ортамызда діни білім алып жүрген әртүрлі ұлттың өкілі адамдардың неге табынатынын сөз қылып, соның дұрыс емес екенін айтады. Мен де әңгімеге араласып: «біз де қара тасқа табынып жүрміз емес пе?» дедім. Олар сол арқылы Жаратушыға жол табатындарын алға тартады. Жоқ, әркім өзінше бір нәрседен бойына қуат алады ғой», - деді Серәлі Құсман.

Сондай-ақ, ол мешітте салют атып, жұмыстан шығып кеткенін айтты.

«31 желтоқсан күні мешітте кезекшілікке қаламыз. Бізді үлкендер қалдырып кетеді. Бізге де мейрам керек, мұнараның үстінен салют атып, ішінде шампан атып, ұсталып, жұмыстан кеткенмін. Дін адамның жеке мәселесі ғой, кейіннен өзіме дала заңы жақын екенін, өзімнің құл емес, Жаратушының ұлы екенімізді, алып та дархан даламызда дала заңымен, табиғи тазалықпен өмір сүру керек екенін ұғындым», - деді ол.

Пікірлер