Қазақ домбырасы Анадолы жерінде

1049
Adyrna.kz Telegram

Ыстанбұл. Осыдан 71 жыл бұрын Алтайдан көшкен елдің бір тобы Индия, Пакістан асып, Түркиядан пана тапты. «Түбіміз Түрік» дегендей Түркия үкіметі қандастарымызға ерекше қамқорлық жасап, бауырына басты. Көштің алғашқы қазығы Кония, Нигде облыстарына қағылса, соңынан Ыстанбұлға, оның ішінде Зейтұнбұрын және Бағжылар ауданына қоныс аударды.

Бағжылар ауданында көш бастаушылары Дәлелхан қажы, Халифа Алтай, Құнанбай Нәзір, Мұхаммед Қылыш, Тоқтаубай Топылы, Мәнсүр Тәйжі т.б үлкен белсенділік көрсетті. 1 милионға жуық халық тұратын Бағыжылар ауданының орталығы Күнесті (Gunecli) де «Қазақкенті» тұрғын үй ауылы бой көтерді. Қазір 1973 жылы салынған Алтай мешіті, Алтай қазақтары қоғамдық ұйымы, Ахмет Яссауй қайырымдылық қоры, оқу курсы жұмыс істейді. Әйгілі Қазақ палуаны Мұстафа Кәбенұлы Өзтүріктіңде балалық, жастық шағы осы өңірде өтті.
Жыл басында орталық мәдениет үйінің алдында Қазақ – Түрік достығын бейнелейтін қара мәрмар таспен көмкерілген ескерткіш белгісі ашылды. Ал бүгін Бағжылар мәдениет сарайында домбыра курсының тұсау кесер шарасы болды. Ыстанбұлдағы Қазақ Бас консулдығының ұйымдастырумен өткізілген шараға аудан әкімшілігі қолдау көрсетті. Аудан әкімшілігінің орынбасары Волкан (Volkan Cakimak), Қазақ Бас консулы Нүриддин Аманқұл құттықтау сөз сөйледі.
Дәстүрлі ұлттық өнеріміздің символы домбыра курсын ашуды мақсат етіп, Қазақстаннан 80 домбыраға тапсырыс бердік. Қазақ қандастарымыздың көп шоғырланған аймағына осы 80 домбыраны құрастырып, ортамызға әкелген, мәдени-достық байланысты дамытуға ерекше үлес қосқан компания басшыларына алғысымды білдіремін. Олар бүгін біздің арамызда отыр – деді Бас консул.

«Borusan Cat» компаниясының басшысы Адынан Кескін (Adinan Keskin), «Ozge Epic» Қор жетекшісі Мақпал Жұмабай, «KazDER» Қазақкент Алтай қоғамының басшысы Еркан Илдыз ой бөлісіті. 80 домбыра мен қоса Қазақтың ою-өрнекті шапандарының бірнеше данасын әкелген Мақпал Жұмабай және Бас консул қонақтардың иығына шапан жапты.
Абай ескерткіші, Абай алаңы орналасқан Зейтұнбұрын ауданындағы Абай атындағы қыздар мектеп лицейін де де бірнеше күн бұрын домбыра курсын ашу рәсімі болған еді. Ыстанбұлдағы Қазақ Бас консулдығы ұйымдастырған шараға аудан әкімі Адем Услу (Adem Uslu) қатысты. Мектеп директоры Енес Дағлы мырзаға 40 домбыра тапсырылды.
Екі ауданда өткізілген шараларды Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының өкілі, Ыстанбұлдағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ержан Уәйіс жүргізді.
Жиынға қандастардың көрнекті өкілі Фазыл Топлы, АҚ партияның алқа мүшесі Рашида Юксел Қазақстан телеарнасының тілшісі Айдос Әшім, Шаңырақтың басшысы Данияр Иманбақ қатысып, 90 жастағы батагөй ақсақал Абдурахмен Четин бата берді. Қазір Түркияның басқа аймақтарынан да Қазақ домбырасына деген сұраныстар түсіп жатыр. Бұл біздің Қазақ халқына оның өнері мен домбырасына үлкен құрмет.

Ержан Уәйіс
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікірлер