«Енемнің портреті». Қазақстандық суретшінің туындысы халықаралық байқауда топ жарды

2766
Adyrna.kz Telegram

Әсемгүл Сүлейменова британдық «Golden Time Talent» халықаралық байқауының «Кескіндеме» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі. Талантты жанның жеңісті күнге дейінгі өнер жолы жайлы «Адырна» материалында.

Халықаралық байқаудың «Кескіндеме» айдары бойынша 30-дан астам ел мен 190 қатысушы қатысты, солардың арасынан отандасымыздың «Ана мен бала» туындысы жеңіске жетті.

Әсемгүл Сүлейменова – Орал қаласының тумасы. Кішкентайынан сурет өнеріне бейім екенін байқаған анасы, түрлі үйірмелерге қатыстырған. Кейіннен Астана қаласындағы «Өнер» университетінің «Монументалды кескіндеме» мамандығын тәмамдаған.

31 жастағы өнер иесі тұрмыс құрған, отбасылы жан. Ең қызығы жеңіске жеткен картинадағы әйел бейнесі Әсемгүлдің енесінің портреті:

«Картина атауы «Ана мен бала» деп аталады. Бұл «Жамбылдың жастық шағы» фильміндегі кескіндеме. Менің енем сол фильмде Жамбылдың жеңгесі болып ойнайды. Суреттегі үш жасар бала менің қазіргі күйеуім. 1995 жылғы кинотуындының осы бір сәті мен үшін жылы бейне болып көрінді. Дәл осы кадрдан ананың балаға деген ерекше махаббаты мен жылулық байқадым» деп бөлісті Әсемгүл картина туралы.

картина

Қазіргі таңда Әсемгүлдің 20 шақты авторлық картиналары бар. Оның көпшілігі халық сұранысында сатылымда. Тапсырыспен де суреттер салып, түрлі байқауларда бақ сынап жүргенін айтты ол.

«Сүйікті суретшілерім көп. Оның ішінде өзіміздің Мулашев Камиль Уәлиахмедұлын атамасам болмас. Ол кісі маған бірінші курста сабақ беріп, сурет өнеріндегі ұстазым болды. Көп нәрсені сол кісіден үйрендім және әлі күнге дейін сурет салудағы ерекшеліктерім сол кісінің стилистикасына ұқсас болып келеді» деді ол.

«Golden Time Talent» халықаралық өнерпаздар байқауы. Әсемгүл бұл сайыстан жеңіске жетемін, орын аламын деген ойы болмағанын айтты. Бастысы тәжірибе жинау, бақ сынау, қатысып көру ниеті болғанын жеткізді:

«Байқау нәтижесі туралы туралы кеше білдім, басында тіпті сенбедім, бірақ түсінген кезде халықпен бөлісуді жөн көрдім. Қуаныштан жылап жібердім. Қанша жылғы еңбегім ақталды деп білемін. Шығармашылық әлемде өзіңді дәлелдеу қашан да қиын. Бұрын біздің споршылар және өзге де өнерпаздарымыз елімізді әлемге танытып, жетістіктерге жетіп жатқанында қатты қызығатынмын. Мен де сурет өнерінде елімізді әлемге паш етіп, көк туымызды көкте желбіретемін деген мақсат болатын. Міне сол бала арманым орындалды. Мен бақыттымын», - дейді Әсемгүл.

Суретші коммерциялық жобалар үшін әртүрлі техника мен стильдерді байқап көреді. Дегенмен, жеңімпаздың жұмыстарының басым көпшілігінен ұлттық нақыштағы элементтерді жиі көруге болады.

Қазір Әсемгүлдің өнеріне сүйсінген жұрт әлеуметтік желілерде түрлі жағымды пікірлер қалдырып, өнерпаздың өнеріне қолдау білдіруде.

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер