Яссауи кесенесін жөндеуге қатысты министр Аида Балаева пікір білдірді

1403
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жөндеу құрылысына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Естеріңізде болса, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қолдан жасалған жарылғыш затты жарып жібергісі келгендердің әрекеті анықталғанын мәлімдеген еді. Ал министрдің сөзінше, нысан толық бақылауда.

«Нысан толық бақылауда. Қайтарымсыз болатындай себеп жоқ. Қазіргі уақытта кесенененің жалпы жағдайына әсер ететін ықтимал фактілерді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» - дейді Аида Балаева.

Сондай-ақ кесененің болашаққа бүлінбей жетуі жолында толыққанды жағдай жасалатынын жеткізді.

«Бұл жұмыс жүйелі түрде биыл да, алдағы жылдары да жасалатын төрт маусымды қамтитын көпжақты жұмыс. Оның жер, су жағдайы, ауа айналымы, басқа да жалпы құрылымына әсер ететін фактілерге жеткілікті назар аударып, қажет болса кез келген өзгерістерге шара қабылдап отырамыз. Бұл жұмыстардың нәтижесімен биыл жазда Түркістанға арнайы мемлекеттік кеңесшісімен бірге келген ЮНЕСКО-ның бас директоры Одри Азуле ханым да мұқият танысты. Әрине, біз мұндай жұмысты ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген басқа да он объектілерді де қолға алып жасайтын боламыз. Өйткені ұлттың осынау рухани-тарихи мұрасын келешекке бүлдірмей аман жеткізу перзенттік парызымыз», - деп атап өтті министр.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер