Азия ойындары: Қазақстан қоржыны қоламен толықты

1322
Adyrna.kz Telegram

Қытайда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 31-ші жүлдені қанжығалады, деп хабарлайды “Адырна”.

1 қазан, жексенбінің таңында жеңіл атлетикадан қазақстандық Ольга Сафронова финалға өтті. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, О. Сафронова 200 метр қашықтықты 22.79 секундта жүгіріп өтіп, финалға 4-ші нәтижемен шықты.

Азия ойындарында байдарка және каноэ есуден Қазақстан құрамасының мүшелері финалға жолдама алды. Атап айтқанда, 200 метр қашықтыққа каноэде есуден Мария Бровкова 52.530 уақытпен іріктеу кезеңінде 1-орын алып, финалға шықты. 500 метр қашықтыққа байдаркада есуден Анастасия Березовская 2:06.783 уақытпен 2-орынға тұрақтап, ақтық кезеңге өтті.

Стенд атудан трап бағдарламасы бойынша командалық сайыста Қазақстанның әйелдер құрамасы 3-орынға ие болып, қола медалді қанжылады.

Қазақстандық Бекәділ Шаймерденов күрес спортының құраш түрінен күміс медаль жеңіп алды. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесуде отандасымыз өзбекстандық Үмид Есановқа есе жіберіп алды.

Стенд ату бойынша Қазақстан командасының өкілі Мария Дмитриенко Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында үшінші орын иеленді. Ол трап санатында 34 ұпай жинап, «қоланы» олжалады.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бокстан 1/2 финалда қазақстандық спортшы Сағындық Тоғамбай «қолаға» қанағат етті.

Ал Наталья Богданова 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында Моңғолия өкілі Цэцэгдари Мягмарсурэнмен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

XIX жазғы Азия ойындарында су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы төртінші кездесуінде Өзбекстаннан басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.

Өкінішке орай Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарының бокс турнирінде Қазақстан құрамасынан Ертуған Зейнуллинов жарыс жолын аяқтады.

Еске салайық, Ханчжоуда Азия ойындары 23 қыркүйек - 8 қазан аралығында өтуде.
Айта кетейік, осы уақытта ел құрамасында 31 медаль бар – 3 алтын, 5 күміс және 23 қола.

Пікірлер