РУСЛАН МЕДЕЛБЕК: Өзбекстан мен Үндістанның спорты дамып кеткен жоқ – Қазақстан спорты құлдырап кеткен...

4139
Adyrna.kz Telegram
traingain.org
traingain.org
Өзбекстан мен Үндістанның спорты қарқынды дамып кеткен жоқ, Қазақстан спорты қатты құлдырап кеткен. Әйтпесе, Қазақстан Азиадада 20-24 алтынды оңай алатын.
Жеңіл атлетиканың басы-қасындағылар бір Ольга Рыпакованың, жүзу Дмитрий Баландинның арқасында жаны қалып, сол спортшылар жеңген алтынды алаулатып, есептеріне қампитып қосатын. Қытайдағы Азия ойындарында Рыпакова үздік болған үш қарғып секіруден спортшы қоса алмадық. Азия ойындарында 3-4 алтын алатын жеңіл атлеттер алғаш рет Азиадада алтынсыз қалды.
"Сарыарқадай" велотрегі бар елдің әлем чемпионаты мен олимпиаданы былай қойып, Азия ойындарынан алтынсыз қалғанын...
Әлем чемпионатында да, Азия ойындарынан да алтын ала алмаған дзюдода да құлдырау. Таэквондодан құрамадағы бірде-бір спортшы финалға шыға алмады. Ауыр атлетикадағы былық бұл спортты тұғырдан түсіріп тастады. Ауыр атлеттердің Азия ойындарында бестікке енуі қиын.
Триатлоннан бұрын Қазақстан Азияның алды еді, қазір бұл спорттағы мықты дәстүр үзілді. Садақ атудан бір жылдары ерлер құрамасы әлем кубогында Корея, Иран, Үндістанды жеңіп жүретін еді, қазір сол жігіттердің нәтижесі қатты түсіп кетті. Мықты құраманы құлдыруына не себеп? Ешкім бас қатырып жатқан жоқ.
Ел спортында буын алмасу болып жатыр дейін десең құрама жасарып кеткені шамалы.
Бүкіл бір федерация өмір бойы бір спортшыға арқа сүйеп, ізбасар дайындағанда Өзбекстан мен Үндістан озып кетті деп қарап отырамыз. 2018 жылы Азия ойындарында тоғызыншы орын алып қалғанда-ақ мамандар алдымен бұқаралық спортты дамыту керегін, балаларға спортты қол жетімді ету керегін қайта-қайта айтқан. Токио, Пекиндегі сәтсіздіктерден кейін де осы мәселе көтерілген.
Ал салығынан ұлттық құраманың ақшасын төлеп отырған халықтың биліктен алтын неге аз деп сұрауға толық хақысы бар.

 

 

 

Пікірлер