Исламбек Салжанов «Феррари» дизайнерін нағыз бәйгені көруге шақырды

1465
Adyrna.kz Telegram
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы

Астанада өтіп жатқан VI Nobel Fest халықаралық фестивалі аясында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов әлемге әйгілі авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын сыйға тартты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Картина авторы – отандық суретші Ерлан Айтуаров.

Исламбек Салжановтың сөзінше, сыйлық кездейсоқ таңдалмаған.

«5 мың жыл бұрын ата-бабамыз, яғни көшпенді жылқы жануарын бірінші болып ерттеп мініп, бүкіл адамзат өркениетінде серпіліс жасады. Міне, осы сәттен бастап жылқы ең жылдам әрі негізгі көлік құралына айналды. Бұл – тарихтың бағытын өзгертті. Жылқыны алғаш қолға үйреткен – қазақ даласы. Сіз дизайнын жасаған Ferrari көлігінде ат бейнеленген эмблема бар. Сізге тарту еткен картинада Аламан бәйге бейнеленген. Ол – қазақтың ұлттық ат жарысы. Бірнеше мәрте чемпион болған Формула-1 сияқты темір тұлпар жарысының бастауында осы аламан бәйге тұр деп айтуға болады. Сізді 2024 жылы қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырамын», - деп түйіндеді сөзін Исламбек Салжанов.

Ал өзіне сыйланған сыйлықты Фрэнк Стивенсон жоғары бағалайтынын, заманауи шығармашылықты шабыттандыруда тарихтың маңызды екенін айтты. Дизайнер Исламбек Салжановқа өнер туындысы мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Айта кетсек, Исламбек Салжанов – қазақстандық кәсіпкер, меценат, Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығының президенті. Ал Фрэнк Стивенсон – Ferrari F430, Ford RS Cosworth, BMW X5, жаңа MINI, Maserati MC12, Fiat 500, McLaren автомобильдерінің әлемге әйгілі дизайнері.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер