Израильдегі қазақстандықтардың елге оралуы үшін көмек көрсетіліп жатқаны айтылды

1565
Adyrna.kz Telegram
Болат Шайхинов
Болат Шайхинов

ҚР Сыртқы істер министрлігі Израильдегі соғыс жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

"Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі Израильде орналасқан біздің азаматтармен тұрақты байланыста. Елшіліктің сенім телефоны құрылды, олардың отанына оралуына одан әрі көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімі жасақталуда", - дейді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ, Air Astana әуе компаниясы Израильге ұшатын рейстерді тоқтатқан болатын. Қазір әуе компания қазақстандықтарды Израильден қайтару үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді.
Ал Тель-Авивке ұшқысы келген жолаушылар үшін Air Astana балама рейстер іздеп жатқандығын мәлімдеді компания өкілдері.

"Қауіпсіздік мақсатында көптеген халықаралық әуекомпания Тель-Авивке/Тель-Авивтен рейстерді тоқтата тұруына қарамастан, Air Astana әуе компаниясы ұшуға ниет білдірген жолаушыларды тасымалдаудың балама нұсқаларын іздестіруді жалғастырып жатқанын хабарлайды", - деп жазылған хабарламада.

Компания Тель-Авивтен Алматыға жоспарланған КС650 рейсіне 138 жолаушы билет алғанын, оның ішінде 37 қазақстандық бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ әуе компаниясы Алматы-Тель-Авив бағыты бойынша орындалмай қалған КС649 рейсіндегі шетел жолаушыларына билеттерді қайта брондауға мүмкіндік барын айтты. Жолаушылардың қалауына сәйкес Түркия мен Грузияға ұшуға балама берілді.
"Әуе компаниясы Израильден ұшуға ниет білдірген барлық қазақстандық оралуы үшін бар күшін салып жатыр", - деп толықтырды компания.
Пікірлер