Ермекбаев орысқа шіркеу салып, "сауап" жинамақ па?

1813
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі қайырымдылық жасапты. Ресейдің басты әскери шіркеуінің құрылысына қыруар қаражат бөліпті. Орыс ақпараты осыны алақайлап айтып жатқаны.

«Тvzvezda.ru» дейтін сайт 14 мамыр күні «Минобороны Казахстана сделало пожертвование на строительство Главного храма ВС РФ» атты мақала жариялады. Павел Настин дейтін журналисттің шап-шағын ақпараты екен.

«Басты әскери шіркеудің құрылысына қаржылай үлес қосу мақсатында ҚР Қорғаныс министрлігі белгілі бір соманы аударды», депті Алтынбаев. Бірақ, нақты қанша қаражат аударылғанын ашып айтпапты.

Мүсілім Алтынбаев ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант шеніндегі адам. Лауазымды тұлға.

Сөйткен Алтынбаевтың айтуынша, 2019 жылдың сәуір айында Қазақстан Ресейге екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы ақпарат жіберген. Сол қазақстандықтардың есімі әлгі Ресейдің бас әскери шіркеуінде сақталатын көрінеді.

Орыс ақпаратының жазуынша, бұл салынып жатқан шіркеу көлемі жағынан Ресейдегі үшінші үлкен шіркеу болмақ көрінеді.  Ол Мәскеу маңындағы Кубинка қаласында салынбақ. 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығына орай ашылады деп жоспарланған.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қайсыбір жылы Қазақстанның Дін істері министрлігін басқарған адам ғой. 2016 жылы Алматы мен Ақтөбеде болған террорлық актілерден кейін осындай министрлік құрылған. Сөйтіп, ол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінде жүрген Нұрлан Ермекбаевты Дін істері министрлігіне тағайындаған. Ермекбаев 2 жыл министрлікті басқарды. Ал 2018 жылы Қорғаныс министрлігін тізгіндеді. 2019 жылдың наурызында президенттің үкімімен Нұрлан Ермекбаевқа генерал-майор шені табысталды.

Ермекбаев саясат ғылымының кандидаты, ондаған ғылыми мақала жазған. «Қазақстан және әлем елдері» дейтін кітаптың авторы.

Сөйткен Нұрекең енді орысқа шіркеу салып «сауап» жинамақ көрінеді. Нұрекеңнің бұл құлшынысы «өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сызадының» кері іспетті. Ермекбаев орысқа шіркеу салу арқылы Путиннің дәргейіне жақпақ па? Әйтпесе, Ресей салып жатқан шіркеуге қайырымдылық жасап, қаржы бөлуді басқаша қалай түсінеміз?

Түптеп келгенде Ресей – біз үшін қорғануға тиіс обьекті. Әлем жұрты агрессор деп танитын Ресей мен әскери байланысымыз өзгелерден гөрі тым жақын. Қайсыбір жылы Ресей бізге 5 бірдей С-300ПС зенитті-зымырандық кешенін су тегін бере салғаны есімізде. Енді міне, Қазақстан қайырымдылық жасапты. Енді осы ақпараттарды кеңірек пайымдап көрейікші.

Ресейдің өзге бір мемлекетке еш қайтарымсыз әскери техникалық заманауи қаруды бере салуының, Қазақстанның орыс армиясына арнап шіркеу салуының астарында не жатыр?  Посткеңестік территориялық экспансияны күшейтуге тыраштануының бір көрінісі емес пе бұл?

Біздің билік басында отырғандардың белгілі бір бөлігі – кешегі кландық элиталық топтардың шеңгелінде тәрбиеленгендігі белгілі.  Әлемдік саяси картада – жаңа посткоммунистік жүйені құрып, бір орталықтан басқаруға мемлекеттер тұрғындарының 70 пайызанан астамы келіспейтіні де айғақ. Ендеше, ескі шекпеннен шыққан қос мемлекеттің арасында қорғаныс саласында ортақтасу, бірігу,  бір-бірін кенет «жарылқау» деген қаншалықты ақылға қонымды?Ресейді агрессор деп қалдық қой. Сол туралы жазайыық...

Біріншіден, солтүстіктегі көршілеріміздің онсыз да орысы мол аумақтарға көзін алартып отырғаны белгілі. Ертең алағай да бұлағай кезең туа қалса, Путиннің пиғылы ауысып, орыстілді тұрғындардың құқығы дегенді желеу етіп, басып кіруі де ғажап емес. Ол туралы орыс телеэфирінің төсектегі теоретиктері ашық айтып та жүр.

Екіншіден, Қазақстан аумағындағы Ресейге жалға берілген аймақтардың мәселесі тұр.  Байқоңырдан өзге Қазақстанда 11 миллион гектар жер Ресейдің әскери полигонына айналып отыр. Ол үшін төленуі тиіс 27 миллион доллар құмға сіңген айрандай жоқ болды. Осы полигондарды жабу мәселесіне келгенде билік басындағы бишіктер бейтараптық танытып отырғаны туралы осыған дейін де жаздық.

Үшіншіден, Ресей зымырандарының зардабы туралы осыған дейін жүздеген мақала жазылды. Ресей «Байқоңырды» жалға алды. Алайда екіжақты келісілген соманы бөліп-жарып төлегісі жоқ. Қазақ даласына Ресейдің 32 зымыраны құлады. «Протонның» апатынан 600 тонна гептил төгілді. Ол аз дегендей 2016 жылы Қостанай мен Ақтөбе облысынан тағы 63 мың гектар жер бердік.  Апатқа ұшыраған зымырандардан тарайтын у қазақ даласын улап жатқаны, соның салдарына неше түрлі ауру-сырқаудың қаптағаны туралы талай рет жазылды.

Бесіншіден, өзіміздің «Байқоңырдан» ғарышқа адам ұшыру үшін Ресейге 20 миллиард ақша төледік.

Алтыншыдан, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Ресейден әскери жабтықтар алуды әдетке айналдырды. 2012 жылы Ресей жасаған АН-72 ұшағы апатқа ұшырады. 27 әскеріміз қаза тапты. Әрине себеп біреу – Ресейден сатып алған техника сапасыз. Біз бір ғана шетін оқиғаны айтып отырмыз. Бұл шындап келгенде ресейлік ұшақтар мен тікұшақтардың жалғыз апаты емес.

Түйіндейік. Ермекбаев осы мәселелерді шешудің орнына, қайғылы қазаларды болдырмаудың қамына кіріскеннің орнына шіркеуге қайырымдылық жасапты.

Біріншіден, соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің есімі Ресей шіркеуінде мәңгілікке сақталады деген қаншалықты абыройлы іс? Естеріңізге сала кетейік, Путин биыл сәуір айында Қазақстанға АЭС салу туралы кеңес берді. Ол үшін Алматы облысынан жер де қарастырылып қойған екен. Орыстың АЭС-інің сорын Чернобыльде көрдік. Ертең Қазақстанда салатын АЭС алда-жалда апатқа ұшыраса, Ермекбаев сол азаматтардың да есімін әлгі шіркеуге жазып қоймақ па?

Екіншіден, Ресей Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісін өз идеологиясына пайдаланып отыр. Жыл сайын Мәскеуде өтетін әскери парад – сұм соғыстың ардагерлерін емес, Путиннің әскери әлеуетін ұлықтайтын мейрамға айналған.

Жоғарыдағы мәселелерді бұған дейін де айттық. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, еститін құлақ болса, кәне?..«Орыстан досың болса, айбалтаң қасыңда болсын» деген халық тәмсілім білмейтін Ермекбаев енді сол орысқа шіркеу салып бермекші.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер