Ақтөбе қаласының Алматы ауданы 121 249 996 теңгеге еуроконтейнер сатып алмақ

1409
Adyrna.kz Telegram
фото: Бауыржан ЖУАСБАЙ
фото: Бауыржан ЖУАСБАЙ

Ақтөбе қаласына қарасты Алматы ауданы қоқыс салуға арналған еуроконтейнер сатып алуға бюджеттен 121 249 996 теңгеге бөлді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.     

Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданына еуроконтейнер сатып алу туралы тендерді бүгін, яғни 17 қазан күні «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» жариялаған. Тендер жеңімпазы 1 қарашада анықталады.

Техникалық сипаттамада қала бюджетінен 121 249 996 теңге бөлініп, сатып алынғалы отырған1400 дана пластик еуроконтейнерлер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға және уақытша сақтауға арналғаны және қоқыс жиналатын орындарға орнатылатыны жазылған. Еуроконтейнерлердің сыйымдылығы – 1100 л кем болмауы қажет. Олардың болат темірден жасалған төрт тұтқасы мен пластикалық дөңгелектері болуы керек. Сондай-ақ беріктігі күшті, дизайны әдемі, әрі ыңғайлы қақпақ орнатылуы қажет.

Ұзындығы – 1377 мм, ені – 1077 мм, биіктігі – 1369 мм кем болмауы тиіс. Түсі – стандартты жасыл, контейнердің сыйымдылығы – 1,1 м³, салмағы – 51,5 кг. Максималды жүктеме – 440 кг-нан кем емес. Пайдалану шарттары (температура): -40 ° - + 50 ° С дейін. Ұсынылатын еуроконтейнерлерге және конструкция элементтеріне кепілдік – 12 ай. Еуроконтейнерлер орнату, жарамсыз контейнерлерді шығару және жинау жұмыстарын тендерді ұтып алған компания атқарады.

Бізді мына сұрақ мазалайды. Бюджеттен 121 249 996 теңге қаржы бөлініп, 1400 дана еуроконтейнер сатып алынады екен. Әр еуроконтейнердің құны – 86 607 теңге. Халықтың қалтасынан жырып, мемлекеттік қазынаның қаржысына сатып алынғалы отырған осы еуроконтейнерлердің кепілдік уақыты бар болғаны 12 ай. Кепілдік уақыт біткен соң, Ақтөбе қаласының Алматы ауданы тағы жаңа еуроконтейнерлер сатып ала ма?  121 249 996 теңге аз ақша емес. Оған сатып алынатын тауардың жарамдылық мерзімін ең азы екі жылға созуға не кедергі?

Бұл сұрақты «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» мемлекеттік мекемесі де жолдауды жөн санадық.

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер