73 жастағы қария Ұлытаудан Түркияға дейін жаяу жүріп өткен

1363
Adyrna.kz Telegram
фото: Ержан Уәйістің фейсбук парақшасынан
фото: Ержан Уәйістің фейсбук парақшасынан

Кең байтақ Қазақ жерінен жолаушылап Ресей, Грузия, Түркия мемлекеттерін жаяу аралаған Қазақ жиһангезі Сәрсенбай Оспанұлы 73 күндік сапарын Ыстанбұлда аяқтады. Бұл туралы Ержан Уәйіс фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Сәрсенбай Оспанұлы 73 жаста, Ұлытау өңірінің тумасы.  Өткен жылы Қазақстанның барлық облыстарын, яғни Ұлытау, Атырау, Алматы, Астанаға дейін 8000 шақырымдық жолды жүріп өткен.

«Жезқазған мен Қызылорда облысының шекарасынан арнайы қарсы алып, Сыр елінде 3 күн аудандарды аралап қонақ еттік. Қорқыт ата кесенесінде болды. Ары қарай Түркістандағы Қожа Ахмет Яассауй кесенесінде бірге болған жақсы күндерім есте қалды», - деп жазды Ержан Уәйіс.

Сәрсенбай қария Түркия астанасы Анкарада Ата Түрік кесенесіне зиярат етіп, қазақ елшісі Еркебұлан Сәпиевтің қабылдауында болған. Анкарадан Ыстанбұлға 500 шақырым жерді желмаядай желіп, Азия мен Еуропаны жалғастыратын Мехмет Фатиһ Сұлтан аспалы көпірінен өткен. 20 миллион халқы бар Осман сұлтандарының Отаны болған Ыстанбұлдың көрікті жерлерін аралап, сондай-ақ көне атақты Ая София кесенесінде оған қарама-қарсы тұрған алты мұнаралы Сұлтан Ахмет зәулім мешітінде болған.

«Бас киімінде Қазақстан мен Түркияның шағын жалаулары қадалған, қолында 2 метрлік Қазақтың көк байрағы осы алаңға келушілердің назарын аударды. Бір топ туристер арасынан қазақ жалауын ұстаған ақсақалды көріп Виктор есімді неміс жігіті, әйелі неміс қызы Светланамен бірге келіп Атаны құттықтады. Қазақстанда Ақмолада туып өскен неміс ұлтының өкілдері екен. Қазір Германияға қоныс аударғандарына 9 жыл болыпты. Қазақ еліне, халқына құрметім шексіз, елге сәлем айтыңыздар деп қазақша қоштасты. Естелік суретке түсті», - деп атап өткен Ержан.

Сәрсенбай ақсақалдың сапарының мақсаты - қазақ елін, қазақ ұлтын әлемге таныту. Салт-дәстүрін, қолөнерін насихатттау. Шаһардың Азия бөлігінде Еуропада бірінші саналатын «Шамлыжа» мешітінде болған. Мұнда бір мезгілде 67 мың адам намазға тұра алады. Астыңғы қабатында мұражай, кітапхана, көрме залы, мейрамхана, авто тұрақ орналасқан. Мешітті тікелей Ел басшысы Ережеп Тайып Ердоған салдырған.

Сонымен қатар Сәрсенбай Оспанұлы осыдан 70 жыл бұрын сонау Алтайдан Үнді, Пәкістан арқылы Түркиядан пана тапқан қандас бауырларымыздың алғашқы тұрғызған Қазақ кент қалашығына барған. 1973 жылы негізі қаланған Алтай мешітінде үлкен көштің келуіне 50 жыл (1952-2002 ж.ж) көрсетілген ұзындығы 10 метр болатын қара мармар тас белгісі, екі шетінде Қазақ және Түрік байрақтары бар. Бұдан бөлек, қазақтың әйгілі палуаны тайквандо күресінің негізін қалаушы Мұстафа Кәбенұлы Өзтүрік атындағы демалыс саябағында, Мұстафа Кәбенұлының мазарлығы басында болып, рухына құран бағыштаған.

Айталық, келер жылы Мұстафаның туғанына 70 жыл толу шарасы өтеді. Сапар барысында қазақ қандастарымыздың көрнекті өкілінің бірі Мәнсұр Тәйжі Түркиядағы ағайындардың өмірі және Мұстафаның артында қалған мұралары жайлы әңгімеленген.

Жиһангез ақсақалдың жанында Ержан Уәйіс, Пазыл Топлы, 90 жастағы Абдураһман Четин болды. Қонақтарды Мүбәрәк Сәдейұлы арнайы дастархан жайып қонақ еткен. Қонақтар Зейтұнбұрындағы Қазақ-Түрік қоғамын құрушылардың бірі Пазыл Топлының шаңырағында құрметті қонақ болған. Сондай-ақ Сәрсенбай Оспанұлы Ыстанбұлдағы Бас консул Нұриддин Аманқұлмен кездескен. Сонымен бірге Қазақстан мәдениет және сауда орталығында Түркияның 100 жылдығы және ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығы, Қазақстан мен Түркия байланысының 31 жылдығына орай ашылған көрмені тамашалаған.

Айта кетейік, Сәрсенбай Оспанұлының Ыстанбұлдағы сапарына белгілі қазақ кәсіпкері Ғанимет Қайсаұлы толықтай демеушілік көрсеткен. Күні кеше Сәрсенбай қарияны Ыстанбұл әуежайынан Астанаға Қазақстан мәдениет және сауда орталығының өкілдері шығарып салды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер