Су мен жарықтың жоғалуы жиіледі. Алматыда тұрғындар ескертусіз жасалған құрылысқа наразы

1505
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұрғындар сусыз, жарықсыз, интернет желісіз қалды. Жағдайға рұқсатсыз, ешқандай мақұлдаусыз салынған көлік жуу бекетінің құрылысы себеп болды дейді олар. Мәселенің бүге-шүгесін «Адырна» тілшісі «Гүлдер» тұрғын үй кешенінің халқынан сұрап біліп қайтты.

«ГҮЛДЕРГЕ» СУ МЕН ЖАРЫҚ БЕРМЕГЕН КІМ?

Алматы қаласы Райымбек даңғылы бойындағы былтыр ғана қолданысқа берілген «Гүлдер» тұрғын үй кешенінің жұрты сусыз, жарықсыз қалып дау көтерді. Тосыннан болған жағдайға ғимарат маңындағы алаңқайға салынып басталған «Аква Робот» ЖШС құрылысы болды. Анықталған дерекке сәйкес құрылыс иелерінің кім екені 8 қазан күні белгілі болған. Тұрғын үй кешенінің ортақ су құбырына жалғау үшін жер қазып бірнеше күн бойы құрылыс жұмыстарын жүргізген.

Салдарынан аймақтағы жұрт сусыз, жарықсыз қалып, он екі қабаттық ғимарат лифт қызметінсіз қалған.

Сорақысы – жағдай туралы құрылыс иелері тарапынан да, тұрғын үй кешенінің иелері «BI Clienт Service» ЖШС-нан да, әкімшіліктен де ескерту болмаған.

ШЕНЕУНІК «КҮШІН ЖОЙДЫ» ДЕГЕН ҚҰЖАТ САЙТТА ТҰР

Тұрғындар тиісті органдарға хат жазып, арыз-шағымдарын уақытылы жеткізіп үлгерген. Нәтижесінде 16 қазан күні кешкі уақытта Наурызбай аудандық әкімдігі мен «BI Clienт Service» ЖШС және Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері халықпен кездесіп жағдайға қатысты мәселелерді шешетіндерін айтты:

««Техникалық қызметтер жүргізуге рұқсат құжат жүзінде 2015 жылы берілген. Қазіргі таңда сол құжат күшін жойды. Сәйкесінше заң бойынша рұқсат болмағандықтан «Аква Робот» ЖШС-ның құрылыс жүргізуге ешқандай құқығы жоқ. Біз ешқандай келісім, рұқсат берген жоқпыз. Құрылыс жұмыстары заңсыз түрде жүзеге асты. Тиісті шағымдар қабылданып шаралар қолданылатын болады» деп жауап берді Наурызбай ауданы әкімдігі аппаратының коммуналдық қызмет бөлімінің жетекшісі Жандос Такебаев.

Сондай-ақ, халық алдында Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары да құрылыс жұмыстарына ешқандай рұқсат болмағанын айтып, тиісті шаралар қолданатындарын алға тартты.

Дей тұрғанмен, Алматы қаласының жер қатынастар басқармасының ресми сайтында «Аква Робот» ЖШС-не аталған мекен-жай бойынша жерге орналастыру жобасын бекіту туралы құжат көрсетілген. Жауапты тұлғалар бұл құжат туралы ештеңе білмейтіндерін тағы айтты.

ЖОҒАЛҒАН ЖАРЫҚ ПЕН ҰСТАТПАЙТЫН ЖЕЛІ 

Жағдайды бір аптаның ішінде реттейміз жауапты тұлғалар «Гүлдер» тұрғын кешеніндегі интернет желісінің нашарлығына қатысты ой білдірді.

«Бір күн бойы су, жарық болмады. Қазір өздеріңіз білесіздер. Жарықсыз бір сағат та өмір сүру мүмкін емес. Лифт те істемей тентіреп қалдық. Ең құрығанда ескертулері керек еді. Бұл істері дұрыс емес. Оны қоя бергенде біздің тұрғын үй кешенінде Beeline-нан басқа желі ұстамайды. Басқа желілердің провайдерлері орнатылмайды. 2000-нан аса халық тұратын, бес-алты блоктан тұратын үйдің бәрі бір провайдерге орнатылып, кешке бәріміз интернетке кірсек пайдалану мүмкін болмай қалады» деді Алмат есімді тұрғын.

Әкімдік халықтың желіге қатысты арыз-шағымын қарастыратынын айтып, уәделерін үйіп төкті.

Алматы қаласындағы жекелеген аудандар мен қала төңірегінде соңғы кездері жиі жарық өшіп қалатын болып жүр. Мәселен, 15 қазан күні түнде Алматы облысы Іргелі ауданында орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешені тұрғындары жарыққа қатысты бітпейтін мәселені шешу үшін Алматы – Ташкент күре жолын жауып тастауға тырысқан. Тұрғындар сонда үйлерінде су жоқ екенін және газ плитасы тікелей электр қуатына қосылғандықтан, үй салқын болып тұрғанын айтқан.

Пікірлер