Онлайн қоқан-лоққыдан соң не болды? Алматы – Қорғас жолындағы «пенопласт операциясы»

1768
Adyrna.kz Telegram

Алматы-Қорғас күрежолы бойындағы пенопластпен жамалған тұс даулы болып, оған жауапты компания журналистке онлайн түрінде қоқан-лоққы үйірген соң, тараптар әрқайсысы өз істерінің дұрыстығын айтып уәж айтты. Арасында сыналған тұстың жамалғаны сөзболды. Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл оқиға туралы не деді?

Журналист Диас Нұрақын 19 қазан күні Алматы – Қорғас бағытындағы күрежолдың сапасыз салынғанын көрсетіп, әлеуметтік желіге видео жариялаған. Бейнежазбада жоғары санатты жол саналатын автобетонның қуысын компания пенопластпен жамап қойғаны айтылады. Бұл көптің ашуын туғызып, тіпті талқыға түсті.

МЕХМЕТТІҢ ДЕТЕКТИВТІК ТӘСІЛІ

Журналистің жазбасынан кейін Алматы – Қорғас тас жолының учаске басшысы Мехмет Шахин есімді азамат оған қоқан-лоққы көрсетіп, үстінен арыз жазатынын айтып, кешірім сұрауын талап еткен.

«Құдайға шүкір, сенің телефоныңды таптық. Пенопласты шығарып тастаған сен екенсің! Қазір екі сағаттан соң Алматыда болам. Үстіңнен жолдағы пенопласт алып тастағаның үшін арыз жазамын. Енді ол жол бүлінсе сен жауапты боласың. Немесе «заявление жазба» деп видеоның астына кешірім сұра»,- деп аудио жазба жолдаған.

Диас Нұрақын ешкімнен кешірім сұрамайтынын айтқаннан кейін, Мехмет оған Алматы – Қорғас тас жолының сол тұстағы «гарантиясын» мойнына артып, антикорға арыз жазып, соңына дейін жеткізетінін білдірген.

ЗАҢ ПЕНОПЛАСТПЕН БҰЗЫЛМАЙДЫ

Әлеуметтік желіде осыған орай айтыс-тартыс қызған соң жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы ресми мәлімдеме жасап, жолдың қуысын пенопластпен бітеп қою ешқандай заң бұзушылыққа жатпайтынын мәлімдеді.

«Алматы-Шелек-Қорғас» күре жолының орташа жөндеу жұмыстарына екі мердігер компания жауапты. Бұл жұмыстар цементбетон жабындысын жөндей отырып плиталарды ауыстыру, деформациялық жікті анкерлеу және герметизациялау әдісімен орнату керек. «Бұл жұмыс жазда атқарылады.Технологияға сәйкес бөгде заттардың түсуін болдырмау үшін пеноплекс қолданылады (бұл қолданыстағы қалыпты тәжірибе). Алдағы уақытта мердігер ұйымдар бұл технологияның үстіне битум мастикасын қолданбақ. Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бұл видеода жөндеу жұмыстарының аралық нәтижесі ғана бейнеленген. Мердігер ұйымдарға келтірілген залалға байланысты бұл материал тиісті шешім мен шараларды қабылдау үшін уәкілетті органға жіберілмек. Республикалық маңызы бар автожолдардың барлық пайдаланушыларын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз! Сондай-ақ ҚазАвтоЖолға қарасты 1403 байланыс орталығының жұмыс жасайтынын еске саламын. Жол пайдаланушылармен кері байланысты нығайту үшін операторлар тәулік бойы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары мен күтіп-ұстау мәселелері бойынша кеңес береді», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ләззәт Стамғазиева.

ӘРТҮРЛІ АҚПАРАТ

Компания жолда жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған десе, журналист арнайы ескерту белгісі мүлде қойылмай отырғанын айтады.

- Алматыдан Жаркентке пресс-турға шыққанбыз. Жолай Шелекке тоқтап, бой жазып тұрғанда бетон плитаның көлік өткен сайын селкілдеп, секіріп тұрғанын Ришат Асқарбекұлы байқап қалды.  Үңіліп қарасам, ортасына пенопласт тығып қойыпты. Егер жол салудың жаңа технологиясы осы болса, неге барлық жол учаскесінде пенопласт орнатылмаған? Кейбір жерінде тіпті ештеңе жоқ. Үңірейіп жатыр. Қоқым түспесін десеңіздер, пенопласт емес шүберек тығып қойыңыздар. "ҚазАвтоЖол" айтқандай бұл жерде жол жөндеу жұмысы жүріп жатса, неге ескерту белгілері, яғни арнайы жол белгілері қойылмаған?, - дейді журналист.

Диас Нұрақынның айтуынша, Ұлттық компания да, Алматы – Қорғас тас жолының учаске басшысымын деген Мехмет те өз жұмыстарының дұрыс екендерін ақтап әлек болғанымен, келесі күні «пенопласт» тығылған жолды жалма-жан жамап кетіпті.

- Әріптестеріміз дәл сол жолға барған еді. Бүгін сол жерге смола құйып, бітеп кеткенін айтып, сурет жолдады. Демек,  кеше «ҚазАвтоЖол» да, Мехмет те қоқан-лоқы көрсетіп, айтып жүрген ақпарары шындыққа жанаспайды. Яғни, олар “пенопласт салу технологиялық жағынан дұрыс, бұл уақытша жасалған, алдағы уақытта мастикамен бекітеміз. Біздің қазір істеп отырғанымыз дұрыс” деп бет бақтырмай қойған. Олар өздерінің дұрыс емес екендерін осы нәрсемен-ақ көрсетті. Жанталасып, жапа-тармағай барып, жарылған жерлердің барлығын қалпына келтірген. Бүгін мен осыған байланысты қосымша іздендім. Жалпы бетонның арасындағы деформоциялық жарық дегенді жабудың өзінің технологиясы бар екен. Оны кеседі, одан кейін ауа мен қысыммен үрлейді. Одан кейін жылы ауамен ішіндегі күл-қоқысты тазалайды екен. Кейін мастика жағады. Сондай өздерінің технологиялық процестері бар. Ал біз ондай технологиялық процесс емес, бетонның ортасына пенопласты тығып кете қарабайыр әрекетті көріп отырмыз. Міне, бұл Батыс Еуропа - Батыс Қытай бағытындағы халықаралық жолдың жағдайы. Егер технологиялық талаптар сақталмаса, мемлекеттің миллиардтарына салынған жол ұзақ уақытқа шыдамай ерте бүлінуі мүмкін, - деді журналист «Адырна» тілшісіне берген жауабында.

Сондай-ақ, ол мұндай сапасыз жолдар кейін қайғылы оқиғаға әкеліп жататынын айтып, ескертті.

- Кезінде Түркістан облысында, Алматы облысында күннің ыстық кезінде бетон плиталардың керіліп, трамплин сияқты көтеріліп кеткен тұстарына көліктер соғылып, апатқа ұшырағаны туралы ақпарат берген едік. Содан кейін Президенттің назарына дейін жетіп, «ҚазАвтоЖолдың» басшысы ауысқан. Демек, бұл бетон плиталар жаз кезінде күннің ыстығында керіліп, бірін-бірі итеріп, бұзылады. Біздегі «ҚазАвтоЖол» да, мердігер мекемелер бе ондай жұмыстардың барлығын күз уақытында жасап отыр. Ал қазір салқын бұл кезде ешқандай деформациялық қозғалыс болмайды. Бұл жұмыстардың барлығын сол ыстық кезде жасау керек еді. Бұл да заңсыз әрекет. Ақшаны қалайда игеру керек. Соған өтірік шала-шарпы жұмыс істеп жүр»,- деді Диас Нұрақын.

МЕХМЕТ СОНДА СӨЙЛЕДІ, СӨЙЛЕГЕНДЕ БҮЙДЕДІ

«Адырна» тілшісі Алматы – Қорғас тас жолының учаске басшысы Мехмет Шахинмен байланысып, журналистке не үшін қоқан-лоққы үйіргенін және мәселенің мәнісін сұрады. Айтуынша, өзі «ҚазАвтоЖолды»ң «қасықтап жинаған абыройын, айрандай төге салған» журналистке қапалы.

- Журналистің пенопласты неге қойылғанын ойламай, алып тастағаны дұрыс болмады. Бірінші тексеріп білу керек еді. Мен 20 жыл бойы жол саласында жұмыс істеп келемін. Маған оның кешірім сұрап-сұрамағанынан ешқандай айырмашылық жоқ, бірақ ол «ҚазАвтоЖолға» рахмет айтудың орнына, осындай қылық жасады. «ҚазАвтоЖол» 33 жыл бойы Қазақстанға сапалы жол салып берген. Ал журналистің неге олай айтқанын түсінбедім. Пенопласт алынғаннан кейін арасына тас, топырақ түсіп қалған. Содан кейін бетон  қысылып көтеріліп қалған. Кейін бізге антикор келді. Сондықтан мен оған пенопласты алмауы керегін айттым», - деді Мехмет Шахин.

Бір күнде бітелген жолға келсек, Мехмет Шахин ол жол әлі жамалмағанын, ол видеода жарияланған жолдан 3,5 км жерде орналасқанын айтты. Ал «пенопласт» салынған жолдың 3-4 күнде жамалатынынан хабардар еткен.

- Журналист жол жамалған деген фото мен видео жариялады. Бірақ ол жол мен жамалған жолдың арасы 3,5 км. Фотодағы жол пенопласты алынған жол емес. Кешегі журналистің жариялаған жолы бойынша, жұмыс істеп жатырмыз. 4-5 күнде жамап бітеміз. Ал мұндай жерге белгі қоюдың қажеті жоқ. Жолдың сапасына ешқандай негіз жоқ. Бұл әр 200 метрде бар. Уақытша қойылған. Ол араға пенопласт салынады. Әр қаланың ауа-райына, жағдайына байланысты жолды салу техникасы әртүрлі. Сондықтан Алматының ауа-райына байланысты жолдың техникасы осылай салынады. Қазір әлгі жол мастика салуға дайындалып тұр. Ал арнайы белгі туралы айтсақ, қанша көп белгі, сонша жол апаты орын алады. Себебі, белгі қойғанға адам қарап жатқан жоқ. Тіпті, темірлерді жұлып алып кетуде.  Жол әлі толықтай бітпеді. Біз жоспар бойынша, желтоқсанның онына дейін аяқтап беруіміз керек. Бұйырса, келесі айдың 10-на дейін бітіріп береміз деп отырмыз. Қазір жұмыс істелуде», - деді Мехмет Шахин.

Жаздың басында Алматы – Қорғас күре жолының 190 шақырымында да осындай апатты жағдайға орай Сыбайласқан жемқорлықпен күрес агенттігінің тексеріс бастағаны жайлы ақпарат жарияланған еді. Сонда Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекенов «Жобалау кезінде «компенсациялық жарық» деген болады. Сол 500-600 метр сайын салынып отырған. Алайда ол жеткіліксіз. Мысалы, Дубайда ондайды 80-100 метр аралығында салынады. Сондықтан қысым болғаннан кейін ауа-райының жылынуына байланысты бетон көтеріліп кеткен», - деген.

Ұзындығы 300 шақырымға жуықтайтын Алматы – Қорғас күре жолының құны 130 миллиард теңгеден асады. Елдегі ақылы жолдардың біріне жататын күре жол 2017 жылы толықтай пайдалануға берілді.

Дана Нұрмұханбет
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер