«Дәстүрлі аккредитацияны қалдыруға да болады». Министр неге күлді?

1358
Adyrna.kz Telegram

Үкімет «Масс-медиа туралы» заң жобасы арқылы журналистке «артықшылық» беретін пресс-карта енгізуге құлшынып отыр. Алайда журналистердің арасында баспасөз картасына қарсы азаматтар көп. Төртінші билік өкілдеріне пресс-карта керек пе, жоқ әлде сөз бостандығы керек пе?

Бұл сұрақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қойылды. Нақтырақ айтсақ «Журналистке пресс-картадан қарағанда сөз бостандығы берілу керек секілді. Егер сөз еркіндігі берілсе бізге пресс-карта секілді артықшылықтар керек емес. Журналистер қаламай отырған талапты қабылдауға сіздер неге күш салып отырсыздар?» деген сұраққа министр жауап берді.

- Ешкім күш салып отырған жоқ. Мен жаңа біз қоғамның тұрақты дамуына мүдделіміз деп айттым ғой. Сондықтан журналистер тарапынан қабылдамай, оны «дұрыс емес» деп жатсаңыздар, біз сіздердің пікірлеріңізді сыйлаймыз, оны ескереміз. Бұл жерде үзілді-кесілді осы мәселе шешілді деген сөз жоқ. Қазір біз депутаттармен талқылап жатырмыз. Біз осы дәстүрлі аккредитацияны қалдыруымызға болады, бұл бізге ешқандай зиян келтірмейді. Заң жобасын біз әлі талқылаймыз. Оған қадалып, белден басып жасаймыз деп жатқан ешкім жоқ бұл жерде, – деді ол.

Журналистің «Парламенттегі көпшілік депутаттар заңды қабылдап жіберуі мүмкін ғой...» деген сұрағына Министр күліп жіберді.

- Оны талқылаймыз. Ол жерде қолдайтын да, қолдамайтын да азаматтар бар. Сондықтан да сіздердің де, осы салада істеп жүрген мамандардың да, депутаттар мен қоғамның да пікірі ескерілетін болады, – деді министр.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер