Бұрынғы индустрия вице-министрі 7 жылға сотталды

1370
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген айып тағылды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сотталушы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлік тәркіленді. Енді ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды»,—деді судья.

Ауданаралық соттың баспасөз қызметі Тоқтабаевтың министрлік атынан өзі жетекшілік ететін акционерлік қоғаммен Қостанай облысындағы кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға келісімшарт жасасқанын мәлімдеді. Кен орны мемлекетке 40,6 миллиард теңгеден астам табыс әкеледі деп күтілген. Келісімшарт еншілес компанияға кейіннен жер қойнауын пайдалану құқығын заңсыз беруді көздеген.

Тимур Тоқтабаевтың осы ЖШС-де сенімхат арқылы 20 пайыздық үлесінің болғаны анықталды. Кейін вице-министр оны үшінші тұлғаларға сатып жіберген. Үлестің 10 пайызын 425 миллион теңгеге бағаланған. Осы қылмыстық әрекеттердің салдарынан заңмен реттелетін мемлекеттік органдардың қалыпты қызметі бұзылған.

Экс-вице-министр сотта өз кінәсін мойындамады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Тимур Тоқтабаев былтыр 9 қарашада пайдалы кен орындарын заңсыз үлестірді деген күдікпен ұсталған еді.

Пікірлер