Еврейлерді іздеген. Махачкала әуежайына тұрғындар басып кірді

2500
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Кеше, 29 қазан кешкісін Махачкала әуежайында тәртіпсіздіктер орын алды.  Әуежайға жиналған халық «Израильден келген босқындарды» іздеп терминал ғимаратына кіріп, аэродромға шықты. Бұл туралы ВВС жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Махачкала әуе көлігінің федералды агенттігі әуежайды ұшып-қону үшін жапқан.

Хабарламаға сәйкес, аэродром жабылғаннан кейін, шамамен бір сағат өткен соң Мәскеу уақытымен 22:20-да әуежай баса-көктеп кіргендерден босатылған. 

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, тәртіпсіздіктерге жүздеген адам қатысқан. Кейін Дағыстанның Денсаулық сақтау министрлігі тәртіпсіздік кезінде 20-дан астам адамның жараланғанын хабарлады. Олардың 10-ы ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуінің жағдайы өте ауыр. Құрбандар арасында бейбіт тұрғындар да, полиция қызметкерлері де бар.

Жексенбі күні түстен кейін Дағыстан телеграм-арналарында босқындар республикаға тұру үшін Тель-Авивтен тұрақты рейспен келуі керек деген хабарламалар тарай бастаған. Осыдан кейін көп ұзамай жергілікті тұрғындар Махачкала әуежайына жинала бастады. Кейбіреулер Палестина туын көтеріп келді.

«Тут Дагестан» телеграм каналы жазғандай, Израиль азаматтарын іздеген наразылық білдірушілер әуежай ғимаратынан шығып кеткен адамдардан құжаттарды талап ете бастады. Көп ұзамай халық ғимаратқа кіріп кетті.

Желіде тараған видеоларда әуежайдың айналасында еврейлерді іздеп, қызмет көрсету орындарының есігін күштеп ашып жатқан агрессивті жас жігіттерді көруге болады.

Тергеу комитетінің Дағыстан бойынша департаменті жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Сондай-ақ, Махачкала әуежайындағы тәртіп сақшылары барлық қатысушыларды камера арқылы табуға уәде берді.

Пікірлер