«Кітап-AMANAT»: Ауылда алғаш рет кітап орталығы ашылды

1182
Adyrna.kz Telegram

«Кітап-AMANAT» жобасы аясында елімізде бұрын-соңды болмаған бірегей бастама қолға алынып, ауылдық жерде алғаш рет кітап орталығы ашылды. Орталық партияның Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында орналасқан. Осы арқылы партия ауылдағы ағайынның отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздейді.

Ауылдағы алғашқы кітап орталығының ашылу салтанатына баспагерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сөз басында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беретінін, осы орайда тұңғыш рет ауылдық жерде теңдесіз жоба қолға алынып отырғанын атап өтті.

«Партиямыз Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдаудың жаңа тетігін ұсынды. «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов «Кітап-AMANAT» орталықтарын барлық өңірлік филиалда ашуды тапсырған еді. Алматы мен Астанада басталған жоба бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданында жалғасып жатыр. Жаңа орталық руханиятқа шөліркеген ауылдағы ағайынның сүйікті орнына айналады деген сенімдемін», – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Өз кезегінде, «Қазақстан республикасының баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов кітап орталығының ауылда ашылғанына айрықша ризашылығын білдірді.

«Бұл жай ғана кітап дүкені емес, бұл – руханият орталығы. Алдағы уақытта осында баспагерлермен, авторлармен келелі кездесу өтіп, түрлі іс-шара ұйымдастырылады деген ойдамын. Осында келген жастардың кітап оқуға деген ынтасы артады. Елімізде біраз жыл автор, баспа, кітапхана, кітап дүкені арасындағы байланыс үзіліп қалған еді. Осындай орталықтар арқылы байланыс қайта жаңғырып жатыр. Ең басты мақсат – елге жаңа кітаптарды таныстыру. Осы өңірде де жазушыларымыз өте көп кітап шығарып жатыр. Алайда оның бәрі жер-жерге жетпейді. Әрбір өңірде осындай орталықтар ашылуы керек», – деді ол.

Ал ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы жаңадан ашылған орталықтың мәні мен маңызына тоқталды.

«Екі мегаполистен кейін кітап орталығы осы өңірде ашылып отыр. Бұл – ғажап бастама. Адам кітап оқуы керек. Кітап оқымаған адамның биіктерді бағындырып, жетістікке жетуі екіталай. Автор мен оқырман арасын жалғап жатқан «AMANAT» партиясына және ілкімді іске қолдау көрсетіп жүрген жергілікті азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді ақын.

Осы орайда, жазушы-драматург Елен Әлімжан қаламдастарын осы орталыққа жиі келіп тұруға шақырды.

«Бұл – өте жақсы бастама. «AMANAT» партиясы рухани, мәдени құндылықтарымызды дамытуға әр кез ұйытқы болып келеді. Бұл бастаманы қос қолдап құптай отырып, лайықты жалғасын тапса екен деп тілеймін. Жүйелі жұмыс жолға қойылуы керек. Алдағы уақытта ақын-жазушылар қауымы да бұл жұмысқа атсалысып, істің алға басуына күш салады деп сенемін. Осындай орталықтар көп болсын, жиі-жиі келіп тұрайық», – деді ол.

Бұл ретте, ақын Үміт Битенова кітап орталығын ашуға атсалысқан жандарға аймақтағы ақын-жазушылар атынан алғыс айтты.

«Осы жерде еліміздің, соның ішінде жерлес қаламгерлеріміздің шығармалары қойылады деген ойдамын. Әрдайым осы кітап орталығының жұмысы жүйелі жүргізіліп, жанданып, дамуына қолдау көрсетеміз. Соның дәлелі ретінде, бүгін төрт кітабымды алып келдім. Алдағы уақытта да байланысымыз үзілмейді деп ойлаймын», – деді ол.

Еске сала кетейік, «Кітап-AMANAT» жобасының алғашқы орталығы қыркүйек айының соңында Алматы қаласында партия Төрағасының қатысуымен ресми ашылған болатын. Ал Республика күні қарсаңында партияның Астана қалалық филиалында екінші орталық өз жұмысын бастады. Партия бұл жұмысты алдағы уақытта да белсенді жалғастырады.

Айта кетейік, «AMANAT»-тың 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайын театр, кітапхана, коммуникация, білім беру және демалыс орталықтарын қоса алғанда, 300-ге жуық мәдениет нысанын салу және жаңғырту көзделген. Сондай-ақ, мәдениет, мұрағат және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы екі есе артады. «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тәрбие беру тұжырымдамасы енгізіліп, еліміздің бүкіл әдеби мұрасы бірыңғай кітапхана платформасы негізінде цифрлық форматқа өткізіледі.

Пікірлер