Сирияға кетпек болған "сәләфиттің" жан сыры

3440
Adyrna.kz Telegram

Діни экстремизм мен терроризм бабы бойынша сотталып, Өскемен қаласындағы түзету колонияларының бірінде жазасын өтеп жатқан бір сотталушымен кездестім. Бала кезіңде қандай оқушы болып едің?- деп сұрасам: «Қиын бала» болғанмын,- деп күледі,- жасөспірім кезімде «көше заңымен» жүрдім. Өйткені ауылдағы «старшактардың» да «өз заңдары» болатын. Соларды арқаланып сыныптастарыма әлімжеттік жасап, ақша бопсалау менің сүйікті «жұмысым» еді.

Осы экстремизм дегеннің жасөспірімдік шақтағы қоғамдағы қалыптасқан жалпы тәртіп пен адамгершілік қағидаларына бағынбаудан бастау алатынын кеш түсіндік. Балалық шағымда бала болып ойнап, ешбір қызық көрмедім десем де болады. Әкем ішімдікке тым үйір болып, үйде анама жиі қол жұмсайтын. Бір түні үйге полицейлер келіп әкемді бөлімшеге алып кетті. Әкемді ең соңғы рет көруім де сол болды. Кейінен ұзынқұлақтан естіп білуімше, әкемді қыз зорлау қылмысына қатыстылығы үшін соттапты. Ал әкемді полицияның алып кеткені менің көз алдымда қалып қойғандықтан, полиция қызметкерлеріне деген жек көрушілік сезімім сол уақыттан бастап пайда болған сыңайлы.

Кейіннен әкем түрмеде өзіне қол жұмсап көз жұмды. Ал мен әкемнің өліміне де полиция қызметкерлерін кінәлайтынмын. Мектепке сабақтан қашуды жиі әдетке айналдырып, жасөспірімдер жөніндегі инспектордың бақылауында болдым. Содан не керек, сегізінші сыныпты аяқтар жылдың көктемінде ауылдағы азық-түлік дүкенін тонап, екі жарым жыл мерзімге жасөспірімдер колониясына сотталып кете бардым. Ал мені сол қылмысқа жұмсаған «старшактарым» тасада қалды. Өйткені оларды сатып кету біздің «көше заңымызға» қайшы, сатқындық болып табылатын. Ал жасөспірімдер колониясындағы «балалар заңы» тіпті қатал еді. Әрбір сөзің мен қимыл әрекетіңе басыңмен жауап беруің керек болатын. Жазамды өтеп біткен соң ауылыма қайтып оралып, біраз уақытқа анамның жанында болдым. Ауылдағы әкімшілік қызметкерлері мен ағайындардың ұсынған жұмыстарынан бас тарттым. Өйткені мен «мемлекетке және байларға жалданып жұмыс істеуге болмайды, оларды тек тонауға болады» деген түсінікті миыма тоқыған едім.

Ақиқатында мен осында қатал және қыңыр-қисық қағидамен өмір сүрдім десе де болады. Бір күні балалар колониясында танысқан Алмаз есімді досым қоңырау шалып, Алматыға жұмысқа шақырды. Базарда ұялы телефондарды жөндеумен айналысып, намаз оқып, дінге бет бұрыпты. Жалпы «салафиттер» дегенді естігенім болмаса, ондайлармен жақын араласып көрмегенмін. Өйткені мен «о дүние», «тозақ пен жұмақ» деген әңгімелерді ойдан шығарылған ертегі деп қабылдайтынмын. Ал Алмаз болса маған өзінің дін ұстанатын нағыз «сәләфи» екендігін түсіндіріп, Алланың заңының барлық заңдардан жоғары тұратынын, Құдай жайлы, «ислам халифаты» жайлы түсіндірді. Алғашында оның сөздерін ішімнен сандырақ деп қабылдасам да, қасында бірге жүріп ақша табу үшін уағыздарына сенгендей кейіп танытып жүре бердім.

Кейіннен расында да дінге қызығушылығым оянып, арасында солармен бірге намазға жығылып, Құран оқып үйрендім. Уақыт өте келе менің жаратушыға қатысты ұстанымым да біртіндеп өзгеріп, «салафилердің» ортасына жақын тартыла түскенімді байқадым. Бір қызығы олар арақ-шарап ішуді харам деп санағанмен, жұмыстан кейін жиналып анаша шегуді құп көретін. Интернет желісі арқылы дінге бет бұрған қыздармен жылдам танысып, Абдулхаким братқа некемізді қидырушы едік. Біздің құрығымызға намазға енді бет бұрған жас қыздар мен ажырасқан келіншектер жиі түсетін. Оларды қызығы таусылған соң-ақ әртүрлі сылтаумен талақ айтып, тастап кете беруші едік. Осылайша 3 жылдың ішінде 7 рет үйленіп үлгеріппін. Бір жолы Асия есімді Балқаштың қызымен интернет арқылы таныстым. Алматыға келгеніне көп уақыт болмапты, бөлесінің үйінде уақытша тұрып жатқандығын айтты. Екеуміз кездесіп, некемізді қидырдық. Асияның өзінің айтуынша ол осыған дейін бір мұғалім жігітке тұрмысқа шығыпты. Бірақ күйеуі мен қайын жұрты Асияның хиджап киіп, жұмыссыз үйде отыруына қарсы болған екен. Ата-енесі үйге имамды шақырып, Асияның діни түсінігінің қате екендігін айтып, ұстанымын өзгертуге үгіттеген екен. Сондықтан күйеумен ажырасып, Алматыға қашып кетуге мәжбүр болыпты. Некемізді қиғаннан кейін екі-үш апта өткенде Асияның әкесі мен екі ағасы бізді тұрып жатқан жерімізден іздеп тауып алып, мені жабылып ұрып соғып, Асияны қарсыласқанына қармастан өздерімен бірге Балқашқа алып кетті. Осыған ұқсас оқиғалар біздің арамыздағы жігіттердің де басынан жиі өтіп жататын. Біздің ұстазымыз Абдулхаким браттың айтуымен арамызда кейбір жігіттер жезөкшелермен де бір түнге некесін қидырып жататын. Осының барлығына «Алланың рұқсат берген заңы» деп түсіндік.

Абдулхаким брат мешіт имамдарын нағыз адасушылар деп санап, олармен сөз таластырып, жамағатының алдында беделін түсіруге тырысып жүрді. Жалпы адам баласы қоғамда ешқандай заң ережелерінсіз өмір сүре алмайды. Бала кезімнен бері өзімнің мемлекеттің ешбір заң-қағидаларын мойындамай өскендіктен, ал түрмедегі қылмыс әлемі заңдарының Абдулхаким браттың үйреткен «Алланың заңымен» үйлесетіні маған ұнайтын еді, және нағыз ақиқаттың жолындай көрінетін. (осы жерде ол бір сәтке үнсіз қалып, ауыр күрсініп алды)

Қалалық мешіт имамы мен Абдулхакимнің арасында болған кезекті бір даудың соңы төбелеске ұласып, кейіннен Абдулхаким бізге мешітке баруға мүлдем тыйым салды. Өйткені мешіттің маңайында полиция қызметкерлері бізді жиі бақылап жүретін. Кездескен жерде құжаттарымызды сұрап мазалайтын. Бізбен әңгімелесіп, «ақидамызды» өзгерту үшін теолог-имамдар жұмыс орнымызға жиі келе бастады. Олардың барлығын «мемлекеттің имамдары» деп санайтындықтан, олардың уағыздарын тыңдаудан қашатынбыз. Учаскелік инспекторлар тұрғын жайымызға жиі келіп тексеріп, ал басқа қалаға сапарға шықсақ алдын ала ескертуімізді талап ететін. Абдулхаким брат бұл жағдайлардың бәрін мұсылмандарға көрсетіліп жатқан қысым деп түсіндіретін. Сол үшін қатарымызды көбейту арқылы күшейіп, уақыты келгенде хижра жасауға дайын болуы керектігімізді ескертетін еді. Арасында Сирия жерінде құрылғалы жатқан халифатқа көмектесу туралы да жасырын уағыздар тыңдайтынбыз.

Біз осылайша мына зайырлы мемлекетке келтірілген әрбір залалымызды өзімізге сауап деп түсініп, Ислам жолында кез келген тәуекелге баруға, барлығына да дайын болатынбыз. Өйткені әрқайсымыздың қиялымызда «Алланың заңына» ғана бағынған әділетті халифат құру мақсаты тұратын. Біз өз қатарымызға өмірде жолы болмай оқудан немесе жұмыстан айырылған, балалар үйінде тәрбиеленген, түрмеден жаңа босап шыққан, мемлекетке өкпелі болып жүрген адамдарды тартуға тырысатын едік. Өз мақсатымызға жету үшін бізге өте көп қаражат қажет болатын. Сондықтан да Абдулхакимнің берген пәтуасы бойынша үш жігіт сөз байласып, букмекерлер кеңсесі мен мен арақ-шарап дүкенін тонап, қомақты қаражатқа қол жеткіздік. Біздің бұл қылмысымыздан тек Абдулхаким ғана хабардар болды. Алайда осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан бізге бақылау тым күшейіп кетті. Сөйтіп жүргенімізде өз ішімізден Абдулхакимнің көзқарастарымен келіспейтіндер пайда болды. Олар Абдулхакимнің соңынан ергендерді «хауариждер» деп айыптап қарсы шығып, ал сәйкесінше біз оларды иманы әлсіз, сатқын-адасушылар деп кіналадық.

Ал бұл уақытта Абдулхаким мен Алмаз жиналған ақшаның қомақты бөлігін алып, Сирияға аттанып кетті. Ал Абдулхакимнің жоспары бойынша олар Сирияға жетіп алған соң ғана, артынан біздің шығуымыз қажет болатын. Кейін Абдулхакимнің Сирия шекарасына өтіп кетіп, ал Алмаз Туркияға келгенде өкпесі қабынып ауырып, ауруханада көз жұмыпты. Алмаз жасөспірімдер колониясында жүрген кезде өкпесіне суық тиіп, көп уақытын ауруханада өткізетін еді. Сол созылмалы ауруы климат ауыстырған кезде бірден сыр берген көрінеді. Абдулхаким мен Алмаз кеткен соң біздің өз арамызда да жиі келіспеушіліктер басталып кетті. Ақыры өзімді жапан далада жалғыз қалғандай сезіндім. Абдулхаким интернет арқылы байланысқа шығып, бұл жерде барлығы да жақсы екендігін айтып, қалған ақшамен Сирияға келуімді бұйырды. Біздің әрбір қадамымыз мемлекеттің қауіпсіздік қызметі тарапынан үнемі бақылауда болғандықтан, оларға мені ұстау көп қиындық тудырмапты. Күдік тудырмас үшін сақалымды қырып тастап, Стамбулға Ресей арқылы кетуді жоспарлап, жолай кезіккен көлікпен Ресей шекарасына өтпек болғанда тұтқынға түстім. Міне содан бері төрт жыл уақытым осы түзету мекемесінде өтіп келеді. Әлі 10 жыл отыруым керек. Мерзімімнен ертерек босата ма деген үмітім жоқ емес.  Түрмеде өзіме ұқсас қаншама тағдырларды кездестірдім, өмір есігін енді ғана бастаған көптеген жастардың тағдырымен таныстым. Осы төрт жыл ішінде тек анам ғана азық-түлігін арқалап бірнеше рет келіп кетті. Қазір жасым 31-ке келгенде ғана өмірде шын жаны ашитын бір ғана адамның бар екенін, ол-менің анам екенін кеште те болса түсінгеніме қуанамын. Менің жан дүниеме терең үңіліп, ой-көзқарастарымның өзгеруіне Мысырдан көп жылдар білім алып келген Мұхтарбек деген теолог ағамыз көмектесті. Ол кісі тек теолог ғана емес, адам жанын терең түсінетін нағыз ұстаз екенін мойындадым. Мүмкін менің алдымнан дәл осындай ұстаз ертерек кездескенде өмірім басқа арнаға бұрлар ма еді, кім білсін. Шынайы Исламмен танысқан кезде барып өзімнің осыған дейін сауатсыз және қатал жүректі болғанымды, өзімнің теріс ниетімізге қарай «Алланың заңы» мен «Адамның заңы» деп бұрмалап, еш мақсатсыз адасушылықпен өмір сүргенімізді түсіндім. Енді аман-есен босап шықсам, ауылға шешемнің жанына барып, ел-жұрттың ортасында, қалған өмірімде анамның ризашылығын алып өмір сүргім келеді. Алла мені кешірсін.....»,-деп әңгімесін аяқтады. Дәл осындай діни адасушылыққа ұшырап, тағдырлары темір торға таңылған әрбір сотталушының басынан кешкен оқиғалары жеке әңгімеге арқау болады.  Ол әңгімелерді келесі жолы жалғастыратын боламыз.

Сұқбаттасқан: Ақжарқын Төлеубек

Пікірлер