«Бүгінгі өңіраралық форум - Қазақстанның экономикасын дамытуға арналған құрал»

1370
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қостанайда «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» тақырыбында Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Форумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин бейнебайланыс режимінде қатысты.

Сондай-ақ, өңіраралық алаңда бизнес, салалық мемлекеттік орган, ведомстволар, ғылыми топ өкілдері, екі ел өңірлерінің басшылары жиналады.

Форум Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің отырысынан басталып, қатысушылар шекаралас өңірлердің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын жасау, АӨК-дегі көлік инфрақұрылымын дамыту мен ауыл шаруашылығы жобаларын техникалық сүйемелдеу мәселелерін қозғады. Бұл жөнінде “Адырна” ұлттық порталына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Әбіл Еркін Аманжолұлы айтып берді.

“Өңіраралық форум бүгін таңертең жұмысын бастады. Осы форум барысында бірнеше жеке іс-шаралар өтті, жалпы отыз шақты Ресей мен Қазақстан өңірлерінің өкілдері қатысты.

Бұл өткізіліп жатқан ең алғашқы форум емес, 2019 жылы  өткен болатын.  Жалпы, Қостанай үшін өңірлермен қарым-қатынас, экономикалық, мәдени, гуманитарлық қарым-қатынас өте маңызды. Сондықтан қазір өңірлер дамуына көп назар аударып жатырмыз. Салық кодексін, бюджет кодексін өзгертіп, салықтардың көп бөлігін өңірлерде қалдырып, әкімшілік реформаны өткізіп,  жергілікті билікті күшейтіп, әкімдерді сайлап жатырмыз. Болашақ үшін бізге мықты экономикалық дамыған өңірлер керек. Сондықтан көрші елдермен қарым-қатынас тек қана ұлттық деңгейде емес, сонымен бірге өңірлік деңгейде дамуы керек. Осындай өңіраралық форум тікелей Ресей мен Қазақстан шекаралас өңірлерінің дамуына,қарым-қатынас жасауға тікелей мүмкіндік береді”, деді Еркін Аманжолұлы.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның ауыл шаруашылығы ресейлік бәсекелестердің салдарынан төмендеп қалғанын айтты. Айтуынша, осындай форум арқылы ауыл шаруашылық мәселесін шешу қажет.

”Маңызды мәселелердің бірі - ауыл шаруашылық кооперациясы. Өкінішке орай біз соңғы кезге дейін осы салада бір-бірімізбен бәсекеде болдық. Биылғы жыл оны өте жақсы көрсетті. Мына кішкентай нарықта, өзі тар жерде біз бір-бірімізге бәсеке болып, аяғында Ресейдің де, біздің де өндірушілер шығынға ұшырады. Біз өзіміздің бидайды өсіре алмай, сата алмай, Ресейдің бидайы тым арзан бағамен сатылып,  екі жақта шығынға ұшырады. Сондықтан болашақта осындай болмас үшін бізге бірігіп сыртқы нарыққа шығу керек. Әлем халқының саны өсіп жатыр. Қазірдің өзінде мына азық-түлік дефициті 1 миллиардқа жақын халыққа тапшы болып жатыр. Сондықтан бізде нарыққа шығуға мүмкіндік бар. Ол үшін біз күшімізді біріктіруіміз керек.  Қазақстанға қазір осы ауыл-шаруашылық саласына инвестициялар керек. Бізге бидайдың терең өңдеуі қажет. Бұл тек қана ұн жасау ғана емес,  бидайды кептіріп сату ғана емес, бізге оны терең өңдеп, әртүрлі химикалық өнімдерді бидайдан жасау керек. Мысалы: бидайдан глютен, глюкоза, крахмал жасауға болады. Крахмалдан көптеген басқа өнімдер жасауға болады. Ол инвестициясыз болмайды. Сондықтан осы жағын да ойлану керек. Форум бірге бәсеке болмай, бірге жұмыс істеуге септігін тигізеді.

Бүгінгі өңіраралық форум - Қазақстанның экономикасын дамытуға арналған құрал. Ресейдің ішкі немесе сыртқы саясатына көзқарасымыз қандай болса да, Ресей біздің көршіміз екенін ұмытпайық. Ол біздің көршіміз болып қалады, бола да бермек. Сондықтан үлкен көршімізбен теке-тіреске түспей, екі жақ үшін үлкен жобалар жасауымыз керек”, деді Еркін Аманжолұлы.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер