Құндылықтардың құлдырауы. «Академик» деген атақты есіміме қосуға ұялатын дәрежеге жеттім

5740
Adyrna.kz Telegram
фото: SN.kz
фото: SN.kz

ҒЫЛЫМИ АТАҚТЫҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ

Ғылымдағы арзан атаққұмарлық ауруына апарып соқтыруда «Заманына қарай адамы», «Заманың түлкі болса, тазы болып шал»  деген нақыл сөздер ертеректе ащы мысқылмен айтылғанымен, бүгінгі нарық заманы адамының ой-өресіне дөп келетіндей.

Халқымыздың талай арыстары аңсап, жете алмай кеткен тәуелсіздік заманы экономикадағы «нарық» атты қыспақпен тұспа-тұс келді. Өткен отыз жылда осы аяусыз нарықтың қатал заңына жауап қатуға жаттығып, қоғамдық құрылысымызды қайта орнатып, қыруар нәрсені жаңадан үйренуге тура келді. Еліміз өзінің даму сатысында орасан қиындықтарды артқа қалдырып, елдің тұрмыс-тіршілік жағдайы жөнге келіп, егемендігіміздің іргесі бекіді.

Қазіргі келіп жеткен жаңа халықаралық саяси-экономикалық дағдарыстың алдында да өзімізді біршама еркін сезініп отырғандаймыз. Бірақ, осы жетістіктердің ұзағынан сүйіндіруі және болашақтың іргетасын берік қалау үшін қоғамдық санада орын алған кереғар құбылыстарға зер салып, саралап отыру қажет деп ойлаймын. Алдымен, өзіме етене жақын, осы күнге дейін ыстығымен біте қайнасып, суығына төзіп келе жатқан отандық ғылым саласындағы келеңсіздіктерге тоқталайын.

Мысалы, еліміздің ғылым саласында жалған атаққұмарлыққа жол берілгені айқын. Бүгінде қоғамымызда ғылыми атақтардың «эмиссиясы» (құнсыздануы) орнады деуге болады. Ғылыми атақ-дәреже атаулы қадірінен айырылып, жарнама бизнесінің жалау­ына айналғандай. «Инемен құдық қазғандай» еңбек етіп, ғұмырын ғылымның сүрлеу жолына арнап, бар уақытын кітапхана мен зертханада немесе сынақ алаңында өткізетін, ұзақ жылдар бойғы толассыз ғылыми ізденісінің жемісі ретінде қол жеткізетін «ғылым докторы» деген атақтың құнын жоғалтып алғанымыз анық.

Бұрын академик атағын иеленген тұлғалар ғылымда өз саласының дамуына қомақты үлес қосып, асқар таудай еңбек етіп немесе ғылы­ми ерен жаңалық ашып, ілуде біреу ғана қол жеткізетіндей жағдайда болса, қазір азын-аулақ ғылыми еңбекпен-ақ «академик» атанып жүргендердің саны молайып отырғандығы таңғалдырады. Жалпы, еліміздің Ұлттық ғылым академиясы кеңес дәуірінен кейін қилы заманды басынан кешірді деуге болады. Қайта құрудың сойылы алдымен ғылым секілді нәзік салаға тигені де баршаға белгілі. Еліміздегі өндіріс алпауыттарының өзі айлап-жылдап жұмыскерлерін жалақысыз қалдырған, елді жаппай жұмыссыздық жайлап, көпшілік жұрт ала сөмкесін қолға алып, шағын саудаға бой ұрған, әркім өздігінше күнкөрістің қамына кіріскен, торығу заманындағы ғылымның хал-жағдайының аса мүшкіл болғандығы түсінікті.

Қатардағы ғылыми қызметкерлердің орасан бөлігі ғылымнан жырақ кетіп, бірі шағын бизнес­тен орын тапса, кейбірі шетел асып, күн көрді. Осындай ауыртпалықты шақта еліміздің Ұлттық ғылым академиясы күрделі өзгеріске ұшырап, Ауылшаруашылық академиясымен біріктіріліп, Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің аясына берілді. Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттің ғылым саласының аясында болуы көңілге үміт ұялатқанымен,  бұл да ұзаққа созылмай, өз алдына бөлек ғылыми қоғамдастық болып бөлініп, өзінің қиын тағдырын жалғастырды.

Еліміздің ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаев негізін салған ғылым ошағы – Ұлттық ғылым академиясы өзінің құлдырау кезеңін басынан өткізді, еліміздің іргелі ғылымында дағдарыс орнағандығын мойындауға мәжбүр болған едік. Ғылым саласы ел өмірінің айнасы секілді, кейін ел экономикасы өрлеу кезеңіне бас қойып, ғылымның қаржыландыруы ұлғайған шақта ғылымға жастар ағылып келе бастап, ғылым саласының арнасы да кеңейіп, жемісін иеленген заманға да қол жеткіздік.

Бірақ кезінде еліміздің ғылым саласының басына түскен тауқыметтің салдары ғылыми атақтың құнсыздануына жол берудің басты себебі болғандай. Басында Ұлттық ғылым академиясының 80-дей ғана академигі бар еді, кейіннен, академиктер мен корреспондент-мүшелердің деңгейі теңестіріліп,  академиктердің саны 400-ден асты.

Ал бертін келе, «академик» атағын қолдан жасап алатын жағдайға жетуімізге байланысты, құнсызданып кеткені соншалық, «саны көп, сапасы жоқ» құр көрсеткішке айналғандықтан, қазіргі шамасы да белгісіз.

Еліміздің егемендік алған бастапқы жылдары өзім сыйлайтын  бірнеше көрнекті тұлғалардың «Нью-Йорк академиясының академигі» деген атақты иеленіп жүргендігінен хабардар болып, жалпы мұндай академияның бар екендігін естіп көрмеген басым, мән-жайын сұрастырып көрсем, бұл атақты иелену үшін сексен доллардай жарғылық төлем жасау қажет екендігін біліп, қайран қалып едім. Ал қазір бұл жайт ешкімді таңғалдырмайтын күйге жеттік. Самсаған «күмәнді» академиялардың саны көбейгелі қашан.

Әлемге аты әйгілі ғылым мен білім ордаларының атына жұрнақ жалғап алып, жалған атақ-дәреже тарату кәсібі көркею үстінде, олардың көпшілігінің ғылымға ешқандай қатысы жоқ, түрлі әуестік бағытында аулада құрылған үйірмелер тәрізді. Менің атыма поштамен «Америка биогра­фиялық институты» атты ұйымнан  «ХХІ ғасырдың ғұламасы», «Ғылым үздігі» деген атақтардың тағайындалғаны туралы хабарлама келіп түсті, бұл не деген «батпан құйрық» деп оқып қарасам, соңғы жағында медалі, сертификаты, тағы сол секілді қосымшаларымен, бұл атақтардың бірінің құны мың доллардай сомаға шағылып, бағаланған прейскуранты қоса салынған екен.

Атыма арнайы келген, аты даңғазадай, осындай «тағайындалғанның» жалпы саны оннан асқан, ішінде Еуропалық Бизнес ассамблеясының (Оксфорд, Ұлыбритания) «Ғылымдағы есім» атағы бар (халықаралық Сократ Комитетінің тапсырысымен деген желеумен). Тек жолсапар, қонақжай шығынын, медалі мен орденін, дипломын әзірлеу құнын өзің көтерсең болғаны, батыстың жалған «атақсымағының» салтанатты қошеметпен тапсырылуына қатысып, қалауыңша күмпиген атақтың «қадірменді» иегері болып шыға келесің.

Көбінесе, батыстық «әріптестеріне» ресейлік компаниялардың делдал болып жүргендігін, ғы­лымды бизнестің көзіне шебер айналдыра алатындығын, соңғы уақытта жалған атақ-дәреженің құны бас-аяғы 7000 еуроға шағылғандығын да естимін. Осындай бизнеске бейімделген «акаде­миялардың» пошта жәшіктеріне салып тарататын жарнама қағаздарына сәйкес, жарғы-төлемі үшін ұсынатын жалған «атақсымақтарын» маңғазданып, иеленіп жүргендер де ортамыздан мол табылады. Құдайға шүкір, мұндай ұсыныстарды ешуақытта қабылдаған емеспін.

Шынтуайтына келгенде, аталған келеңсіз көрі­ністер адамның өз басын сыйлауды ұмыт­қандығын былай қойғанда, айлакерлік бизнеске қолдау көрсетумен тең. Оңай пайда табуды көздеген «іскерлер» атаққұмарлық секілді адамның пендешілікке бас ұратын, осал тұстарын тауып, табысқа кенелгендей, ал бұл жайт жаппай індетке айналып,­ қо­ғамдық сананың арнасын теріс бағытқа әкетуде. 1982 жылғы Америкаға барған алғашқы сапарымның бірі осы атаққа байланысты бір оқиғасымен есімде қалып еді.

Техастағы ғалым досымның арнайы шақыруымен жолға шыққан болатынмын, ұшу кестесі өзгергендіктен бе, ұшақтан түскен бетімде қарсы алушылармен бірден кездесе алмай қалдым. Шақыру құжат­тары багаждағы портфелімде қалған, енді аэро­порттағы залға өтуім қажет, білетін азын-аулық ағыл­шыншамды салып, алдымды бөгеген полицияға: «Шақырумен келген академикпін» дедім.

Сөйтсем, полициялық түнерген қалпынан еш өзгермейді, сөзімнің, тіпті, ешқандай әсері болмады. Мен осы сәтте қалған   ағылшыншамды жинап: «Мен дәрігермін» дедім. Полициялықтың  бірден түрі өзгеріп, жүзі жылып сала берді. Постыға барып, «бұл дәрі­гер, жіберіңдер», деп бөгелген жолымды ашып, құрмет көрсеткен еді.

Бұл жайт олардың қоғамында «аты бар, заты жоқтың» бұрыннан-ақ қалыптасқандығын көрсетеді.

Біз де көп ұзамас­тан, солардың кебін кидік, нәтижесінде, қазір көбінесе, «академик» деген атақты есіміме қосып айтуға ұялатын дәрежеге жеттім. Ғылымда жарты ғасырдан асатын уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп, иеленіп келе жатқан абыройыма нұқсан келетіндей болып көрінеді. Жалған жарнамашылықтан орасан пайда түсіруді кәсіп еткен осындай транс-атлантикалық ком­паниялардың «үлгі-өнегесін» отандастарымыз да үйрене бастаған.

Оның мысалы, біздің академиямызға Ұлттық бизнес-рейтинг бойынша «Сала үздігі» атағына ұсынылғанымыз туралы хат келді, аты естілмеген ұйымдардан тұратын сала құлаш тізімді алға тартқан. Ең қызығы, бұл сайысқа қатысудың және түрлі атақ-медалін иеленудің құны жағынан олар америкалық «әріптестерінен» асып түседі екен.

ЖАЛҒАН-РЕЙТИНГ ЖӘНЕ ШАҒЫН ШЫНДЫҚ

Отандық «іскерлеріміз» жеке тұлғадан емес, корпоративтік тұрғыдан жалған-рейтинг арқылы табысын молайтуды ұйғарып, «тапқырлық» танытқандай. Осыған ұқсас істің бірі - «Кімнің кім екендігі» («Кто есть кто») атты еліміздің көрнекті тұлғаларына арналған кітаптың шығарылуы.

Атышулы кітапты қолыма алып, қарап шыққан кезде оған енгізілген адамдардың тізімінің ала-құлалығы бірден көзге шалынды, кітапқа әр саланың майталмандарымен қатар елге қандай еңбек сіңіргені белгісіз жандар қатар енгізіліпті. Еліміздің ғылымында өз саласының ауыр жүгін сүйретіп, алға алып шыққан, ұшан-теңіз еңбек сіңірген жандарды еңбегін салыстыруға да келмейтін адамдармен бір қатарға қою – ар алдында ұят іс емес пе? Әрине, «өнерге әркімнің де бар таласы» деген, көсілтіп кітап шығару қазір өнерге айнал­ғанымен, ғылым-білім саласына қатысты мұндай ала-құлалықты – әділетсіздіктің шыңы деп білемін.

«Бизнестегі табыс» атты заманауи сайыстың жүлдегерлері қатарында да көбінесе, көпшілікке белгісіз, жаңа есімдерді байқаймыз. Кеше құрылған бизнестің бүгінгі «майталманы» болып шыға келу де – күмәні мол көрініс. Шынайы атақтың орнын ақша-атақ басқан, қадірі қашқан заманның бірінде өмір сүріп отырғандаймыз.

Жалған атаққа ие болып жүрген жарандардың өзгемен қатар өздерін алдап жүргендерімен ісі де жоқ болғаны ғой.

Бұл жайттар бүгінгі өмірі­мізде «тәтті өтіріктен ащы шындық артық» деген ұғымның қоғамдық санадан алыстап бара жатқандығын көрсетеді. Өмірдің мәнін құ­райтын, мамандықтың шынайы шебері болуға ұм­тылыс секілді дәстүрлі және қоғам үшін пайдалы үрдістің кешегі күннің еншісінде қалуы – қынжылтатын көрініс. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, бұл аласапыранның соңы еліміздің ғылымын  қандай қайраңға апарып соғары белгісіз.

Ересектердің осындай үлгі-өнегесін көріп өскен, «ақ пен қараны» айырып үлгермеген, жаһандану заманының «пепси-ұрпағы» атанған жастарымыздың санасы қауіпті үрдіске батып, улануға ұшырап жатқандығы айқын. Шынайы ғылым туралы жаңсақ пікір қалыптастырған жастарымыз болашақты қандай жетістіктерімен қарсы алмақ? Ғылымға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» адамдардың есімдеріне ілеспе етіп, ғылыми атақ-дәреже қосып алатынды әдетке айналдыруы  бүгінгі күннің көріксіз келбеті.

Мысалы, билік органдарында жауапты қызмет атқарған қызметкерлердің жұмысбастылығы баршаға аян, сонда олардың қай уақытта мәні зор ғылыми диссертация жазып, оны қай уақытта қорғап үлгеретіні белгісіз, бірақ, қазір ішінде «ғылым докторы» деген атақты қанжығасына байламағаны кемде-кем. Шығарып жатқан кітаптары жоқтары да табылады.

Осы жағдайға байланысты соңғы кезден келтіретін оң мысалдардың саны саусақпен санарлық қана. Еліміздің мемлекеттік басқару саласында лауазымды қызмет бабында жүрген тұлғалардың бірі – Мұхтар Құл-Мұхаммед ғылымда тікелей еңбек етіп, ғылым докторы атанып, осыдан кейін ғана басқару саласына бет бұрғаны белгілі.

Осы секілді азаматтың бірі Әлихан Бәйменовтің өмірбаянын оқысам, қатардағы ғылым кандидаты екен, оның өзін бастапқыда ғылыми институтта еңбек еткен кезінде  иеленген. Бұл азаматтың атқарған биік қызметінде жүріп, мысалы, облыс әкімінің орынбасары болған кезінде, ғылым докторы дәрежесін алуға мүмкіндігі жеткенімен, ар-ұятының жібермегені түсінікті.

Көп жалғанның арасынан «ат төбеліндей» шындық тапқандай сезімде болдым. Осы орайда, оқырманға өз өмірімде орын алған тағы бір жайтты айтқаным дұрыс болар.

Мен Кеңес заманынан бері Ресей медицина ғылым академиясының толық мүшесі болғандығыма сәйкес академияға шетелдік мүшелерді енгізуге құқығым бар, осыған байланысты еліміздің бір азаматы жалынып, өтінуіне орай Ресей медицина ғылымы академиясына шетелдік мүшесі ретінде қабылдануына ықпал еттім.

Ал қазір қарасам, өзін осы академияның толық мүшесі ретінде санайды, айтылған екі атақтың арасындағы жер мен көктей айырмашылықтың қалтарыста қалатындығын қоспағанда, Ресей медицина ғылымы академиясының есігін де ашпаған жанның көрер көзге күмпиіп, осы академияның академиктерімен «терезесін теңестіріп», «жейдесіне сыймайтындай» күйге жетіп-артылғандығын көргенде, осы жайт үшін әрдайым көңіліме ыңғайсыздық сезімі ұялайды.

Соңғы кездегі ғылым менеджментінде орын алған жақсы жаңалық – жоғары «Phd» дәрежесін иелену үшін міндетті түрде докторантураны тәмамдау қажет. Осындай тосқауылды жағдай ғана ғылымдағы жаппай дәреже құмарлыққа деген тәбетті азайтып, жалғандықты жоюға апарады деген үміттемін.

Жалған атаққұмарлықтың ұлтымыздың болашақтағы қарымына қайшы нәрсе екендігі түсінікті. Жалғандық жайлаған қоғамдық санаға шынайылық сипат беру уақыт өткен сайын күрделеніп, шиеленісе түспек.

ЖАСАРҒАН ТОЙҚҰМАРЛЫҚ

Қазір қоғамда тағы бір көңілге көлеңке ұялатар жайттың бірі – «жазылмаған заңға» айналып бара жатқан, індет секілді таралған көрініс – жаппай тойқұмарлығымыз.

Дарқандықтың да шегі бар, «ас та төк» етіп жайған үстелдерінің арасында көлік қатынайтындай, даңғаза той жасаудың тіпті, жалпы ел көлемінде экономикамыздың дамуына тигізетін зияны зор. Бұрын мерейтойлар 60 жастан бастап өткізілетін еді, қазір жалпы «мерей» ұғымы жасарған сыңайлы, себебі, 40-50 жастық мерейтойлардың ауқымды түрде тойлануының жиі куәсі болып жүрміз. Жыл сайын елімізде мыңдап өткізілетін тойлардың атрибуттарының алуан түрі мен бағалы сыйлықтарының мол көлемі халықтың басым көпшілігінің жалақы мен зейнетақыға қараған, сын көтермейтіндей хал-жағдайына сай келмейтіндігі айқын.

Ата-аналардың балаларының үйлену тойын жасау үшін пәтерін жалға қойып, банк­тен қарыз алуға дейін баратындығы, ал кейін пәтерінен айырылып қалатын жағдайлардың да кездесуі – бүгінгі өмірдің ащы шындығы. Бұл біздің өмірімізде қоғамдық сананың жеке адамның санасын билейтіндігінің айқын мысалы, сондықтан, алдымен, қоғамдық сананы дұрыс бағытқа бұруымыз қажет. Жуық арада қалыптасып үлгерген жаппай тойқұмарлық, астамшылық, ысырапшылдық әдетіміз қоғамдағы қайшылықтың айнасы тәрізді, бұл жағдайдың кім үшін пайдалы екендігі мүлде түсініксіз.

Қаншама еңбектің жемісі зая кететіндігін ойлауға мұршамыз қалмаған, эстафета жарысында жүгірген спортшыларға ұқсаған сыңайлымыз. Озық білім, жоғары мәдениет, үлгілі еңбек тұрғысынан өзара бәсекелестікке түсу ойымызға келе бермейді, ал тойға келсек, бәсекеге бел шешіп түсетініміз неліктен?

Тарихтан мерейтойларды тәрбиелік мәнді түрде атап өтудің мысалын келтіруге болады. 1937 жылы орыстың ұлы ақыны Пушкиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның шығармаларының жинағы орасан таралыммен шығарылып, қияметі мол сол жылдары халыққа тірек болғандығы баршаға аян.

Біздің де халқымыздың бас иетін дана тұлғалары, ойшыл-ақындары Абайдың, Жамбылдың мерейінің құрметіне арнап мыңдап киіз үй тігіп, ат шаптырып, бәйгеге бағалы сыйлық тігіп, той-думан өткізудің орнына шығармаларының жинағын мол таралыммен халық арасында таратып, әр отбасында дәріптеу шараларын ұйымдастырсақ, халқымыздың мәдениеті мен ой-өресін көтеруді арман еткен осы әзіз тұлғалардың үндеуі өскелең ұрпақтың көңіліне жетіп, көпшілікке бір мезгіл терең ой түсіп, ұлттық санаға үлес қосатын келешекті іс болар еді.

Кейінгі тәуелсіздік алған жылдарымызда дәстүрге айналған «Әуезов оқуларын» ұлы Абай жолының басты дәріптеушісі, классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің зердесі мол әдеби мұрасының халық арасында кеңінен тарай бастау­ына септігін тигізген, осы арқылы ағартушылық мақсатты көздеген, зиялылық ұшқынындай, сирек заманауи шара ретінде ауыз толтырып атауға болады.

Бүгінгі заманымыздың белгісіне айналған қынжылысты көріністердің шығу себебі – құндылықтардың құлдырауы болса керек. «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың дана сөздерін өскелең ұрпақтың құлағы қазір шала бермейді, жас ұрпаққа осындай тағылым беретін үлкендер саны да азайып бара жатқандай. Бір сөзбен айтқанда, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» ғана жүретін, мамандығының  қыр-сырына үңіліп, үйренуге тырыспайтын, саяз ойлы,  тоғышар ұрпақ тәрбиелеп жатқандаймыз. Құндылықтардың бүгінгі құлдырауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең. Болашақта опық жегізбес үшін қоғамда қазіргі қалыптасқан жөнсіз-жосықсыз мінез-құлықты, зия­нды әрекеттерді жою жолында қоғамдық күштерді жұмылдырғанымыз жөн. Халқымыздың болашақта өркениет көшіне ілесіп, ілгері дамуы үшін өзгені де, өзімізді де сыйлай білетін, ішкі-сыртқы мәдениетімізді танитын уақыт жеткендей.

Төрегелді Шарманов

 

 

 

 

Пікірлер