Ғылым саласында қандай өзгеріс бар?

1315
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Сол тәуелсіз мемлекет ғылымының ашық моделін қалыптастыра алып отырмыз ба? Ол бағытта қандай кешенді шараларды жүзеге асып жатыр? Ғылымды дамытудың жаңа жолы қандай? Мемлекетіміздің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының бір-бірімен байланысы қандай деңгейде? Осы сұрақтарға Адырна ұлттық порталының тілшісі жауап іздеген еді.

Жаңа статус – жаңа көзқарас

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ғылымын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің бастамасымен ғылымды дамытудың кешенді жобалары әзірлене бастады. Оған нақты мысал ретінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық ғылым академияға жаңа статус бергенін айтуға болады. Ол статус тың, яғни  «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы» деген атауынан-ақ ғылым саласы тікелей мемлекет басшысының назарында болатыны аңғарылып тұр. Сондай-ақ, қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы дайындала бастады. Бұл қадам қазақ ғылымын дамытудың заңдық негізін қалап береріне сенім мол.

Ғылымға 150 миллиард теңге қаржы бөлінді

Әрине, ғылым академиясының статусын өзгерту мен заң қабылдағаннан ғылым дамып кетпейді. Ғылымға қаржылық қолдау жасалмай, алға жылжу мүмкін емес. Осыны терең түсінгендіктен де, мемлекетіміз биыл ғылымға 150 миллиард теңге бөліп отыр. Яғни, алдағы уақытта ғылымды насихаттау, ғалымдарға қолдау көрсету, мықты жас кадрларды дайындау, жаңа жобаларды іске асыру ісі қарқындары сөзсіз. Мысалы, бүгінде ғылымды дамыту концепциясын жасау мақсатында соңғы 30 жылда жасалмаған шаруалар қолға алына бастады. Еліміздегі салалық академиялар мен ғылыми қауымдастық өкілдері бас қосып, ғылымды дамытудың ортақ жолын іздей бастады.

Жалпы алғанда қандай мәселе болмасын, оның соңғы тірелер тұйығы – қаржы. Барлық мәселе ол қаржыға барып тіреледі. Нақты ресми деректерге сүйенсек, соңғы он жыл ішінде Қазақстанның ғылымды қаржыландыруға бөлген қаржысы мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 0,13%-нан асқан емес. Болашақта бұл көрсеткіш ЖІӨ-ді 1%-ына жетпек. Демек, бүгінгі таңға дейін ғылым саласына бөлінетін қаржы  100 миллиард теңге шамасында болып келсе, болашақта бұл сомма  1 триллион теңгеден асатын болады.

Жаңа бағдарлама – жаңа қадам

Академияның статусы өзгеріп, қаржы мәселесі шешілген соң, ескі сүрлеумен жүруге болмайды. Сондықтан да, «Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» күшін жойып, жаңа бағдарлама қабылданды. Ол бағдарлама «Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» деп аталады. Енді аталған тұжырымдама аясында ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделін енгізу бағытындағы жұмыстар қолға алынады деген сөз. Академия ғылыми жаңалықтардың жүрегіне айналып, ғылыми зерттеулерлер жүргізе бастайды. Әр саланы дамытатын ғылыми сараптамалық қызметтер жасап, форсайт-зерттеулер жүргізіп, оны  мемлекет басшысы айтқан «…ғылым тұтастай алғанда ел экономикасына жұмыс істеуі тиіс» деген қағидаға негіздейтін болады. Оның нақты мысалы Академиядағы ғалымдар мен бизнес өкілдері арасындағы байланыстың орнай бастауынан-ақ  байқауға болады. Кәсіпкерлермен ғана емес, ғалымдар мен кез-келген сала мамандарының арасында өзара байланыс орнатыла бастағаны болашақта еліміздегі әр саланы дамыту ісі тікелей ғылымға жүгінетінін көрсетеді. Яғни, әр сала ғылыми инновацияларды негізге алып, бұл жайт экономикалық өсуді қамтамасыз етері сөзсіз. Бұл мемлекетіміздегі барлық салаға жаңа мүмкіндіктердің жолын ашып береріне сенеміз. Осылайша, жаңа бағдарлама – жаңа қадам жасауға мүмкіндік бермек.

Академияның аяқ алысы қандай?

Статусы өзгеріп, қаржысы көбейіп, жаңа бағдарламасы қабылданған академияның аяқ алысы қандай? Ендігі заңды сұрақ осы болары өздігінен белгілі.  «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы» бүгінде тұтастай еліміздің әр өңірінен келген 200-ден астам ғылыми жобаны сүзгіден өткізіп үлгерді.  Сол 200-ден аса ғылыми жобаның  10-нан астамы оңтүстік астанамыз Алматы қаласының мәселелерін шешуге бағытталған. Академия жобаны өзара саралап қана қоймай, оны іске асырудың да жолын қарастырып отыр. Арнайы Алматы қаласы әкімдігіне жобалық ұсыныстар дайындап, ол ұсыныстар қала әкімінің тарапынан қолдау тапты. Бұл тек Алматы қаласына ғана қатысты іс емес. Алдағы уақытта академияның сынынан өткен ғылыми жобалар тиісті органдарға таныстырылып, олардың қолданысқа енуі мәселесі де назардан тыс қалмайды деген сөз.

Жас ғалым – ел ертеңі...

Жаңа статус алып, мемлекеттен қаржылай һәм заңдық тұрғыда қолдау алған Ғалымдар академиясы енді жас зерттеушілердің мәселесіне де баса назар аударатын болады. Қазақстанда бүгінгі таңда 22 655 ғылыми кадр бар. Сол 22 655 кадрдың 36 пайызын жастар құрайды. Бұл орайда Академия мемлекет ішіндегі һәм сырттағы талантты жас ғалымдарды ғылыми ортаға тартуы керек. Бүгінде  Академия 1000-ға жуық белсенді, білікті жас ғалымдардың  жұмыс тобын құруы біз айтып отырған жас ғалымдарды ғылыми ортаға тартуы ісі қолға алына бастағанының белгісі. Жұртшылық арасында Қазақстанның ғылымына деген сенімсіздік бар. Оған басты себеп, отандық ғылым, ғылыми жаңалықтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталмайды. Ғалымдардың жетістіктері идеологиялық тұрғыда дәріптелмейді. Қазақстан ғалымдары ашқан ғылыми жаңалықтардан қоғам бейхабар. Телеарналардан ғылыми бағдарламалар ашу, сайт-порталдарда ғылымға қатысты контенттерді көбейту, әдеуметтік желінің күшімен ғалымдарды Қазақстан қоғамының басты қаһармандарына айналдыру, т.б жұмыстар қолға алынбай, жас жеткіншектердің ғылымға деген сүйіспеншілігін ояту мүмкін емес. Сол себепті де, жаңа статус алып, қайтадан қарқынды даму жолына түскен академия елдің ертеңі  жас ғалымдардың қолында болатынын естен шығармаса дейміз.

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер