Жұма намазда қазақ тұлғаларының өмірі де уағыздалуы керек – Дінтанушы

4418
Adyrna.kz Telegram
Фото: ummet.kz
Фото: ummet.kz

Соңғы кездері діни мәселе қазақ қоғамында ерекше қызу талқыланып жатыр. Хиджаб дауынан бастап, сақал-мұрт қоюға дейінгі мыңдаған даулар көпшілікті жалықтыра бастауы да мүмкін. Алайда дін мәселесіне жеңіл-желпі қарауға әсте болмайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайтын мешіттерде тек пайғамбарлар мен сахабалардың өмірі мен діни қызметі жиі насихатталады. Ол діни тұлғаларға еш қарсылық жоқ, әрине. Алайда мешіттерде өзіміздің тарихи тұлғаларымыз да неге дұрыс насихатталмайды? Осы және өзге де сұраққа дінтанушы Кеңшілік Тышқан жауап берді.

Дінтанушының айтуынша, имамдар қазақтың тарихи тұлғаларын жақсы танымайды. Себебі ол медреседе қазақтың тарихы оқтылмайтынын ескертті.

«Бізде Абай мен Шәкәрімнен басқа дәріптеліп жатқан ешкім жоқ. Ешкім жоқ дегенде тарихи тұлғалар көп, әйтсе де кітаптары басылып, қолжетімді болатын материалдар аз. Мысалы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан «Бабалар сөзі» секілді кітаптарға көпшіліктің қолы жете бермейді. Одан кейін медреседе қазақтың ғұламаларының ілімі мен рухани сабақтастығы деген дүние дәріптелмейді. Оның үстіне медресеге баратын балалардың мектептегі үлгерімі көңіл көншітпейді. Ұлттық бірыңғай тестен төмен балл алғаннан кейін шығармашылық емтихан арқылы діни оқуға түсуге тура келеді. Сол себепті олардың потенциалы төмен болып, балалар қазақтан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын жаттай алмай жатады.

Ал енді  Арабстандағы діндер тарихы, пайғамбарлар мен сахабалар тарихы деген көз алдында дайын тұр. Соларды бір-екі рет оқып алып, уағыз айта береді. Өзіміздің рухани тұлғаларымызды сол секілді кітап етіп жазып берсек, олар оқитын еді. Әрине, бәрі болмаса да оқып, зерттеп диссертация қорғап жатқан діни басқармада бірең-сараң азаматтар бар. Бірақ медреседе жалпы оқытылмай, яғни, шағатай және төте жазудағы қолжазба материалдар зерттелмей бұл мәселе түбегейлі шешілмейді. Өйткені мешіттерде қаншама қолжазба жатыр, бірақ оны зерттейтін адам жоқ. Қазір мешіттерде шағатайтану бойынша курстар өтіп жатыр. Бірақ қазақ дін ғұламаларының өмірін терең зерттеуге имамдардың уақыты жоқ шығар. Себебі екі-үш имамның жаназа мен құдай тамақтан қолдары босамайды. Одан басқа оңалту және қайрымдылық жұмыстары бар. Мешіттегі адам бос отырмайды», – дейді дінтаншушы.

Кеңшілік Тышқан бұл мәселені түбегейлі шешу үшін «Нұр-Мүбарак» университетінің исламтану мамандығының ішіне қазақ ағартушыларының көзқарастарына қатысты нақты жаттайтын медреседен бастап арнайы бағдарлама жасау керек екенін айтады.

«Ата-бабамыз кім болған, ханафи мазхабын қалай дәріптеген, өлім мен дінді қалай жеткізген деген мың сан сұраққа жауап беру керек. Имамдар осы және өзге де сұрақтарға жауап тапса, қазақи мәселеге келгенде жүйрік болар еді. Білімді имамдарымыз баршылық, әйтсе де көптеген имамдарымыздың мектептегі үлгерімі нашар болған немесе бұзық болған соң тәртіпке келсін деп діни оқуға берген жағдайлар бар. Ешкім қазір өзінің 120-130 бал алған баласын медресеге білім алсын деп бермейді. Ондай дәрежеде білім алған баланы экономикалық немесе халықаралық қатынастар секілді мамандыққа сүйрейді. Мектепте төмен оқыған баланың медресеге түсіп, имам болғаннан кейін қабілеті артып кетпейді. Әйтеуір халыққа өзінің білгенін айтады. Бірақ Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда имамдардың деңгейі өсіп келе жатыр. Мысалы жұма намазда кейбір имамдар қазақ ғұламаларының өмір жолынан үзінділер келтіріп, айтып жатыр. Бірақ өзіңіз айтқандай қазақтан шыққан тұлғалардың өмірі мен олардың діни ұстанымдарын айту үшін тарихи деректерді жақсы білу керек», – деді ол.

Мысалы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арқылы мешіттерде әр жұма сайын белгілі бір тақырыпта уағыз айтылады. Қазақтан шыққан батырдардың ерлігі мен билердің әділ шешімі және Алаш арыстарының өмірі туралы бір айда бір немесе екі рет жұма намазда уағыз жүргізуге бола ма? Мүфтият қазақтан шыққан тұлғалардың өмір-өнегесін дәріптеуді міндеттеу керек шығар?

Кеңшілік Тышқан мұның өте орынды ұсыныс екенін айтады. Әйтсе де ол әр имамның деңгейі әр түрлі екенін ескертті.

«Мысалы қазір мен Шығыс Қазақстан облысында жүрмін. Мұндағы имамдар уағыздарында шығыстан шыққан діни тұлғаларды дәріптейді екен. Сіз айтып отырған ұсыныс бір жағынан дұрыс шығар. Себебі әр жұмада оқылатын уағызды мүфтият дайындап береді. Сондықтан да діни басқарма қазақ тұлғаларының ғибартты өмірі айына бір рет мешітте уағыздалсын деп бекітіп беру керек шығар. Адамгершілік, инабаттылық, кісі ақысына қатысты дүниелерді қазақ тұлғаларының ішінен тауып алуға әбден болады. Әйтсе де осыны дайындайтын уағыз-насихат бөлімінің мамандарының да әлеуеті керемет болмай тұрған шығар деп ойлаймын. Оларға интернеттегі дайын араб, түрік тіліндегі материалдарды алып, ұсынған оңай шығар. Сол себепті сіздің айтып отырған ұсынысыңыз өте орынды. Себебі халық арасында исламфобиялық көзқарастың белең алып келе жатқанын көріп отырмыз. Ал діннің беделін көтеру үшін біз өзіміздің рухани ұстанымызға оралуымыз керек», – деді дінтанушы.

Пікірлер