Киіз үй мен ою-өрнек туралы не білеміз?

5024
Adyrna.kz Telegram
Фото: Altyn-orda.kz
Фото: Altyn-orda.kz

Киіз үй мен ою-өрнек – қазақ халқының ежелгі заманнан бері қалыптасқан дәстүрлі көркем өнерінің көрінісі. Шын мәнісінде қазақ халқы ежелден ою-өрнек арқылы ойын жеткізіп, киіз үйді қасиет санаған. Тіпті «керегең кең, шаңырағың биік болсын» деген ақжарма тілектер де киіз үйдегі жабдықтармен байланысты айтылған.

Киіз үй – көшпелі өмірдің тұрмысына лайықтап жасалған жылжымалы баспана. Киіз үйді жинау, қайта құру, онымен көшіп-қону да ыңғайлы.  

Тарихымызға көз жүгіртсек, киіз үйдің жабдықтары, безендірілуіне қарай бірнеше түрлері болған. Олар: ақ үй, ақ орда, боз үй, алты қанатты, төрт қанатты сынды.

Киіз үйдің бөліктері қандай?

Киіз үй кереге, уық, шаңырақ атты үш элементтен тұрады.

Кереге – жылжымалы тор көз. Қазақ тілінде «кереге» сөзі — киіз үйдің ағаштан жасалған ең негізгі бөлігі, қабырғасы екені анық. «Қабырға» болмаса үй де болмайтыны белгілі. Демек, киіз үйде ең маңызды бөлшектің бірі – кереге.

Кереге басы мен шаңырақты жалғастыратын ағаш болады. Ол – уық. Оның саны үйге бекітілетін кереге басының санына тең болады.

«Шаңырағың берік болсын», «Шаңырағың шайқалмасын», «киелі, қасиетті шаңырақ» сөз тіркестері қазақ тілінде кеңінен қолданылып келеді. Киіз үйдің төбесі – шаңырақ. Шаңырақ – атадан балаға мұра ретінде қалып отыратын киіз үйдің киелі бөлігі.

Киіз үйдің бұлай аталуы киіздің жабылуына байланысты. Кереге, шаңырақ, қабырғалар бір-бірімен матаса байланған соң, үстіне киіз жабылып, үйдің негізін құрайды. Кейіннен киіз үй сәнделіп, ою-өрнекпен әшекейленеді. Тұрмыстық жабдықтар мен есік, сықырлауық болады.

Киіз үй мен ою-өрнектің байланысы

Қазақ болмысынан  өте өнерлі, ісмер болғандықтан ұлттық
ою-өрнекпен ойды білдірген халық. Ою-өрнек саласы - бірнеше ғасырдан бері атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, қолданыстан ешқашан шықпаған өнер түрі.

Мәдени өмірде өнердің өшпес асыл мұрасы болған ою-өрнек киіз үйде, көрпе-жастықтарда, жиһаз жабдықтары мен әшекей, киімдерде бейнеленген.

Ою арқылы молшылықты, әсемдікті, сұлулықты жеткізуге мүмкіндік болған. Күйбең тіршіліктің ізін, байтақ даланың әсемдігін, салт-дәстүрді күнделікті тұрмыс бұйымдарына оюмен нақыштап, әшекейлеп, қалдырып отырған.

Тарихшылар мен ою-өрнекті зерттеушілер, мәдениеттанушылардың айтуынша, ежелгі заманнан бері тұрмыста қолданған ою-өрнектердің мәнінің астарында халқымыздың табиғаттан алған әсері мен сол кездің тұрмысын сипаттап, тамаша суреттер мен ою арқылы дәлме-дәл түсіруге деген ұмтылысы жатыр.

Белгілі зерттеуші Зейнолла Сәнік өз еңбектерінде әрбір өрнекке жеке тоқталып,  астарында жатқан құпияны ашуға тырысқан. Зерттеушінің пікірінше, қарапайым айбалта - күш-қайраттың, сусын ішуге арналған торсық – тоқтықтың құпия белгілерін білдіргенін айтады.

Ою-өрнек нені білдірген?

Жас қыздар мен жігіттердің күнделікті киіміне, жаңа отауға, киіз үйге оюдың құсмұрын белгілер көп түсірілген. Себебі «Құсмұрын» оюы - ұшқан құстай самғай беруді, ерікті, бақытты болуды білдірсе керек-ті.

Халқымызда кеңінен тараған оюдың бір түрі – түйетабан. Олар керуенге, малдың жабуларына бейнеленіп, алыс жолды меңзеген. Ал «Итқұйрық» оюы жақын мекенді білдірген.

Халық арасында ең қадірлі оюдың бірі ол – қошқармүйіз. Тіпті бұл ою түрін барлық жерге кестелейді: киіз үйге, үй жабдықтарына, киімге.

Қазақ халқы үшін киіз үй – бостандықтың символы саналса, ою-өрнек – мәдениеттің мәйегіне айналған.

Пікірлер