АМТ-нің жаңа инвесторын жариялау үшін 40 күн керек болды

2531
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы атанды. Осылайша Лакшми Митталдың акциялары ресми түрде Қазақстанның қарамағына өтті. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жаңа инвестор – Allur компаниялар тобы, Андрей Лаврентьев. Оларға басқару құқығы алдағы бір-екі күнде көшеді»,—деп түсіндірді министр.

Қанат Шарлапаев келіссөз кезінде мемлекет активтердің жалпы құнын 3,5 миллиард доллардан 286 миллион долларға дейін төмендеткенін атап өтті.

Айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы Қазақстанға берілетіні туралы ақпарат Костенко шахтасындағы апаттан кейін тараған еді. Жаңа инвестор 46 шахтердің өмірін жалмаған апатқа 40 күн толғаннан кейін жарияланды.

Андрей Лаврентьев 1979 жылы 29 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. "Әділет" жоғары заң мектебін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. Бүгінгі таңда ол — "АгромашХолдинг" ЖШС және "СарыарқаАвтоПром" ЖШС кіретін "Allur компаниялар тобы" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы және акционері. Топ автомобильдерді өндірумен және сатумен, сондай-ақ Қазақстан аумағында Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтеріне сервистік қызмет көрсетумен айналысады.

Пікірлер