Саида Мирзиёева әліпби мәселесіне нүкте қою керегін айтты

1013
Adyrna.kz Telegram
Фото: Telegram/ @AsanovEldar.
Фото: Telegram/ @AsanovEldar.

Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін реформалау туралы талқылаулар мен дауларды тоқтатып, оған қажетті өзгерістер енгізу қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы ол 11-12 желтоқсанда Ташкентте өтіп жатқан жәдидшілдік қозғалысы мен идеяларына арналған конференцияда айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Іс-шараның ашылуында сөз алған Саида Мирзиёева жиналғандардан тұсаукесерде берілген «Өзбекстан» сөзінің қайсысы дұрыс жазылғанын сұрады. Ол ел, ұлт атауының әр түрлі әрі қате жазылатынын, мұны түзету қажеттігін айтты.

«Өйткені біз өз ұлтымыз, мақтанышымыз, еліміздің аты туралы айтып отырмыз. Шынында да, әліпби реформасы жаңа талқылаулар, даулар мен күтпеген қаржылық шығындарды тудыруы мүмкін. Бірақ, тағы да атап өтейін, Отан, ұлт атын дұрыс жазуға келгенде, мұндай пікірталастарды, дауларды тоқтатып, әліпбиге белгілі бір өзгерістер енгізіп, сол арқылы әліпби мәселесі түбегейлі нүкте қою керек деп есептеймін. », - деді мемлекет басшысының көмекшісі.

Оның айтуынша, қазір тарихи қателіктерді түзету үшін саяси ерік пен жағдай бар, сондықтан «жұмыла» әрекет ету қажет.

«Бұрын көп қателік жібердік, ел дамуына, ұлттың дамуына қызмет еткендерді масқара еттік, зиялы қауымды, мұғалімдерді құлға айналдырдық. Менің ойымша, бұл тарихи қателіктер ұзақ уақытқа әсер етеді. Бірақ бір нәрсе анық: бүгінде бұл қателіктерді түзететін саяси ерік те, мүмкіндік те, жағдай да бар. Бұл мүмкіндікті жіберіп алсақ, ортақ идеялардың төңірегінде бірікпесек, бір сөзбен айтқанда, бір күш, бір жұдырық болып әрекет етпесек, бізді болашақ кешірмейді», - деді Саида Мирзиёева.

Конференция Ұлттық БАҚ-ты қолдау және дамыту қоғамдық қорымен, Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік мұражайымен, Ғылым академиясымен және Түркі мемлекеттері ұйымымен бірлесіп өтуде. Оған АҚШ, Жапония, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан және Әзірбайжанның зерттеушілері мен ғалымдары қатысады.

2020 жылдың қазан айында президент Шавкат Мирзиёев елдегі өзбек тілін дамыту және тіл саясатын жетілдіру туралы жарлыққа қол қойды. Құжатта үкіметке латын графикасына негізделген әліпбиге түпкілікті және толық көшуді қамтамасыз ету үшін жұмыс тобын құру тапсырылды.

Кейбір әріптерді өзгертуді және әліпбиді жеңілдетуді қамтитын латын графикасындағы жаңа өзбек әліпбиінің жобасы 2018 және 2021 жылдары кейбір өзгерістермен талқылауға жарияланса, 2023 жылы оның баламалы нұсқасы талқыланды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер