Бүгін - Алашорда күні

1221
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - Қазақстан мемлекеті үшін, Алаштықтар үшін айтулы күн. Осыдан 106 жыл бұрын, 1917 жылы 13 желтоқсанда Алашорда үкіметі құрылған болатын. 

Сол күні съезде бірінші баяндаманы Әлихан Бөкейхан оқыды. Әлихан Бөкейхан жасаған баяндамасы негізінде шығарылған қаулыда Қазақ автономиясы, милиция және Ұлттық кеңес мәселелерін қарау үшін жеті адамнан тұратын комиссия құру туралы шешім қабылданды.

Ұлттық кеңес туралы баяндама

Екінші жалпықазақ съезінде құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, полиция және Ұлттық кеңес туралы баяндама оқыды.

Халел Ғаббасұлы автономияны құрудағы Әлихан Бөкейхановтың рөлін ерекше атап өтіп, жаңа автономияны «Алаш» деп атауға ұсыныс жасады. Осылайша 1917 жылы 12 желтоқсанда съезд делегаттары ұзақ талқылаудан кейін уақытша ұлттық кеңес – Алаш Ордасын құрады. Осы талқылау барысында көпшілік дауыспен Алаш Орда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды.

Әлімхан Ермеков кейіннен бұл туралы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы No28 санында: «12 желтоқсанда түскі астан кейін сағат 3-те «Алаш» деп аталатын автономия дүниеге келді. Бүкіл қазақтың үкіметі құрылып, Алаш туы көтерілді. Бұрын бай ауылдарда топтасып, шашырап кеткен қырғыз-қазақтар өз ауылына жиналды. Отаны жоқ халық атамекенін тапты» деп жазды.

Екінші жалпықазақ съезінде не айтылды?

1917 ж. желтоқсанның 5 – 13 аралығында Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өткізілді.

Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.

Аталған съезден кейін «Алаш Орда» автономиясы өзінің кең көлемді жұмысын бастады.

Алашорда әскерінің құрылуы

Алашорда әскерінің құрылуы мен қызметінің мерзімдік шеңбері 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты қамтиды. Алашта 5 мыңға жуық әскер жасақталған. Қазіргі ғылыми әдебиеттерде 12 полк болды деп жазады. Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталды. Бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер ұғымы жатқаны анық.

Алаштың астанасы - Семей шаһары

1917 жылдың маусым айында Семей қаласының бұрынғы «Заречная слободкасын» «Алаш» қаласы деп атау туралы шешім қабылданған

Семей шаһарын Алаштың астанасы деп бертінде атап жүргенімізбен, оның тарихы тым тереңде жатқаны белгілі. Астана күні қарсаңында ұлт тарихында ерекше маңызға ие болған Алай ұлт-азаттық қозғалысының ордасы болған Семей қаласын айтпай кету мүмкін емес. Астананың қала күні мерекесі 1998 жылдан бастап алғашында маусымның 10-ынан бастап, кейін ол 8-інші шілде ауыстырылып тойланып келеді.

Ал 1917 жылдың 20 желтоқсанында Әлихан Бөкейханов Сібір облыстық кеңесіне жеделхат жолдап, «Алаш» автономиясының және Алаш Орда уақытша үкіметінің құрылғанын хабарлады. Жалпы Алаш қайраткерлерінің мақсаты ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ қоғамын жаңғырту, заманға сай халықты бейімдеу болды.

Пікірлер