Алаштың айы - желтоқсан. "Қайым Мұхамедханов Алашты алғаш рет баспа бетінде жариялады"

2499
Adyrna.kz Telegram

"Қайым Мұхамедханов Алаштың сан қырлы тақырыбын зерттеп, алғаш рет баспа бетінде жариялады". Бүгін қайраткердің қызы Дина Мұхамедхан  «Екінші жалпықазақ сиезі » (1917) туралы Алаш автономиясы және Алашорда үкіметі хақында" атты мақаласын әлеуметтік желіге шығарды.  Бұл мақала 1991 жылы 17 желтоқсанда  облыстық «Семей таңы» газетінде жарияланған. Дина Мұхамедхан "Бұл мақала осы жарияланымнан көп бұрын дайындалған" деп ескерткен. Сол мақаланы "Адырна" ұлттық порталы оқырмандары назарына ұсынамыз.  

Қазақстан қазіргі күнде егеменді, ерікті, тәуелсіз мемлекет болу жолына берік сеніммен қадам басып отыр. Бұл мәселе қазақ халқының ежелгі мұрат-мақсаты, арман-тілегі болатын.

Халқымыздың егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болу жолындағы ғасырлар бойғы күрес тарихы осы күнге шейін бұрмаланып, тарихи шындыққа қиянат жасалып, бүркемеленіп келгені қалың оқырман қауымға қазір мәлім бола бастады. Бұл мәселе туралы баспасөз жүзінде батыл түрде ашық айтылып, жарияланып, шындықтың беті біртіндеп ашылып келеді.

Қасақана бұрмаланып, бүлінген тарихымызды дұрыстап, қайта жазып, шындықты қалпына келтіру – нағыз тарихшы, әдебиетші ғалымдарымыздың, адал азаматтарымыздың абыройлы борышы.

Біз бүгінгі мақаламызда егеменді ел, тәуелсіз, ерікті мемлекет болу жолындағы тарихымыздың елеулі бір кезеңіне, яғни 1917 жылы шақырылған «Екінші жалпықазақ сиезі» жайында сөз қозғамақпыз.

Екінші сиез туралы сөзімізді бастардан бұрын, мәселе түсінікті болу үшін, ең алдымен «Алаш» деп аталатын партия жайында қысқаша айта кетуді дұрыс көрдік.

1917 жылы Февраль революциясы жеңіске жетіп, патша үкіметі құлатылғаннан кейін, қазақтың белгілі зиялы қайраткерлері: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Халел Ғаббасұлы, Жиһанша Досмұхамбетұлы, Халел Досмұхамбетұлдары 1917 жылы сәуірде, облыстық қазақ сиездерін ұйымдастырып, өткізеді. Қазақ комитеттері құрылады. «Жалпықазақ съезі өткізілсін» деген қаулы қабылданады.

«Бірінші жалпықазақ съезі» Орынбор қаласында 1917 жылы шілденің 21-26 күндері өткізілді. Сиезде қаралған он төрт мәселенің бірі қазақтың саяси партиясын құру болады. Партияның аты – «Алаш» аталсын деп ұйғарылады. Партияның программасын жасау және қазақ автономиясын құру мәселесіне даярлық жұмысының жоспары белгіленеді.

«Екінші жалпықазақ сиезінің» шақырылу мәселесін дұрыс түсіну үшін сол кезде баспасөз жүзінде жарияланған нақтылы тарихтық материалдармен танысуымыз қажет болады. Ең алдымен сиезді жедел шақыруға себеп болған, сол дәуірдегі тарихи хал-ахуалды баян ететін деректі мағлұматтарды береміз.

«Қазақ» (Орынбор) газетінде 1917 жылы, қарашаның 14 күні жарияланған хабарлама-мақаланың қысқаша мазмұнын келтірейік.

– Заман жаманға айналды. Келешек қараңғы, қорқыныш зор. Осындай бүліншілік заманда, аяқасты болып, қорлықта қалмауымыздың қамын кеңесу үшін екінші жалпықазақ сиезін шақыруға қаулы қылып, Орынбордағы оқыған қазақтар төмендегі телеграмды қазақ облыстарына және үйездеріне беріп отыр.

Телеграмма сөзі:

«Бүкіл мемлекет қазір бетімен жайылып кетті. Кешікпей талан-тараж, қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алтыауыздық, біреуге-біреу сенбеу күшейді. Әр адам,  әр халық, өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды. Бұл болып жатқан уақиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ артық сезе қоймайтын шығар. Бұл уақиғалардың түрі жаман. Қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек.

Өзімізді өзіміз қорғау үшін бізге жалпы қазақ милициясын құру керек. Бұл мәселе шұғыл және аса зор болғандықтан, төменде қол қоюшылар, халыққа сенімді, құрметті ақсақалдарды және оқығандарды шақырып, өз күшімізбен қазақ милициясын құру жайын кеңесуге, жалпықазақ съезін жинауға қаулы қылдық. Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады. Соның  үшін милиция құрудың үстіне, сиезде қазақ халқының жұрттығын  жоғалтпау үшін не қылу керек деген зор мәселе де қаралады.

Алаш баласының басына бір сын күн туды. Өтінеміз, қалайда болса, 5-декабрьге қарсы Орынборға әр үйезден жұртқа қадірлі екі ақсақалдан және әр областной комитеттен екі оқыған кісіден жіберіңіздер...

Бұл телеграммада айтылған үйез басы екі ақсақал және областной комитеттен шақырылған екі зиялының үстіне, айрықша телеграм беріп, мынау кісілер шақырылды. «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттерінен және жаңа ашылған қауымдардан бір-бір өкілдерден. Қазы Ғұмар (Омар) Қаршұлы, қазы Қайырша Ақыметжанұлы, қазы Ғабдолла Ешмұқамбетұлы, Ақыметжан Оразайұлы, Қожахмет Оразайұлы, Құрамамбек Бірімжанұлы, Жаймұқамбет Жанқожаұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Басығараұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Халел Досмұқамбетұлы, Жаһанша Досмұқамбетұлы, Уәлихан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанғожа Мергенұлы, Ешенғали Арабайұлы, Ораз Тәтіұлы, Шонан ақсақал, Отарбай қажы Қондыбайұлы, Ақыметкерей Қосыуақұлы, Нұрлан Қияшұлы, Нұрмақамбет Сағынайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл қажы Маманұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Салық Қарпыұлы, Сапар Науырызбайұлы және Ілияс қажы Жанғараұлы.

Сиез шақырушы комиссия ағзалары (мүшелері):

Әлихан Бөкейханұлы

Ахмет Байтұрсынұлы

Міржақып Дулатұлы

Сағындық Досжанұлы

Елдес Омарұлы.

Осы шақыру бойынша сиезге Қазақстанның барлық сегіз облысынан өкілдер келіп, «Жалпықазақ – қырғыз сиезі» 1917 жылы, желтоқсанның 5-13 күндері Орынбор қаласында болып өтті. «Сарыарқа» (Семей) газетінің 1918 жылғы, қаңтардың 25 күнгі 29 санында: сиез шақырушылардың, сиезге келген өкілдердің аттары аталып, сиезде қаралған мәселелер және «Жалпықазақ – қырғыз съезінің қаулысы» жарияланды.

Сиез бастығына сайланғандар: Бақыткерей Құлманұлы, председатель, серіктері: Әлихан Бөкейханұлы, Халел Досмұқамбетұлы, Әзімқан Кенесарыұлы, Омар Қарашұлы.

Хатшылары: Дәулетше Күсепғалиұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдазым Кәдірбайұлы.

– Съезде қаралуға қойылған мәселелер: 1. Сібір, Түркістан автономиясы және Юговосточный союз туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция туралы. 4. Ұлт кеңесі. 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Мүфтилік мәселесі. 8. Народный сот. 9. Аульное управление. 10. Азық-түлік мәселесі.

Автономия мәселесі. Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқайұлы Түркістан автономиясы жайында баяндады...

Комиссия атынан: Халел Ғаббасұлы ұлт автономиясы және милиция туралы баяндама жасады.

Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, октябрь аяғында Уақытша үкімет түскенін, Русия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халықтың күйі нашарлауын және бұл бүліншілік біздің қазақ-қырғыздың басына да келуі мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескертіп, сиез бір ауыздан қаулы қылды:

І. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ үйездері, Закаспи облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ, қырғыз, халы, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі Автономия құруға.

ІІ. Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын.

ІІІ. Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын.

  1. Алаш автономиясының мизамын Бүкілрусиялық учредительное собрание бекітеді.
  2. Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі, бүкіл мекемеде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қолында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт және мәдени автономия беріледі.

VІ. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен, уақытша ұлт кеңесін құруға, мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Алашордасының уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап, қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады.

VІІ. Алашордасы халық милициясы.

VІІІ. Алашордасы тез уақытта Алаш автономиясының құрылтайын шақыруға міндетті болсын.

ІХ. Алашордасына сиез тапсырады:

1) Ұлт қазынасына қарыз ақша алуға, 2) Өзге автономиялы көрші халықтармен одақтасу жайын сөйлесуге, бірақ, мұның шарттарын бекітуші Алаш құрылтай.

Х. Ұлт құрылтайына «Алашордасы» автономия мизамының жобасын даярлап кіргізеді.

Сиез осындай қаулы қабылдайды. Одан соң, автономияны қашан жариялау мәселесі сөз болады да, милиция мәселесіне тоқталады.

Милиция мәселесі: Бұл мәселе хақындағы баяндаманы тексеріп қарап және осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз, қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін сиез төмендегі қаулыны қабыл етеді:

Ешбір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісу тиіс.

Қаулыда одан әрі: қай облыста қанша милиция болатыны, олардың еңбек ақысы, қару-жарақ сатып алуға т.б. қажетті қаржы мөлшері көрсетіледі.

Алашордасына сайланған адамдардың аттарын атап, тізімін бергеннен кейін Алашордасының бастығын сайлау тәртібі берілген.

Алашордасының бастығына: Әлихан Бөкейханұлы, Бақыткерей Құлманұлы және Айдарқан Тұрлыбайұлы тасқа салынды.

Сайлаушы Сайламаушы

Әлиханды 40 18

Бақыткерейді 19 39

Айдарқанды 20 38

Сөйтіп Алашордасының бастығына Әлихан Бөкейханұлы сайланды.

Оқу комиссиясына сайланды:

  1. Ахмет Байтұрсынұлы. 2. Мағжан Жұмабайұлы. 3. Елдес Омарұлы. 4. Биахмет Сәрсенұлы. 5. Телжан Шонанұлы.

Халықтан милиция және оқу комиссия Алашордасының расходына жиылатын ақша әзірге ұлт қазынасы болып табылады.

Түпкілікті ұлт қазынасын түзеу Алашордасының міндеті.

Азық-түлік мәселесін және өкілдердің бұл туралы берген мағлұматын сиез тексеріп, мынадай қаулы қылды.

  1. Азық-түлік жұмысын сайланған земстволар ешбір тоқтаусыз өз қолына алады.
  2. Алашордасы әрбір облыстағы астықтың ұзын санын біліп, астығы жоқ жерге, астығы мол облыстардан астық алып беруге міндеткер.
  3. Қырғыз-қазаққа сатып алынған астықты азық-түлік комитеттері тоқтатпас үшін Алашордасы қам қылады.

Алаш автономиясы жақын арада жарияланатын болған соң, программада көрсетілген мүфтилік, народный сот, аульное управление сиезде қаралмай кейінге қалды...

– Ел ішіндеді народный сот ешбір жұмыс бітіре алмайды және халыққа сенімді емес. Ел ішіндегі ұрлық күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Соның үшін ұрлықты тиятын уақытша сот құру және соттың тәртібін түзету Алашордасының міндетінде.

«Сарыарқа» газетінде жарияланған: «Жалпықазақ – қырғыз сиезінің» қаулысының негізгі мазмұны осындай.

Жалпықазақтық екінші сиез қабылдаған бағдарламасын күні кешеге дейін бүркеп, жауып тастап: «Алашорда «дербес автономия» дегенді желеу етті, буржуазияшыл ұлтшылдар өздерінің контрреволюцияшыл әрекеттерін бүркемелеу үшін «ұлттық» жалауды жамылды, ұлт мүддесін қорғағансыды, діни демагогияға сүйенді... адамды адамның қанауына негізделген қоғамдық тәртіпті мәңгі сақтауға тырысты...»  деп, тарихи шындық қасақана өрескел бұрмаланып жазылып келді. Алаш автономиясын құбыжық етіп көрсету үшін байбалам салған қыңыр сөздерді бекітетін ешбір дәлел келтірілмей, Алаш автономиясын буржуазияшыл-ұлтшыл автономия делініп келді.

Алаш автономиясын жарияланған «Екінші жалпықазақ сиезінде» қабылданған қауылын V және VI тармағына көңіл аударып көрейік:

  1. «Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың хуқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі, бүкіл мекемеде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қолында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт және мәдени автономия беріледі».
  2. «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен, уақытша ұлт кеңесін құруға, мұнын аты «Алашорда» болсын.

Алашорданың авзасы 25 болып, 10 орын Қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырады …» – делініп, ашық-айқын көрсетілген.

Көріп отырсыздар, Алаш автономиясының программасында Қазақстанда түратын, Қазақстан басқа ұлттарды, халықтарды алалау, төменсіту сияқты көзқарас, ұлттық үстемдік, ұлттық ерекшелік, яғни буржуазиялық-ұлтшылдық идеясы мүлдем жоқ.

Алаш автономиясы туралы, қазақ зиялыларынан, көрнекті қайраткер, тарихта белгілі екі адамның пікірін келтірейік:

«Сарыарқа» газетінде, 1918-жылы, қаңтардың 22-сі күні жарияланған бас мақаласында Әлімқан Ермекұлы былай деп жазады:

«...Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жүрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жүрт отанды болды. Автономия – бізге өмірлік мақсұт еді. Алыстағы жұлдыз еді. Іштегі дертті айта алмай, құрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүние жүзін жаңғыртып, Алаш ұранын шақырып отыр. Алаш! Алаш! Көтер басты, уақыт жетті, сүртелік көзден аққан қанды жасты …

Алаш автономиясына құран оқылып ат қойылғанда, жалпықазақ сиезінде  ел ішінен келген қария ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді.

Ерлердей ұмтылып жергілік ұлттық автономия алып жатқанда, 6 миллион қазақ халқы, тұтас жері бар, қарап отырып қалса, жұрттығын жоғалтып, өзін-өзі тірідей көмгені. Енша алла! Сенеміз: Алаш туының астына жиылмайтын қырғыз-қазақ баласы болмас, тігілген Алаш туын құлатпас. – деп. Жасасын, Алаш автономиясы!

Әлімқан».

«Сарыарқа» газетінің сол күнгі санында жарияланған Халел Ғаббасұлының мақаласынан: «... Ел басының милиция қызметіне алынатын жігіттердің аттанын, сайманын тездікпен дайындап, айтқан жеріне жеткізу керек. Қазақ-қырғыздың уақытша үкіметі – Алашорда» Алаш  қаласына келіп, автономиясын жариялағаннан кейін, қазақ-қырғыз балалары бағынған, үкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай, орындау керек.

Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, неше-неше қиын-қыстау жерлерден бұл күнге дейін аман өтіп, тарих жүзінде жоғалмайтын беріктігін көрсеткен Алаш ұранды қазақ-қырғыз балалары жұртқа түскен, мына өмір сынынан да аман-есен аяғын шалдырмай өтер деп сенеміз ...

«Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз!

Енді ешкімнің Алашты

Қорлығына бермейміз!

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз,

Жасайды Алаш, өлмейміз –

Жасасын Алаш, жасасын!»

Ғаббас».

Сөйтіп, Алаш автономиясы жарияланып, уақытша Алашорда үкіметі құрылады. 1918 жылы қыс ортасында Семейде қазақ жігіттерінен милиция ұйымдастырылды. Милиция басқарушы офицер ретінде, Семей мұғалімдер семинариясының оқушысы – семинарист Қазы Нұрмұқамбетұлы тағайындалды. Бұл кезде Қазы, Жүсіпбек Аймаутов, Қаныш Сәтбаев бәрі бір класта, 3-курста оқитын.

Атты милицияларды жаттықтырып – ойнатып жүрген кезінде, большевик солдаттары, Қазыны атып өлтіреді. Осы уақиғаның ішінде болған Бейімбет Майлин «Сарыарқа» газетінде, 1918 жылы наурыздың 18-күні, жарияланған «Тұңғыш құрбан» атты көлемді мақаласында қайғылы халды және сол кездегі жалпы ахуалды толық баяндап береді. Сондықтан бұл мақаланы түгел келтіреміз:

ТҰҢҒЫШ  ҚҰРБАН

Соңғы жалпықазақ-қырғыз сиезінің қаулысы бойынша, Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде большевиктер ұнатпай, «Ойыныңды тоқтат, мылтықты бер» – деп, мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционерлер – қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастық қылатын ниеті болмаған соң, қарсы да келмеді, ойынын да тоқтатпады.

6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң, бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда, милиция бастығы, учительская семинария шәкірті Қазы Нұрмұқамбетұлы жігіттерге айғайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік, бәрімізді қырмас» деп, тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазының өзіне де, атына да оқ тиеді. Есіл жас сол арада жан тапсырады. Марқұмның жолдастары ботадай боздап, басын құшақтап, шуылдасты. Көрген, естіген жан қайғырды... Ертеңіне халық көп жиналып, жаназасы шығарылды.

Алғаш Алаш жолында құрбан болған жас бағыланды ұмытпасқа белгі болып қалсын деп екі рет суретке басылды. (бірі қанды киімімен жатқан халінде, екіншісі халық жаназа оқып сапта тұрғанда, табыттағы жатқанын).

Қабірге қойып, құран оқылып, болғаннан кейін Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі:

«Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. Бұл бүгінгі және мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар, мына мен сияқты болып, «ұлтым» деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы – бій деген сөз. Қазы билігін айтып кетті.

Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек.

Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй-ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл баласы) қалыпты. Соны тәрбиелеп адам қылу, бәріңнің – барлық Алаштың мойнына парыз. Және өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар, құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзіміз жетті. Алпыс жасқа келгенде, мұндай ұлы үшін жанын қиып, құрбан болатын азаматты көремін деп үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем де арманым жоқ.

Қарағым, Қазыжан! Қадіріңді біліп құрметтей алмасақ, кешу қыл, қош! Қабырың нұрлы болсын! – деді.

Жиылған әлеумет жылап, еңіреп жіберді.

Сонан кейін Міржақып Дулатұлы тұрып мынаны айтты:

Мынау кім жатқан әлеумет,

Жас қабырды жамылып?

Мұнша ардақты кім едің,

Тұрсыңдар бәрің жабығып?!

Жалғызы ма еді біреудің,

Тілеп алған зарығып?

Байы ма еді бұл елдің,

Құрметтейтін жабылып?

Би мен бектің бірі ме ед,

Жылардай жұрты сағынып?

Ханзада яки сейіт пе,

Қарашы шулар қамығып?

Жоқ, әлеумет,

Бұл жатқан:

Жалғыз да емес,

Бай да емес,

Бій де емес,

Бек те емес,

Сейіт те емес,

Хан да емес,

Бусанып жатқан жас қабыр

Иесін мұның айтайын:

Мақсұты ұлттың жолына,

Туын ұстап қолына,

Жас өмірін пида еткен,

Жар-жолдасын күйзелткен,

Алаштың адал баласы,

Армансыз өлген данасы!

Жүректен жалғыз оқ тійген,

Жаза баспай дәп тійген,

Алаштың бұл құрбаны,

Аяулы жолдас, Қазы жас.

Қош бауырым, жолдасым!

Армансыз сенің өз басың,

Қабыл болып құрбаны,

Алашты құдай оңдасын! ...

Жиылған халық қамығып, көңілі босап көзіне жас алды. Бұлардан кейін Райымжан (Мәрсекұлы), Жанғали қажы, Мұстақым (Малдыбайұлы) сөз сөйледі.

Ақырында Қазының бірге оқып жүрген жолдасы Жүсіпбек Аймауытұлы еңіреп тұрып: «Жан бауырым, жолдасым! Қош бол, жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің. Бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың, өкінбе. Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бір ақ арманың кетті, ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың: тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Қош бауырым, жолдасым, қош», –  деп көзінің жасын тыя алмай, сөзін әзер тоқтатты.

Сөйтіп, 7 мартта бейсенбі күні Алаштың тұңғыш құрбаны баянды сапарына жөнелтіп, жұрты тарқасты.

Сол күні біздің басшы азаматтар Қазының жолсыз өлгені туралы большевик бастықтарымен сөйлесті. Олар: «Біз мұндай жұмысты істе деп, ешкімге бұйырғанымыз жоқ. Өз бетімен істеп жүрген бұзықтардың жұмысы», – деп, оқ атқан солдаттарды айыптапты. Сонан кейін атушы солдаттар военно-революционный сотқа берілді.

Қазы марқұм жасы 22-де, Семей уйезі, Еңірекей облысында, Сыбан деген рудан еді. Жасынан кедейлікпен алысып, талабымен оқып келіп еді. Семейден екі класты школды бітіргеннен кейін, бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде, ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жолдастарымен милицияға жазылады. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді. Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі, ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті, ұлтының жолында жанын құрбан қылды. Жасаған есесін толтырып, кейінгі жастардан орынбасар шығарсын.

Басшы азаматтарымыз және областной қазақ комитеттері кеңесіп, марқұмның басына тас қоюға және жақсылап белгі бейіт салуға қаулы қылды. Қазының оқуға жасы жеткен бір інісі бар еді. Соны оқытуға стипендия ашты. Кәрі ата-анасына және қатын, баласына, жеті мың сом ақша бермек болды. Жастар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып, құран оқытты, дұға қылдырды.

Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар. Бірақ біздің бұдан үлгі алып, жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек.

Рухың шат болсын, шейіт болған Алаштың бір баласы! Біз де сенің ізіңде. Қош жолдасым!      Бейімбет /Майлыұлы/.

Алаштың алғашқы құрбаны

Тірі жанға қылмыссыз,

Қисыны жоқ оққа ұштың.

Қара өмірден, тұрмыссыз,

Періште болып көкке ұштың.

Қандай жанға қастық қып,

Кіммен баққа таластың.

Жат жігерің жастық қып,

Қаһарманы Алаштың!

Ойланып қал, шағында,

Таңба салдың жүрекке.

Бірақ сенің бағыңды,

Таппас ешкім тілеп те.

Әрі тұңғыш, әрі атақ,

Күнәсі жоқ мейман дос.

Қонағыңды күтіп ап,

Ұлттың ұлы, қош бол, қош!

Сәбит /Дөнентайұлы/.

Қазының өлімі, Омбы қаласында оқып жүрген қазақ жастарын да терең тебірентеді. Омбыдағы «Бірлік» атты жастар ұйымының басшылары: Смағұл Садуақасұлы, Қошке Кеменгерұлы, Ғаббас Тоғыжанұлы және Асхат Сайдалыұлдарының көңіл білдірген телеграммасы, «Сарыарқа» газетінің 1918 жылы, сәуірдің 15-күнгі санында жарияланыпты:

«От жанды, ұлт қанды, есіл қыршын жас Қазы бауырымыздың мезгілсіз қаза тапқанына өте қайғырамыз. Бірақ Қазының арманы жоқ: ұлт жолында тұңғыш құрбан болды. Жастарға жолбасшы жұлдыз, түпкі идеал болды. Біздер Қазиды және оның үлгілі жолын ұмытпасқа, Құдай алдында, ар алдында уәде бердік. Сол уәдеге бірінші негіз салу үшін 20-апрельде қазақша ойын жасап, түскен саф пайданың жартысын, артта қалған бір жасар ұл баласының тәрбиесіне бермекші болдық. Және басқа уақыттарды жәрдем көрсетіп тұруға қаулы істедік. «Бірлік» қауымының жастары».

«Екінші жалпықазақ сиезі» Алаш автономиясы, Алашорда үкіметі туралы тарихи шындыққа көзімізді жеткізу үшін, бұдан 73-74 жыл бұрын жарияланған деректі мағлұматтардың негізгі бір бөлігіне жасалған шолу-мақаламызды әзірге осымен аяқтаймыз.

 

 

 

 

 

Пікірлер