Алматы облысында жанармай құю бекеті өртенді. Зардап шеккендер бар

1523
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ТЖМ
Сурет: ТЖМ

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы жанармай құю бекетінде өрт болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«2023 жылғы 14 желтоқсанда сағат 19:22-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында операторлық автожанармай құю бекетінің және жалпы көлемі 30 текше метрді құрайтын жақын маңдағы цистерналардың жанғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Шақыру орнына Алматы облысының ТЖД күштері мен құралдары, барлық шұғыл өзара іс-қимыл қызметтері жіберілді.

Өрт сағат 20:15-те 80 шаршы метр аумақта оқшауланып, сағат 21:41-де жойылды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт орнына жақын орналасқан газ құю құю бекетіне (30 м қашықтықта), минимаркетке (10 м) және тұрғын үй секторына (15 м) оттың тарауына және жанармай құю цистерналарының жарылуына жол берілмеді»,—делінген хабарламада.

Департаменттің баспасөз қызметі өрт салдарынан 1967 жылы туған жанармай көлігінің жүргізушісі зардап шеккенін атап өтті. Ол орта дәрежедегі термиялық күйік алған.

Қазіргі таңда өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД сынақ өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 20 қызметкері мен 8 техникасы, аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері мен 2 техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 3 қызметкері мен техникасы жұмылдырылды.

Пікірлер