Гиме мұражайында «Қазақ даласы өркениетінің мәдени коды» көрмесі өтеді

1005
Adyrna.kz Telegram

Францияға жұмыс сапары аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Гиме (Guimet) мұражайының президенті Янник Линтцпен кездесті.

Кездесу барысында Аида Балаева Қазақстан-Франция қарым-қатынасы Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның өзара сапарларынан кейін дамуға жаңа серпін алғанын атап өтті.

Франция Президентінің Астанаға сапары аясында Гиме (Guimet) шығыс өнері мұражайында Қазақстанның тарихи мұраларының көрмесін өткізу туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.

Аида Балаева мен Янник Линтц ауқымды шараның жай-жапсарын талқылады.

Әлемге әйгілі Гиме (Guimet) мұражайы Азия өнерінің әлемдегі ең толық және Еуропадағы ең үлкен коллекциясына ие.

Мұражай президенті қоймаларда Қазақстаннан алынған бірнеше жәдігер бар екенін, алайда жұртшылықтың қызығушылығын ескере отырып, музей қазақ мәдениеті мен тарихын сипаттайтын маңызды жәдігерлерді көбірек ұсынғысы келетінін айтты.

«Мұнда Еуропада, әсіресе Францияда Ұлы Жібек жолының бір бөлігі болған дүниежүзі аймағының маңызын қазір көп адамдар түсінеді. Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасында мәдениеттердің қалай өткенін де түсінеміз. Бүгінгі әлемде мәдени кездесулерді бейнелейтін аймақты көрсете білу өте маңызды. Қазақстанның ұлы дүниежүзілік тарихпен байланысы туралы айту керек», – деді Янник Линц.

Өз кезегінде Мәдениет министрі «Қазақ даласы өркениетінің мәдени коды» ұлттық көрмесінің экспозициясында тарих пен мәдениет үшін маңызы зор және бұрын шетелдік көрермендерге ұсынылмаған жәдігерлер қойылатынын атап өтті.

«Әрине, көрме еліміздің бай және қайталанбас мәдени мұрасын көрсетіп, мемлекеттер арасындағы достық байланысты нығайтады», - деп атап өтті Аида Балаева.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер