МАРАТ БӘЙДІЛДАҰЛЫ: Мұңға малшынған Тәуелсіздік

1336
Adyrna.kz Telegram
Qamshy.kz
Qamshy.kz

Жыл сайын 16-желтоқсанда қуанарымды да білмеймін, қуанбасымды да білмеймін. Тәуелсіздік мерекесі дейміз ғой. Өз басым бір түсініксіз күй кешемін. Қуанайын десем де бірнәрсе жібермей тұрады. Қуана алмаймын. Әрине, саяси тұрғыдан қуанасың ғой. Алайда қуанышыңды баянды ететін халықтың тұрмыстық жағдайы кері кетіп барады. Қуанбайын десем, 260 жылға созылған бодандықтан соң қайтарып алған тәуелсіздігіміз қымбат екенін түсінемін. 1991 жылы 16-желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің Тәуелсіздік туралы конституциялық заң жобасы талқыланып, ол қабылданған сесссиясынан репортаж жариялағаным есіме түседі. Ең үлкен қуаныш сол кезде болып еді. Ал қазір ондай қуаныш жоқ!

Сонау 90-шы жылдары билік «Қазақстан табысының 93 пайызын Мәскеу алып жатыр» деуші еді. Қазір бәрі өзімізде емес пе?! Алтын, күміс, платина, мұнай мен газдың үстінде отырып халқымыз неге жүдейді? Бізді кім тонап жатыр?

Бұған тоқтау бола ма жоқ па?

Қарадан қарап тұрып налисың. Қанатын кеңге жайған коррупциядан шошисың. Ол ақпарат көздерінде айтылатын бірен-саран факт емес, ол бүкіл ағзаға тарап, мемлекеттік жүйені шірітіп тұр. Экономика, ауыл шаруашылығы, білім беру, медицина, жол құрылысы қай саланы алаңыз да мемлекет мүддесіне тырысып жатқандар кемде кем. Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай көрсететін Назарбаев биліктен кеткенімен назарбаев режимі қаз қалпында. Сонда қайтіп көгереміз?

Түбегейлі реформалар жүзеге асу үшін бізге отарсыздандыру да, советсіздендіру де, люстрация да ауадай қажет болып тұр. Тоқаев билігі соларды жүзеге асыруға қажетті күш-жігер таба алар ма екен?

Бір білетініміз, Қазақстандағы тұрақтылықтың тұтқасы да, биліктің бастауы да халықтың қолында ғой. Алла тағалам сырттан кезенген жаудан, іштегі даудан сақтасын! Түнерген тәуелсіздіктен арайлы азаттыққа тезірек жетейік!

 

Marat Baidildauly

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер