Тәуелсіздіктің 10 жылдығында

1362
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздігіміздің он жылдығын жұпыны дәмханада үш төрт жігіт атап өтіп, ең соңғы, түнгі автобуспен бала-шаға қайдасың деп 25-і автобуспен келе жатыр едік. Бағытымыз бір Төлепберген Болат екуіміз жартылай бос автобусқа кіріп келгенде ортаңғы жақта отырған "бульбач" мұртты қырықтың қырқасына шыққан , көк көз, мұрны қып-қызыл , майор пагонды "хохолға" көзіміз бірден түсті. Себебі ол 17- желтоқсанның аязына қарамастан шинелінің омырауын айқара ашып, жарқыраған су жаңа медаліне мақтанарға адам таба алмай отырғанға ұқсады. Кешкі Үкімет Үйінде болған салтанаттан оралған болар деп топшыладым да, отырған жердегі терезеге жабыстым.

Ал Болат болса, жаңағы майордың қасына отыра кетіп, әңгімеге тарта бастады. Мен еріксіз мойын бұрып, олардың әңгімесіне құлақ түруге мәжбүр болдым .

– Что, господин майор, с награждением, что ли?
– Спасибо! Только что получил юбилейную медаль десятилетия НЕЗАВИСИМОСТИ Казахстана. Не я один, все с нашего батальона офицеры.
– Да, Вы ,что! Прекрасно! Можно дотронуться к Вашей медали?- деп өңмеңдеп
жатыр Болат.
– Конечно, можно-, деп майор , медалін омырауынан ағытып алып, ерекше қайрымдылық жасаған кейіппен Болатқа ұстатты.
Бөкең медальді сондай бір толқу, іштей мақтаныш сезімін жасыра алмай , жерден жеті қоян тапқандай, әкесі ұл тапқандай, алақанына салып алтын секілді бетіне тақап, қайта-қайта сүйіп-сүйіп жіберді.
– Да, ты чего? Это же дешёвка, цветмет, чего её целовать?!?- деп майор қолынан медальды тартып алды. Сол мезетте, жыларман күйге енген мен, ұрып жібере ме, деген оймен әңгімеге араластым.
– Господин майор, а за какие такие Вам заслуги медаль?- деп сұрадым. Бір көзім Болатта, түрі бұзылып кеткен, төбелес бастайтын түрі бар.
–Я из внутренних войск. Наш батальон из Алма-Аты. Мы усмиряли хулиганов и пьяниц 86-м в Алма -Ате!- дегені сол еді, қасында тісін қайрап отырған , бұрынғы боксшы , қызба Болат апперкотты иектің астынан жоғары қарай жіберді. Майор накаут алып, есінен танып қалпыйып отырып қалды.
Бірлі жарым отырған, көпшілігі орыс тілдес жолаушылар ду ете қалды.
–Хулиганы! Пристали к военному.Милиция!!!- деп у-шу болды да қалды.
Бағымызға қарай кезекті аялдамаға автобус тоқтай қалды. Жан ұшырып, Болатты орнынан жұлып алып есікке ұмтылдым. Бір жез мұрт:" Водитель, не открывай двери, поезжай в райотдел милиции!- деп бақырды.
Жүргізуші қазақ жігіті екен есікті жапқан жоқ. Түсе сала үй тасалап, бір ауладан екінші аулаға тығылдық. Есіме түсті : біз түскен аялдама "Бакалея" еді. Таяқ тастам жерде аудандық милиция бөлімі. Құдай сақтап, сақшылар қолына түспей құтылдық. Сол жерден Әл-Фарби шағын ауданына дейін -25градус аязда жаяу біздің үйге итшілеп жеттік-ау, әйтеуір!
–Жәке, кешіріңіз! Өзімді өзім ұстай алмай қалдым. Оңбаған билік тәуелсіздік үшін күрескендерді емес, жендеттерді марапаттауда. Түбінде бұл билік оңбайды, қазаққа опа бермейді-, деп еңкілдеп жылап жіберді. Ішкенімнің буы да бар, аяққа тапталған арым, намысым бар, дәрменсіздіктен мен де еңіреп жібердім. Тоңазытқышта қалған-құтқан бар екен содан ішіміздегі өртті сөндіруге кірістік...
P.S. Түн ортасы тұрып орыстілдес өзім ашқан "Azamat times" газетіне :" Медали достались карателям!"- деген мақала жаздым. Сол айдың аяғында шыққан мақаламда: "марапат жендетерге жасалып, ал шынайы күрескерлер тасада қалатын Билік халыққа қарсы -антинародная власть"-деп мәлімдеген едім.

Жанкелді Шымшықов

Пікірлер