СЕЙІТҚАСЫМ ӘУЕЛБЕКОВ: Орыстың хабарын шындыққа жақын болғандықтан емес, альтернативтілігінен қарайды

2434
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Аристотель айтады: егер бір сөздің мәні екіншісі сөздің мәніне қарсы келіп жатса, оны айтпай-ақ қой, - деп.

Бұл ой қазақтың қазіргі саясаткерлері мен оқығандарына сабақ болмады.

Қараңыз.

Бір жағынан, өткеннің әдеті мен дәстүрін ортаға алып келдік.

Оны ғылым мен білімге таңдық.

Одан бір-ақ нәтиже көрдік – өтірік ой-танымды мемлекеттік идеология деңгейіне көтердік. Болды. Басқа ұтқанымыз жоқ.

Екінші жағынан, осының қарсы нәтижесі ретінде, адамшылық мәдениетінің жолынан бас тарттық.

Оны «тіл дамыттық» дедік. «Деколонизация» атадық.

Тілде жан жоқ қой. Не десең де, көтереді.

Сонымен, латынның «classis» («класс») сөзінің орнына парсының «синф» сөзін деформациялап, «сынып» деп, тілімізге енгіздік.

«Организм» сөзін бір ақымақ «ағза» деді. Сонымен, «ағза» болды.

Мемлекеттік идеология дегеніміз, жалпысын айтқанда, осы манипуляция.

«Орган» - орыс сөзі емес. «Деколонизацияға», қалай тартсаң да, жатпайды.

Латынның « оrganum » түбірінен алынған. Қару, тәсіл мәнін берсе, оның түбірі – гректің « organon » сөзі. Сызғыш, ереже, тәсіл дегенді білдіреді.

Бірақ, ақымақ айтты – бітті: «органның» орнына «ағза» келтірді.

Сол «ағзаны» тапқан ақымаққа бір есі бар: «Аристотельдің «Органон» атты еңбегі бар ғой. Оны қайтеміз»? «Ағза» деп аударамыз ба?», - десе. Не дер еді?

Құдай біледі, оған да тоқтамас еді мына жүгенсіз кеткен «лингвистер».

Қазіргі «медиа контенті» мен «медиалық кіріптарлық» мәселесі деп жүргеннің астары – осы.

Бір жағынан,  жастарға өтірік айтады. Бірақ, информациялық ағымның ортасында жүрген қазақ баласы ол уағызға сенбейді.

Сондықтан, басқа білім мен хабар көзін іздейді.

«Басқа» болғанда, қайда барады? Орыс тілінен басқа тіл білмесе?

Ағылшын, неміс, жапон тілін білсе, байлап қойсаң да, қарамас еді орыстың каналына.

Амал жоқ, қарайды.

Орыстың хабары шындыққа жақын болғандықтан емес.

Ақиқатты ашып айтатын қасиетінен емес.

Альтернативтілігінен.

Сондықтан, егер медиалық жұмыс тиімді болсын десек:

Мемлекеттік ой қағидасына жұрт құлағын түрсін десек:

онда ой қарама-қайшылығы мен әрекет қарама-қайшылығын жойып, ақиқат, шындық жолына түсу қажет.

Ал «шындық» дегеніміз – «сындық».

Өз-өзімізді сынаудан бастау керек.

«Ақындар айтысының» сынын айтып жатқаным жоқ.

Ғылыми шындықты айтамын. Соны қолға алу қажет.

 

Seitkassym Aouelbekov

 

 

Пікірлер