40 ел мен 400 ауылды көрген турист. «Ауылдағы ойлау қабілетін өзгерту керек»

2960
Adyrna.kz Telegram

Өзге ел, басқа мәдениет, түрлі адамдарды көру әр саяхатшының негізгі мақсаты. Дегенмен, туған елінің тұс-тұстағы ауылын аралап, талай мәселені қозғап жүрген саяхатшы туралы естіп пе едіңіз? 

Қазақ ауылдарының жағдайымен танысып, екі тілде видео түсіріп, YouTube желісіне жариялайтын блогер, ауыл туризміне ат салысып жүрген саяхатшы Ұлан Әлімбекпен “Адырна” тілшісі сұхбаттасты.

«АУЫЛДАРДЫ АРАЛАЙТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ»

Ауыл аралайтын саяхатшы ретінде белгілісіз. Әдетте, саяхатшылар шетел аралап немесе елдің көрікті жерлерін аралап жатады. Сізге ауылды аралау идеясы қайдан келді?

– Осы уақытқа дейін 40 елде болдым. Қазақстанның әдемі және табиғи жерлерін аралап үлгердім. Еліміздің барлық облыстарын көрдім, 70-тен астам қалаларында болдым. Көбі “Ұлан Қазақстанның барлық жерін аралап шықты” деп айтып жатады, бірақ әлі көретін, зерттейтін жерлер өте көп. Мен көрмеген аудандар, қызықты елді мекендер мен ауылдар да көп. Ауылды аралайтын идея келген жоқ, уақыт келді. Өйткені, біз ауылдағы мәселені көрсетуіміз керек. 

Ауыл аралаудағы мақсатыңыз қандай?

– Мен саяхаттағанды ұнатамын. Ел көру, жер көру, оны басқаларға да көрсету – менің басты мақсаттарымның бірі.  Өйткені, көпшілік ел мен жер көргісі келсе де, ауылдарға бара алмайды. Мен ауылдарды туризм жағынан зерттегім келді. Ондағы қызықты жерлерді, қасиетті мекендерді білгім келді. Біз білмейтін қаншама қызықтар бар. Сондай-ақ, елдегі ауылдардың жағдайымен танысып, не бар, не жоқ екенін көрсеткім келді. Меніңше, мәселені осылай көрсету арқылы шеше аламыз.

Бүгінгі күнге дейін қанша ауылды араладыңыз? 

– Мен үш жылдың ішінде 400-ге жуық ауылды аралаппын. Ендігі мақсатым - Алматы облысының барлық ауылын аралап шығу.

Ауылдарды аралау кезінде қандай да бір қиындықтар кезікті ме?

Айтарлықтай қиындықтар болмады. Дегенмен, кей тұрғындар “неге келді, түсіруге болмайды” деген қарсылықтарын көрсетіп жатады. Менің турист екеніме сенбей, таңғалып жатады. Сондай-ақ, көлікпен жолға шығатын болған соң, жолда бұзылып қалу, ауа-райының қолайсыздығы деген секілді мәселелер туындап тұрады.

Көбіне ауылдарды өзім жалғыз аралаймын, кейде достарыммен, жанұяммен де саяхаттап тұрамын.

«МЕКТЕПТЕРІ ДЕ ЖОҚ АУЫЛДАР БАР»

Айтқандай, сіз Қазақстанның 400-ге жуық ауылының араладыңыз. Олардың  жағдайын көріп келесіз. Қазақ ауылдарына жетпейтін қандай мәселе бар? Нені өзгерту керек?

– Әрине, елдегі үлкен мәселенің бірі - жол. Көп ауылда жол мәселесі шешілмеген. Одан бөлек, ұялы байланысы, интернеті, тіпті мектептері де жоқ ауылдар бар. Кей ауылда газ жоқ. Қуанышқа қарай, бұрынғымен салыстырғанда, мұндай ауылдар азайып бара жатыр. Сонымен қатар, ауылдағы ойлау қабілетін өзгерту керек, ауылды таза ұстап, әкімшілікпен тығыз жұмыс істеу керек. Өйткені, кей ауылдар лас. Тұрғындардың экологиялық мәдениет тетіктерінің болмауынан осындай жағдайлар орын алып жатады.

Видеоларыңызды YouTube желісіне жүктейсіз, айтарлықтай аудиторияңыз бар. Ауыл туризміне қызығатындар көп пе? 

– Иә, ауыл туризміне қызығатындар көп деп ойлаймын. Қазіргі таңда 49 мыңнан астам көрерменім бар. Әр ауылға қызығушылық танытып, көретіндер де бар. 

Ауыл әкімдерінің өздері арнайы шақырған кез болды ма? 

– Жоқ, ондай болмаған. Әкімшілік арнайы шақырмаған. Тұрғындар “біздің ауылға келіп, көріп кетсеңізші” деп жазып жататындар болады. Мен барынша сол ауылдарға баруға тырысамын.  

Алда қай ауылдарға саяхат жасамақшысыз? Жоспарыңыз туралы айта кетсеңіз

– Алға қойған жоспарлар көп. Соның ішінде осы Алматы облысының барлық ауылдарын аралағым келеді. Облыста 300-ден астам ауыл бар екен, бұрын Жетісу облысы болмағанда, Алматы облысында 700 ауыл болыпты. 

Жолға көп уақыт кетеді, қаражат қажет,  көлікті жөндеп тұру керек, монтаж да уақытты алады. Дегенмен, ақырындап алда Қазақстанның ауылдарын аралап шығамын.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер