Ақтөбе облысы Мәдениет басқармасының сырғыма жауабы

1485
Adyrna.kz Telegram
Фото: m-b.kz
Фото: m-b.kz

Адырна ұлттық порталында «Қарашада өмір тұр». Ақындар Ақтөбеге айтысуға емес, ас ішуге жинала ма?» деген тақырыппен материал жарияланған еді. Сол мақалаға қатысты Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы сырғыма жауап берді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Адырна порталы жариялаған мақалада 14 айтыскердің үш күндік қонақ үйі мен тамағы үшін облыс бюджетінен 2 млн 122 мың теңге бөлінгені, 14 адамды үш күн күту үшін мұнша көп ақша жұмсау логикаға сыймайтыны сыналған еді.

Сондай-ақ, басқармаға портал атынан нақты сауал жолданған болатын.

Тендердің техникалық сипаттамасына қарасаңыз, Ақтөбеге қазылар алқасы мен айтыскерлер айтыс өткізуге емес, тамақ ішуге жиналатындай әсер қалдырады екен. Соған орай портал тілшісі Мәдениет басқармасына: «Салтанатты шарада 30 адам әрқайсысы 20 мыңның тамағын ішіп алған соң, қазылар үш күнге деп бөлінген – 15 мың, айтыскерлер 10 мың теңгенің тамағына және жүгіре ме? Жоқ, әлде салтанатты шараның ас мәзірі қазылар алқасы мен айтыскер ақындарға арналмаған ба?» деген сауал жолдаған еді.

Бұған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы А. Юнисова былай деп жауап қатқан:

«2023 жылғы 18 қараша күні Ақтөбеде қазақтың ұлы ханы Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Айтысты өткізу және ұйымдастыру үшін «Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шараларды өткізуді қаржыландыру қағидалары мен қаржыландыру нормативтерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2023 жылғы 16 ақпандағы № 51 бұйрығына сәйкес Республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысушылардың жол, тұру (келу уақыты: 17 қараша, кету уақыты: 19 қараша)және тамақтану бойынша 2112,0 мың теңге (ред: 2 млн 122 мың) шығыстары бекітілді.

Айтысты өткізу және ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алу порталына осы 2112,0 мың теңгеге ұсыныс баға берілді. Мемлекеттік сатып алудың қорытынды хаттамасына сәйкес жеке кәсіпкер «Е А» 1 715,0 мың теңгеге (ред: 1 млн 715 теңге)  ұтып алды. «Е А» ЖК-мен келісім-шарт арқылы жұмыстар жүргізілді.  

Берілген жауаппен келіспеген жағдайда «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» 91 бабына сәйкес шағым бере аласыз» делінген.

Ұзын-сонар сырғыма жауаптан түкті ұқпадық. «Салтанатты шараның ас мәзірі қазылар алқасы мен айтыскер ақындарға арналмаған ба?» деген тіке сауалға басқарма жауап таппаса керек. Сонда Әбілқайыр ханның 330 жылдығына ақындар айтысуға емес, ас ішуге келгені ме? Әрине, республиканың әр түкпірінен келген ақындар тамақ та ішеді, қонақ үйге де қонады. Бірақ, оған бюджеттің қаржысы жұмсалатын болғандықтан тендер есебі күмән тудырмайтындай болғаны керек қой.

Біздің айтпағымыз осы ғана...

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер