«Шетел қазақтары Қазақстанда қазақилықтың гүлденгенін, қазақ тілінің үстемдігін көргісі келеді»

5851
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде әлемнің әр бұрышында қазақ диаспорасы шоғырланып қоныстанған мекендер көптеп кездеседі. Мюнхенді мекендеген бір топ қазақтың өмірі зерттеу жұмысына арқау болды. Жас зерттеуші оны жалғастыруға ынталы.

Анкарада білім алып жүрген қазақ қызы Еуропадағы қазақтардың өмірі мен тұрмысын зерттеп, магистрлік диссертациясын қорғаған. Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің магистрі Асылай Имағамбетова бұл жұмысын халықаралық қатынастар мамандығы шеңберінде қорғап отыр. Тақырыбы «Диаспорадағы туған жер мен бірегейлікті қабылдау үрдісі: Германиядағы қазақ диаспорасының жағдайы» деп аталады.

Бір жарым жыл бойы тақырыпты зерттеп, 3 ай бойы Мюнхенде тұрып, шетел қазақтармен танысқан Асылай Имағамбетова «Адырнаның» сұрақтарына жауап берді.

- Мюнхендегі қазақтар туралы зерттеу жүргізуге қанша уақыт кетті?
- Бұл жұмысты жазып шығуға менің бір жарым жыл уақытым  кетті. Негізі бір жылға жоспарланған болатын. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты зерттеу жұмыстарым жарты жылға созылды.  Мюнхенге 2022 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін 3 ай болдым. Сол жақта жеке зерттеуші ретінде тұрғындармен кездесіп, сұхбаттасып, қаладағы қазақтар қауымдастығымен жұмыс істедім. Бұл жұмыста ешкімнен грант алмай, сол жақтағы қазақтардың қолдауымен жазып шықтым.
- Неліктен Германиядағы қазақтар? Әсіресе, Мюнхен?
- Мен Қазақстаннан барған қазақтар емес, Шығыс Түркістаннан шыққан қазақтарды зерттегім келді. Олардың өте қайғылы көш тарихы бар. Олар 1930 жылдардан бастап, қазірге дейін коммунистік Қытай режимінің қысымымен өз Отандарынан айырылды. 18 жыл бойы көшуге мәжбүр болған қазақтар мені қатты ойландырды.  Жалпы Түркиядағы қазақтар туралы жазуды ойладым. Бірақ осы тақырып көп көтерілген екен. Еуропадағы қазақтар тақырыбында мардымды зерттеулер аз екен. Осы жетекпен Мюнхенде тұратын қазақтармен кездесіп, түрлі тақырыпта зерттеу жүргізуге тура келді.
- Мюнхен қазақтарының жалпы сипаты қалай?
- Мюнхен қазақтарының тұрмысы жақсы. Себебі, Еуропаның  ең дамыған мемлекеттерінің бірі Германияда тұрып жатыр, индустриялық астанасы деп те айтсақ болады. Мюнхендегі қазақтардың нақты санын дәл дөп басып айту мүмкін емес. Бұл санақ елшілікте де жоқ. Менің жеке зерттеуім бойынша қалада 300-ге жуық қазақ отбасы тұрады.
- Қазақтардың Мюнхенге орналасуы қалай болған?
- Мюнхенде алғашқы қазақ диаспорасы 1960 жылдары құрыла бастады. Ол жаққа бірінші кезекте атап өтетін нәрсе бар. 1953 жылдан 1995 жылға дейін осы қалада Азаттық радиосы жұмыс істеді. Сол радиода ұзақ жыл қызмет атқарған, кейін басшысы болған Хасен Оралтай – танымал тұлға. Екінші жағынан диаспораның құрылуына себеп - Түркиядан Германияға жұмысшы күшінің көшуі болды. Түркиядан барған көштің бір бөлігі сол жаққа 1961 жылы барып орнықты. Қазіргі таңда Германияда үшінші ұрпақ бар. Олар елу жылдан аса уақыт бойы Германияда тұрып жатыр.
- Олар сізді қалай қабылдады?
- Мені қандастарымыз өте жылы, жақсы қарсы алды.  Сол жақтағы қауымдастықтың басшысына өзім әлеуметтік желілер арқылы байланыстым. Сол арқылы мен Мюнхенге шақырту алып, бардым. Маған құжат жағынан өте көп көмек көрсетті.
- Мюнхендегі қазақтар Қазақстан мерекелерін, атаулы датаны тойлайды ма?
- Мен барған кезде Ахмет Юслы деген қарияның қайтыс болуына байланысты қырқы өтіп жатты. Одан бөлек екі бесік тойға бардым. Германиядағы қазақтар бір-бірімен тығыз араласады. Еуропаның басқа елдерінен, Германияның басқа қалаларынан арнайы қонақтар атаулы жиындарға келіп отырады. Өткен жылы Тәуелсіздік күнін атап өттік. Бірақ менің байқағаным мерекелерді тойлау үшін арнайы ұйымдастыратын адам керек.
- Зерттеу барысында Еуропадағы қазақтар туралы қандай ерекше ақпарат ала алдыңыз?
- Еуропадағы қазақтардан байқағаным ұрпақтар арасындағы өзгерістер. Алғаш көшіп барған қазақтарда тіл тазалығы сақталған. Тіпті сіз олардың Түркиядан барғанын да байқамайсыз. Ал екінші ұрпақпен тілдессеңіз, Түркиядағы өмірдің ықпалы білінеді. Ал үшінші ұрпақ таза немісше сөйлейді.  Сонымен қатар, қазақ идентификациясының  ықпалы азайған деуге де болады. Менің байқаған нәрсем, шетелдегі қазақтарды сөз еткенде олар керемет қазақ болып қалды деп мақтауды жақсы көреміз. Ортадағы проблемаларға көзімізді ашып қарау керек секілді. Мұның себебі неде? Еуропадағы өмір салты, сол жақта білім алу, жұмыс тәртібі сынды түрлі факторлар адамға әсер етеді. Қазақстан өзі тәуелсіз мемлекет ретінде өз диаспорасымен тығыз қатынас қалыптастыру керек деп айтқым келеді. Диаспорамен байланыс бізде ақсап тұр. Келешекте Еуропадағы ұрпақтың тілін ұмытып, жоқ болып кету қаупі де бар.
Жақсы жағын да айтып өту керек. 80 жылдай уақыт өтсе де қазақтардың тілді ұмытпауы, Еуропа мәдениетіне жұтылып кетпей, жеті атасын, руын білуі керемет деп айтуға болады.
- Қазақстандағы, Түркиядағы және Германиядағы қазақтардың басты айырмашылықтары?
- Қазақстандағы, Түркиядағы және Германиядағы қазақтардың басты айырмашылығы  - тіл тазалығы.  Қазақстан халқы қазақша және орыс тілдерінде сөйлейді. Түркия және Германиядағы қазақтар орыс тілінен қиналады. Шеттегі қандастарымыз Қазақстандағы қазақтарды орыстілді деп ойлайды. Тіпті Қазақстанға тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарында барғандар халықтың басым бөлігі орысша сөйлейтінін байқаған.
Шетелдегі қазақтар Қазақстанда қазақилықтың гүлденгенін, қазақ тілінің үстемдігін көргісі келеді. Біз олардың атамекені ретінде оларға үлгі болуымыз керек деп ойлаймын.
- Зерттеуден не түйдіңіз?
- Шеттегі қазақтармен араласып, осылай етене жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Түрлі инсайттар алдым. Алдағы уақытта не жасалуы керек әлі де, қазақ диаспорасының болашағы қалай болады сынды бағыттарда өзіме біраз ой түйіп қайттым. Дегенмен бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыру не жалғастырмау әлі белгісіз болып тұр. Себебі Қазақстанда мұндай тақырыптарға қызығып жүрген жастарға қандай қолдаулар бар? Осы мәселе толғандырады.
- Сұхбатыңызға алғыс!

Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер