Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан cыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовты қабылдады. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мемлекет басшысы қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің екіжақты байланыстарды тереңдету ісіне елеулі үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстан өңір халықтарының игілігі мен өсіп-өркендеуіне бағытталған Өзбекстанның бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Екі елдің дамуына тың серпін беретін жаңа бағыттарды қарастыру және екіжақты тауар айналымын арттыру маңызды екені айтылды.
Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін атап өтті. Президент Қазақстанның "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол желісін салуға кіріскенін мәлімдеді. Бұл жолды одан әрі Өзбекстан шекарасына жеткізу көзделіп отыр. Аталған теміржол байланысы екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан тарапының Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту ісіне атсалысуы барлық тарапқа тиімді болады деп санайды.