«Қазақ медиа ассоциациясы» «Адырна» порталына қатысты үндеу жасады

818
Adyrna.kz Telegram

«Қазақ Медиа Ассоциациясы» «Адырна» ұлттық порталы айналасындағы қысым мен қудалау жағдайларына алаңдаушылық білдіреді.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта БАҚ және журналисттерге түрлі дәрежеде қысым жасау, заңды қызметіне кедергі келтіру және әрқилы негізде сотқа тарту, полицияға арыздану өршіп тұр. ҚР Конституциясында баспасөз бостандығына кепілдік берілгенімен сол бостандықты қарсы шабуылдар толастар емес.

«Әрине, әр азаматтың пікірін айтуға, өзін қорғауға және қажет болғанда сотқа жүгінуге құқылы екені рас. Алайда соңғы кездері бәріне БАҚ-ты немесе журналисті кінәлі етіп шығаруға талпынатын істер көбейіп кетті. Қандай да бір дауда БАҚ туралы заңда көрсетілген талаптарды редакциялар сақтағанымен қарсы тараптар оған тоқтамай қалай да БАҚ пен журналисті сотқа сүйреп, өш алу сипатындағы әрекеттерге барып жатқаны медиа қауымдастықты ғана емес, тұтас қоғам мен билікті алаңдатуы тиіс өткір мәселе деп білеміз. Сондықтан да БАҚ пен журналиске жасалатын қысым мен қудалаудың жолын қатаң кесуге және мұндай әр іске құзырлы жауапты органдарды мұқият назар аударуға шақырамыз.

Кезекті қысым «Адырна» ұлттық порталына жасалып отыр. Аталған редакция ісіне қатысты ашық әрі әділ іс-шаралардың жеде қабылданып, олардың жұмысына кедергі келтіріп отырған әрекеттерге тоқтау салынуын талап етеміз!», – делінген үндеуде.

ADYRNA ULLTYQ PORTALY Youtube арнасына 2023 жылы 2 қаңтар күні «Ғалымжан Жақияновқа сеніп едім» деген тақырыпта экс-депутат Төлен Тоқтасыновтан алынған сұхбатты жариялаған.

Кейін Павлодар облысы мен Семей қаласының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов 2023 жылы 17 тамыз күні Алатау аудандық сотына «Адырна» ұлттық порталы мен Төлен Тоқтасыновтың үстінен арыз түсірді. Бүгінде осы сұхбат мәселесі бойынша бірнеше айға созылған сот процессі жалғасуда.

«2023 жылдың 26 -шы ақпаны күні сағат 15:00-де Алматы қаласының Алатау аудандық сотында осы іс бойынша қортынды жарыссөз өтеді.

«Адырна» ұлттық порталының ютуб арнасы және редакциясы Ғалымжан Жақияновтың ар-ожданы мен беделіне нұсқан келтіру, бұрмаланған ақпарат жариялауды мақсат тұтпаған. Сұхбат барысында тек журналист спикерге сұрақ қойды. Ал сұхбат беруші өз пікірімен бөліскен. Ешқандай өзгеріссіз, жалған ақпарат қоспай жарияланды. Және саясаткер Ғалымжан Жақиянов сұхбатқа шақырылып, эфирден орын беруге дайын екенін «Адырна» ұлттық порталы бірнеше мәрте мәлімдеген. Тіпті Төлен Тоқтасыновпен болған алғашқы сұхбат барысында да Жақияновқа студияға келіп, мән-жайды түсіндіру ұсынылған. Бірақ, Жақиянов бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Сонымен қатар, Ғалымжан Жақияновтың Фейсбуктағы барлық мәлімдемелерін «Адырна» ұлттық порталы үзбей жариялап келеді. Яғни, бейтараптық позицияны ұстануда.

Редакция ақпарат тарату тәсілінің дұрыстығына және ешкімнің мүддесіне қайшы әрекет жасамағанына сенімді және аталған істі БАҚ-қа қысым жасау фактісі деп санайды. 2023 жылдың 26 -шы ақпаны күні сағат 15:00-де Алматы қаласының Алатау аудандық сотында (Жанқожа батыр, 26/1) өтетін қортынды жарыс сөзге (дебат форматында) барлық БАҚ өкілдерін және қоғам белсенділерін шақырамыз! Әділдікті, шындықты, сөз бостандығын қолдауға келіңіздер!», – делінген үндеу мәтінінде.

Пікірлер