Қазақстан басшыларының Ресейге не үшін барғаны белгілі болды

1413
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Журналистер Ерлан Жақанұлына «Наурыздың 5-і күні сіз және Үкімет басшысы Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Мәскеуге бардыңыздар. Біздің қоғамда «Шенеуніктер Ресейге неге барғыштай береді? деген алаңдаушылық бар. Ресейге неге премьермен бір уақытта бардыңыз?» деп сұрақ қойды.

«Бұл әдейі ұйымдастырылған нәрсе емес. Бұл үкіметтер арасындағы өздерінің талқылайтын мәселелері бар. Ал менің барған сапарым - көптен жоспарланған ресми сапар. Сапар барысында Ресей думасының басшысы әріптесім Володинмен және федерация кеңесінің төрайымы Матвиенко ханыммен кездесу болды. Көптеген заң шығару жұмысы бойынша, басқа да мемлекет арасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді. Соның ішінде бірнеше мәселені айтып кетуге болады. Ол – біздің жүргізушілеріміздің, жүк тасушыларымыздың Ресей мен Беларусь шекарасында, Қазақстан мен Ресей шекарадағы жүк тасу мәселелері. Сонымен қатар, Ресейде әскери оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттеріміздің мәселелері қарастырылды», – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ журналистер «Дума төрағасы Володинмен кездескен кезде депутаттардың Қазақстанға қарсы пікір білдіргенін ескерттіңіз бе?” деп сұрады.

«Иә, бұл тақырыпта біз де әңгімелестік. Осы тақырып төңірегінде федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен де сұхбаттасқан едік. Алдағы уақытта біз бұл мәселе бойынша өзара жұмыс жасайтын болып келістік», – деді ол.

Белгілі болғанындай 22 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ресейге барған. Президент сонда бірнеше президентпен бірге  «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысқан.

 

Назерке Сандыбекқызы

 

 

 

Пікірлер